Азат Перуашев: Кәсіпкерлерге субсидиарлық жауаптылықты қолдану нарықтық экономика негіздеріне қайшы
2018 ж. 17 мамыр
2431
0
Адал ниетті кәсіпкерлерге субсидиарлық жауаптылықты қолдану нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарына қайшы келеді – бұл туралы Азат Перуашев бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді. «Ақ жол» ҚДП фракциясы жолдаған депутаттық сауалдың мәтіні төменде келтірілді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә. Сағынтаевқа
ҚР Бас прокуроры
Қ.П. Қожамжаровқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Қайрат Пернешұлы!
Ағымдағы жылғы 11 мамырда бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында («Tengrinеws.kz» ақпараттық порталында, «Деловой Казахстан» газетінде, «Хабар-24» телеарнасында және т.б.) «Қандай жағдайда менеджерлер мен бухгалтерлер өз дүние мүліктерінің құнымен «есеп айырысуы» мүмкін» («В каких случаях менеджеры и бухгалтеры могут «поплатиться» своим имуществом») деген атаумен Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің лауазымды тұлғалары мен құрылтайшыларының субсидиарлық жауаптылығына қатысты бөлігінде «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның талаптарын қолдану жөніндегі түсініктемелері жарияланған.
Атап айтқанда, дәйексөзден мысал келтірейін: «Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 5 миллион теңге берешегі болса, онда лауазымды тұлға және құрылтайшы бес миллион теңге жалпы сомасын өтеуге тартылатын болады, және де бес миллион теңге көлеміндегі негізгі қарыз мөлшері өтелмей барлығынан өндіріп алу жалғаса беретін болады» - дәйексөз аяқталды.
Алайда, мұндай шара кәсіпкерлердің өздері заң бұзған жағдайда ғана (мысалы, әдейі банкротқа ұшырату немесе банкроттық рәсімді бұзу сияқты) қолданылуы мүмкін деген ескертпе әрі қарай бірінші пайымдауға тікелей байланыссыз түрде келтіріледі.
Бұл субсидиарлық жауаптылық нормасы жалпыға бірдей және міндетті сипаттамаға ие деп пайымдауға мүмкіндік береді. Сол себепті де заңның мұндай кеңейте
түсіндірілуіне абыржыған кәсіпкерлердің тарапынан «Ақ жол» партиясының атына өтініштер келіп түсуде.
Еске сала кетейік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретіндегі (ЖШС) компаниялар сияқты кәсіпорындардың мұндай түрі буржуазиялық және индустриалдық революциялардың нәтижесінде пайда болған. Ол 1807 жылы Наполеонның кодексінде және Францияның ілеспелі Сауда кодексінің 33-бабында (Code de Commerce) алғаш рет бекітілген болатын. Онда «Қатысушылар қоғамға қосқан өз салымдарының мөлшерінен жоғары шығынды өтемейді» деп қарастырылған.
1811 жылы дәл осындай норма Нью-Йорк штатының «Өндірістік мақсаттарға бірігу туралы акт» - «Act Relative to Incorporations for Manufacturing Purposes» заңымен бекітілген.
Ең айрықша танымал болғаны – 1855 жылғы шыққан Англияның Шектеулі жауапкершілік туралы (Limited Liability Act) заңы болып табылады. Ол әлемдік бизнес тәжірибесінде шектеулі жауапкершілік қағидатын кеңінен қолдануға негіз болып саналады, соның арқасында миллиондаған адам шағын болса да өз бизнесін иеленді. Ал, нарықтық үдерістер болса қоғамның ең ауқымды және бұқаралық тобына енді.
Аталмыш норманың мәнісі сол – әртүрлі құрылтайшылардың азғантай қаражатын жинақтауға және оны экономикаға инвестициялауға мүмкіндік береді, сонымен қатар кәсіпкерлік тәуекелдерден олардың өздерін қорғауға да мүмкіндік жасайды.
Бұрынғы кезде қазақстандық ЖШС-ның типтік жарғыларында да кәсіпорын құрылтайшылардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал құрылтайшылар кәсіпорындардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді деген ұғымның әрдайым берілгені кездейсоқтық емес.
Алайда, 2008 жылдан бастап сол ұғым байқатпай, білдірместен жоғалып кетті, қандай мақсатта екені енді белгілі болғандай.
Бірақ мәселенің мәнісі – бизнестің әрқашан тәуекелмен байланысты екендігінде. Компаниялардың арам пиғыл-ниеттерінің кесірінен күйреуі жиі кездеседі, ал объективті себептер бойынша – экономикалық дағдарыстардың салдарынан сұраныстың төмендеуі және несиелердің жоғары құны. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, тіпті гүлденген Еуропада да жаңадан құрылған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жартысынан көбі алғашқы 5 жылда-ақ жабылады екен.
Және де егер азғантай капиталы бар адамдарды кәсіпорынның қарызынан қорғаудан бас тартатын болсақ – онда көпшілігі ақшаларын жастық астында немесе көлеңкелі айналымда ұстауды жөн санайтын болады. Себебі ЖШС-ның борышын өндіріп алу үшін оның тек ақшасын ғана алып қоймай, жеке мүлігін де тартып алатын болса, әрине, ресми түрде іске қаржысын салып, өз туған балаларының болашағына қауіп төнгенін қаламайды.
Оның үстіне, құрылтайшылар көп жағдайда әріптестерінің біріне немесе жалданған директордың басқаруына жиі сенім артады. Ал қазіргі кезде жалдамалы директордың қателіктері үшін біздің айбынды салық мамандары құрылтайшының отбасын баспанасыз қалдырып, оларды далаға шығарып тастай алады екен. Мұндай бизнес және осындай тәуекелдіктер кімге қажет?
