Астанада бөлім басшысы 414 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз аударған
2019 ж. 22 ақпан
2148
1
Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы басқарма басшысының ЭЦҚ-сын пайдаланып, мердігер мекеменің шотына 414 млн теңгені заңсыз аударған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді, - деп хабарлайды baq.kz.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының елордалық департаментімен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол басқарма басшысының келісімінсіз оның электрондық сандық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалану арқылы тұрғын алаптарының сыртқы инженерлік желлілер құрылысы үшін мердігер мекеменің шотына 414 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын заңсыз аударғаны үшін күдікті деп танылауда», - деді Жанна Бастарова.
Агенттіктің ресми өкілі департаменттің өтінішхаты негізінде сотпен аталған ақша қаражатына тыйым салынғанын айтты.
«Сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң «Астана банкі» АҚ тарату комиссиясына аталған 414 млн теңге ақша қаражатын басқарманың шотына қайтару жөнінде хат жолдау жоспарланып отыр. Тергеу жалғасуда», - деді ол.
Бұған дейін Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлағанбыз.