Зейнетақы жинақтарының 32 пайызы шетел мемлекеттерінің валюталарына салынды
2018 ж. 18 қыркүйек
2532
1
Бүгін Сенат депутаттарымен болған кездесуде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева зейнетақы активтері портфелінің құрылымы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша портфельдің негізгі үлесі Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына (46,7 пайыз) орналастырылды. 19 пайызы қазақстандық екінші деңгейлі банктердің құнды қағаздарына инвестицияланды. Валюталық құрылым тұрғысында портфельдің 68 пайызы теңгелік тетіктерге, 32 пайызы шетел мемлекеттерінің валюталарына салынды», - деді Наурызбаева.
Оның сөзіне қарағанда, БЖЗҚ зейнетақы активтеріне есептелген инвестициялық кіріс биылғы бірінші жартыжылдықта 378 183 млн теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 70 пайызға артық.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда зейнетақы жинақтары бойынша ерлердің үлесі басым. Сонымен қатар, Н. Наурызбаева биылғы шілденің басында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 8,4 трлн теңгеге жеткенін айтты.