"Көкжайлау" тау-шаңғы курорты - отандық туризмді дамытудағы жаңа қадам
2018 ж. 22 ақпан
4816
2
Алматының "Көкжайлау" шатқалындағы тау-шаңғы курортының құрылысы бүгінде қала тұрғындары тарапынан кең талқыланып жатқан тақырып. Әсіресе, "Шымбұлақ" секілді демалыс орындарының адам қабылдау деңгейі шегіне жеткен шақта, оңтүстік астанада отандық туризмді дамыту мақсатында курорт салу мәселесі өте өзекті.
Алматы қаласының жан-жақты дамуын ұдайы назарда ұстайтын "Қазақ үні" ұлттық порталы осы өзекті тақырып туралы талдап жазуды жөн көрді.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қала халқына есеп беру кездесуі барысында Көкжайлаудағы тау-шаңғы курорты құрылысына қатысты өз пікірін білдірген еді.
Қала басшысының айтуынша, курорттың тәуелсіз сараптамасын әлемнің 11 елінде 50 осындай жобаны жүзеге асырған австриялық компания жүргізбек. - Бұл аталмыш жобаның халықаралық стандарттарға сай екенін айқындауға көмектеседі, - дейді Алматы әкімі.
[caption id="attachment_81791" align="alignright" width="365"] Наиль Нуров[/caption]"Көкжайлау" тау-шаңғы курорты жобасының жетекшісі Наиль Нуров жуырда отандық БАҚқа берген сұхбатында жобаның ерекшелігі мен пайдасы туралы ауқымды мағлұматтармен бөлісті.
Оның айтуынша, аталмыш демалыс орнының салынуы қала экологиясына кесірін еш тигізбейді.
- Алматы қаласының туристік инфрақұрылымын дамыту алдымызда тұрған ең маңызды мақсат деп білемін. Мысалы, Алматына қаласына туристер екі күнге келмейді, одан көп уақыт жатады. Олардың сахаты Медеу мен Шымбұлақты көрумен аяқталып қалады. Соңғы жылдары ештеңе өзгермеген. Бізге бәрі туризмді дамыту керек деп айтады. Бұны Бостонның консалтингтік компаниясы растады. Олардың зерттеуіне сүйенсек, туризм саласы Алматы экономикасын дамытудың басым бағыты болып табылады. Бұл туралы McKinsey және өзге де беделді халықаралық сарапшылық құрылымдар мәлімдеп отыр, - дейді Нуров.
Аталмыш демалыс орталығының тағы бір ерекшелігі, оның аумағында, небары 4000 шаршы метр. Демек, туристер, қала тұрғындары тауда демалыс уақытын өткізгеннен кейін, 20-30 минутта қайтадан қалаға жете алады. "Көкжайлауда" ешқандай қонақ үй, ресторан, дүкендер, тіпті, виллалар мен жеке үйлер салынбайды.
- Біз туризмді дамыту керек деп пікірталасқа түсіп жатқан кезде, біздің көршіміз Қырғызстан шекаралас аймақтарда 18 тау-шаңғы курортын салып үлгерді!!! Мысалы, аумағы кішкентай мемлекеттер, Андора, Австрия, Швейцария секілді, тау-шаңғы курорттарын салу экономиканың маңызды бағыты деп есептейді. Австрияның өзінде 6 миллион ғана адам тұрады және 400 тау-шаңғы курорты бар. Қазақстан болса әлемде жер көлемі жағынан 9-шы орында орналасқан, солай бола тұра, небары 2-ші курортты салу мәселесін әлі қарастырып жүр, - дейді жоба жетекшісі.
Қалай болғанда да, "Көкжайлау" тау-шаңғы курорты отандық туризмді дамытудағы жаңа қадам екені сөзсіз. Бұл ел экономикасына ғана емес, біздің салауатты ұлт болуымызға да үлкен септігін тигізеді.
Қазақ үні