Тимур Сүлейменов: Дәулетті тұрғындарға арналған арнайы салық олардың табысынан емес, мүлкінің құнынан алынуы керек
2018 ж. 19 маусым
2944
0
Дәулетті тұрғындарға арналған салық олардың табысынан емес, мүлкінің құнынан алынуы керек. Ұлттық экономика министрі сондай пайымда. Себебі, жылжымайтын мүлікті бақылау жеңілірек екен. Ведомство басшысы ауқаттыларға арналған салықтың нақты қашан енгізілерін ашып айтпаса да, биыл бұл бағытта не істелінетінін білдірді. Бұл туралы ">Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Біраз уақыттан бері еліміздегі бай-бағландарға ерекше салық тәртібін енгізу керектігі жөнінде қызу талқы жүруде. Оған қатысты биліктегілер де шешім қабылдауға асығар емес. Биыл бұл тұрғыда еш өзгеріс болмайтынын ұлттық экономика министрі жеткізді. Асықпай жүріп, анық басу керек деген ведомство басшысы ондай тәртіп енгізілген жағдайда табысқа емес, мүлікке баса мән беру керек деген позицияны ұстанатынын білдірді.
«Меніңше салықтың бұл түрі жалақыға емес, қолда бар мүлікке салынуы тиіс. Оларды әкімшілендіру жеңіл қазір. Қалай дегенімен, бұл мәселе мұқият талдауды қажет етеді. Әзірге біз халықаралық тәжірибелерді зерттеп жатырмыз» - дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Ашық дереккөздерді ақтарып, халықаралық тәжірибені өзіміз де зерделеп көрдік. Пайдасы да, зияны да бар екен. Бір жағынан қазына толығады. Екінші жағынан іште айналуы тиіс қаржы сыртқа ағылатын көрінеді.
1. Дәулетті адамдарға ерекше салық тәртібін енгізуді ең алғаш 1915 жылы Ұлыбритания қолға алған. Қазір құны 1 миллион фунттан асатын жылжымайтын мүлік үшін 5 пайыз салық қарастырылған. Жақында оны 7 пайызға дейін өсіру жоспарлануда.
2. Онсыз да салығы ең жоғары саналатын Францияда табысы 1 млн евродан асатын кәсіпорындар үшін 75 пайыздық алым белгіленеді. Оған әсіресе, футбол клубтары қарсы шыққан. Наразылық шараларын ұйымдастырса да, екі жыл бойы салық төлеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде 2014-2015 жылдары 420 миллион евро жиналды.
3. Ал миллионерлері ай санап көбейіп келе жатқан көрші Қытай елінде тек бір 2011 жылы қымбат мүлкі бар азаматтардан жиналған салық ел бюджеті шығынының 78 пайызын толтырған. Алайда, бұл әрекет, Қытай миллиардерлерін саудасын сыртта жасауға итермелеген. Енді тұтынушыны қайта елге көшіру үшін қымбат мүлікке салынатын салық көлемі қайта қаралатын түрі бар. Бұл сұрақ төңірегінде біраз уақыт бұрын сауалнама жүргізілген болатын. Көпшілік қалталылардың қазынаға берер қаржысы көбірек болуы керектігін қолдаған еді. Пікір қаншалықты өзгергенін көшеге шығып, өзіміз сұрастырдық. Өзгеріпті. «Әркімнің өзінің мөлшеріне байланысты ғой. Мүлкінің өзінің мөлшеріне байланысты. Ал енді кедейлерде немене бар, өздерінің пенсиясыменен жалақысы жай ғана күн көріп жатқан былайғы жұрт та бар. Екеуін салыстыруға болмайды ғой. Байлардыкі артықша болған дұрыс қой». «Бәрі бір маған. Өйткені ол средний кісі болса, сосын ол жұмыс істеп, жұмыс істеп, бай болып кетеді. И что, ол төлеуі керек пе? Ол өз еңбегімен тапты ғой. Так что бірдей болуы керек деп ойлаймын».
«Меніңше, тең. Неліктен? Өйткені барлық адам бірдей, бай болсын, кедей болсын. Адамның өзіне байланысты. Баюы да, кедеюі де».
Нақты белгілісі, келесі жылдан бастап табысы 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен, яғни еңбекақысы аз азаматтар үшін салық жүктемесі бірден 10 есе қысқарады.
26 млрд доллар еліміздегі 50 ең дәулетті адамның қолында екенін ескерсек, қымбат мүлік салығын төлейтіндердің алдыңғы қатарында да солар болуы керек. Халықаралық тәжірибемен танысып жатқан экономика министрлігі алымның көлемі қандай болатынын ашып айтпады. Дәулеті тұрақты өсіп жатқандар үшін ол салық қатты әсер ете қоюы екіталай шығар.