Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы кемшіліктерді атады.
Нұртай Сабильянов: Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында жүйелі жұмыс жоқ
2018 ж. 29 қазан
2248
0
«Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мақсаты - қызмет саласының кең спектріндегі қоғамдық маңызы бар жобаларды, мәселен, экономиканың стратегиялық маңызды салаларын дамытудан бастап қоғамдық қызмет көрсетуді ұсынуға дейінгі мәселелерді іске асыру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы жылғы қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жеке инвестицияларды ынталандыру қажеттілігін атап өтті. Өйткені бизнес жаңа жұмыс орындарын ашады және қазақстандықтардың көпшілігін табыспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін бюджет шығындарын «жеңілдету үшін» де белсендірек қолдану қажет», - деді Сабильянов.
Депутат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы кемшіліктерді атады. Оның айтуынша, біріншіден, экономиканың барлық саласы мен қызмет аясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларымен жеткілікті қамтылмаған. «Қазақстан 2050» Стратегиясын, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң қабылданды. Заңда қолданудың барлық салалары бойынша шектеулерді алу, қатысушылардың құрамын кеңейту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің конкурстық рәсімін жеңілдету және тағы басқалар көзделген.
«Бүгінгі күні экономиканың әртүрлі секторында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 1 000 аса жобасы бекітілген, 443 шарт жасалған, оның 66 пайызы білім беру, 16 пайызы денсаулық сақтау, 8 пайызы мәдениет және спорт салаларына, 9 пайызы қалған қызмет салаларына тиесілі. Сумен жабдықтау және кәріздендіру, энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, қауіпсіздік, байланыс, ауыл шаруашылығы,туризм, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сала, мәдениет салалары іс жүзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларымен қамтылмаған. Мәселен, әлеуметтік салада бар болғаны 4 жоба, ауыл шаруашылығында – 7 жоба ғана іске асырылуда», - деді Нұртай Сабильянов.
Мәжілісменнің айтуынша, сонымен қатар үш жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымын салу кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бірде-бір жобасы іске асырылмаған. Ол үшін Парламентте «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң қабылданып, онда құқықтық тетік қаланған еді. Бірақ көптеген арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы әлі салынбаған. Сөйтіп, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң қабылданып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті құру мүмкіндіктері кеңейгеннен кейін де жағдай өзгерген жоқ.
«Осыған байланысты уәкілетті органға, оның ішінде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамына мынадай сұрақтар туындап отыр: мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті алға жылжыту бойынша жүйелі жұмыс жоқ; салалық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар арасындағы жұмыстар үйлестірілмеген; салаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларымен қамтуды арттыруда мүдделілік жоқ; жұмыс істеп тұрған және жоспарланған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тиімділігіне талдау жүргізілмейді; салалар, сондай-ақ өңірлер мен жалпы республика бойынша проблемалар және қажеттіліктер ескерілмейді, неге?», - деп сұрады Мәжіліс депутаты.
Нұртай Сабильянов тағы бірқатар кемшілікті атады, олар: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының инвестициялық тартымдылығының төмендігі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын тиімсіз іске асырылуы, салалық нормативтік құқықтық актілердің жетілдірілмеуі және тағы басқа.
«Сөз соңында айтарым, жүйелі мемлекеттік шаралар белгілі бір тиімділігін берері сөзсіз. Бірақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасауда әлі де болса көптеген жұмыстар атқару керек. Бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажет. Мемлекет басшысы тапсырғандай, оңтайландыру кезінде босаған бюджет қаражатын бірінші кезекте халық үшін нақты пайда келтіретін жобаларға жұмсау керек», - деп түйіндеді депутат.