Мұндай тәсіл шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеп, дамуына балта шабады және бизнеспен айналысуда тек олигархтарға айрықша пұрсат береді. Бұл дегеніміз, тіпті XIX ғасырға да емес, феодалдық қарым-қатынастар дәуіріне қайтып оралғандай әсер береді.
Иә, шенеуніктер сілтеме жасайтын «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 6-бабында шын мәнінде субсидиарлық жауаптылық қағидасы қарастырылған. Бұл қағида 2012 жылы заңның үкіметтік редакциялануымен енгізілген болатын.
Сонымен қатар, ҚР-ның «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының 2 бабына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты зияндарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Бұл ережеден ерекше жағдайлар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және осы Заңда көзделуі мүмкін. Көріп тұрғанымыздай, «Оңалту және банкроттық » туралы заң бұл тізімде жоқ.
Дәл осындай тәсіл нарықтық экономикасы бар іс жүзінде барлық елдердің заңнамасында: Германияның «Gmbh-Gesetz» заңы, Қытайдың «Қытай компаниялары туралы» заңы, АҚШ, Канада, Ирландия, Ресей, Белоруссия елдерінің және т.б. заңдарында орын алады. Тіпті мұны кәсіпорынның осы бір формасының «жауапкершілігі шектеулі компаниялар» деген атауының өзі айтып тұр.
Алайда, тек Қазақстанда ғана салық органдарының ғана нарық заңдары мен құқықтық формаға қайшы келетініне қарамастан, оған субсидиарлық жауаптылықты «жапсырып» қоюға ойлары жеткен. Олар мұнымен, өздеріңізге белгілі, тура сол ЖШС үлгісінде жұмыс істейтін еліміздегі коммерциялық заңды тұлғалардың басым көпшілігіне қауіп төндіріп отыр. Әріден соң, жоғарыда аталған жарияланымдарға қарағанда, бүгінгі күні мемлекеттік кіріс органдары өз қалауы бойынша субсидиарлық жауаптылықты әлдеқашан қолдануды бастап кеткен. Бұл түпнұсқалық «өнертабыс» біздің салықтық саясатымызға көріксіз, артта қалған, жетілмеген рең беріп, кәсіпкерліктің сыр-сипаты мен табиғатын түсінуде елеулі кемшіліктердің бар екенін айқын көрсетеді.
Сөзсіз, кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысандарына қатысты бөлігінде субсидиарлық жауаптылық толыққанды жауапкершілікпен жұмыс істей алады және тиісті де.
Бірақ, менеджерлер, оның үстіне – ЖШС құрылтайшылары, - кәсіпорынды банкротқа қасақана ұшыратқан деген жеке тағылған кінәсі дәлелденген және жалған банкроттыққа немесе банкроттыққа тосқауыл қоюға әдейі кедергі болғаны анықталған жағдайда ғана жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Және бұл кінәмен айыптауға өз қалауы бойынша әрекет ететін салық органдарының емес, Соттың ғана хақы бар. Үкімет дәл осындай аргументтерін алға тартып көрсеткендіктен ғана депутаттар 2012 жылы осы норманы енгізу туралы келісім берген еді.
Басқа барлық жағдайларда, сол сияқты банкроттық жағдайларды қоса алғанда, субсидиарлық жауаптылық принципі ЖШС-ға қатысты қолданылмауы қажет – бұл түсініктеме ЖШС-дағы субсидиарлық жауаптылық туралы кез-келген пайымдаулардың алдын-алуы тиіс.
Әйтпесе, ел Президентінің бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50% -ға дейін жеткізу, халықтың еркін айналымдағы қаражатын экономикалық айналымға тарту жөніндегі нақты берілген тапсырмалары ешқашан орындалмайды.
Дегенмен, біз көріп отырғанымыздай, атқарушылардың бұл мәселені ұғынуы нарық экономикасының негізгі қағидаларына қарама-қайшы келіп, тіпті күрт ерекшеленеді.
Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы:
1) Туындаған құқықтық қайшылықты, яғни заңдар қайшылығын зерделеуді сұрайды: Қалайша «Оңалту және банкроттық туралы» Заң Азаматтық кодекс пен «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» бейінді заңнан жоғары, үстем тұр?
2) Кәсіпкерлік қызметтің жағдайын жақсарту шеңберінде, банкроттық туралы заңдарды осы заңдарға және нарықтық экономиканың мүдделеріне сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдауды;
3) Салық органдарының қызметкерлері арасында банкроттық туралы заңның қолданыстағы нормаларын түсіндіруді және оның кеңінен талқыға түсуін болдырмай, жұмысын адал атқарып жүрген кәсіпкерлерге субсидиарлық жауаптылықты қолдануға жол бермеуін; Мұндай фактілер анықталған жағдайда – кәсіпкерлердің ізіне түсуді доғарып, кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды сұрайды.
4) Мемлекеттiк кіріс органдарының бизнес қауымдастығына қажеттi түсiніктеме беруін және кәсіпкерлік қызметтің пайда болған қосымша тәуекелдеріне қатысты туындаған қорқыныш-үрейді жою туралы нұсқаулар беруін сұрайды.
5) ЖШС-ның типтік жарғысына кәсіпорынның міндеттемелері бойынша құрылтайшылардың жауаптылығы болмайтыны туралы тұжырымдалған ойды қайтаруын сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары