Кедей халыққа кредит беріп, «қылқындырып» жатқан кім?
2018 ж. 21 ақпан
8933
4
Қазақстандықтар қаржы жағынан тым сауатсыз. Содан ғой, неше түрлі алаяқ ұйымдар шыққан. Қызметін ешкім реттемейтін, бақыламайтын түрлі шағын несиелік ұйымдар қаптап кетті. Олар онсыз да ақшадан тарығып жүрген қарапайым халықты алдап, одан сайын қарызға батыруда, - деп жазды kaz.365info.kz.
Семейде кезекті қаржы пирамидасының арбауына түскендер өз ақшасын қайтаруды талап етуде. Өзін шағын несиелік ұйым ретінде таныстырған компания алаяқтықтың ерекше жолын таңдапты:
«Егер сіз алған несиеңіздің 40 процентін бірден құйсаңыз, біз сіздің несиеңізді толық төлеп береміз».
Осындай алдамшы ұсынысқа ондаған адам сеніп қалыпты. Аферистер олардың ақшасын қабылдап, алғашқы төлемді жасап, одан кейін қалған ақшамен ізін суытқан.
Алаяқтық — кедейліктің салдары
2016 жылы Алматыда дәл осындай әдіспен «ФинСтатус» деген ұйым жұмыс істеген. Ол ұйым пирамида қатысушыларын қосымша бонустар береміз деп алдап, достары мен таныстарын ертіп келуге мәжбүрлеген. Алайда полиция алаяқтардың ордасын дер кезінде жауып, ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартты. Ал Семейдің құқық қорғаушылар мұндай қырағылық таныта алмады.
Соған қарамастан, Қазақстанда осындай компаниялар, шағын несиелік ұйымдар мен ломбардтар оқтын-оқтын бой көрсетіп қояды.
Қазір кей компаниялар халыққа тіпті биткоинмен жұмыс істеп, пайда табуды ұсынады,
олар криптовалютамен жұмыс істеуді үйретеміз деген кепілдік береді.
Алайда аз да болса қаржылық сауаты бар адамдар мұндай алыпсатарлық жолмен жағдайын көтере алмайтынын жақсы түсінеді.
Бүгінгі нарықтағы осындай келеңсіздіктер баяғы 90-жылдарды еске түсіреді.
Белгілі экономист Петр Своиктің пікіріне құлақ ассақ, мұның бәрі қаржылық дағдарыстың салдары мен халықтың жүдеуінің кесірі.
Елдің көз-жасына қарамай…
— Халықтың шынайы табысы өсіп жатқан жоқ. Керісінше, төмендеп, азайып барады. Бұл өзі соңғы бірнеше жылдан бері орын алып отырғанүрдіс. Қаржыдан тарығып, жоқшылыққа ұрынған халық табыс табу үшін түрлі күмәнді ұйымдардың «қармағына» ілінуде. Ұлттық банк пен қадағалау органдары бұл жағдай өздеріне мүлдем қатысты емес деген кейіп танытуда.
Егер шынайы нарық тұрғысынан алсақ, бұл да қалыпты дүние сыңайлы,
адамдардың қаржылай тығырыққа тірелгенін көргендер түрлі алаяқтық ұйымдар құрып, елді алдап-арбап, пайда таба бастайды.
Ал Конституцияға қарасақ, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, сондықтан Ұлттық банк пен үкімет орын алып отырған жағдайға сырттай ғана көз тастап, бей-жай қарамауы керек, — дейді Своик.
Кім кінәлі?
Эконоикадағы жағдай нашарлағанда, нарықта түрлі квазиқаржылық ұйымдар пайда бола бастайды, дейді экономист Мағбат Спанов.
— Бізді мұндай ұйымдардың жұмысын реттеп, жөнге салатын нақты тәртіп пен заңнамалық база жоқ. Олар, яғни, күмәнді қаржылық ұйымдар осыны ұтымды пайдаланып, халықтың қалтасын қағып, пайдаға кенелуде.
Мәселен, егер банктер белгілі бір ережелерге сәйкес қызмет етсе,
мұндай ұйымдар өздерінің арамза жоспарын жүзеге асырып, нарықты қыздыра түсуде.
Ал олардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты қаптап кетуі еліміздегі макроэкономикалық жағдайдың мүшкіл екенін айғақтайды. Ал мемлекет мұны мойындағысы келмейді, — дейді сарапшы.
Спановтың пікіріне салсақ, шағын несиелік ұйымдардың халықты «қылқындырып» жатқанына премьер-министр және Ұлттық банк төрағасы жауап беруі керек.
Билікке жақын адамның ісі ме?
— Қазақстанда бір сорақы жағдай қалыптасқан: ат төбеліндей ғана шіріген байлар тобы мен күннен күнге кедейленіп жатқан қалың халық бар. Елде жоғары білімді азаматтардың үлесі өсіп келе жатқанына қарамастан, олардың басым көпшілігі — қаржылық сауаты төмен жандар. Менің ойымша, бұған Болон жүйесі кінәлі: оған көшу жоғары білімге қойылатын талаптарды төмендетіп жіберді, — дейді экономист.
Спановтың сөзінше,
осындай жекелеген қаржылай шағын несиелік ұйымдарды құрудың артында билікке жақын, ықпалды адамдар тұруы бек мүмкін
— Біздің монополияға ұрынған жүйемізде мұндай ұйымдар, адамдар тектен тек пайда болмайды. Сондықтан көп ретте, заң бұзылған жағдайда құқық қорғау жүйесі мемлекет мүддесін қорғамай, сондай ұйым иелерінің ығына жығылып жатады, — дейді ол.
Осы орайда Мағбат Спанов
егер мемлекет «шағын несие» дүмпуінің алдын алмаса, біраз бұрын елді біраз әбігерге түсірген «ипотекалық» дағдарыс сценарийі қайталануы мүмкін екенін ескертеді.
Сол кезде талай адам арам пиғылды үлескерлердің құрбанына айналған еді. Нәтижесінде, мемлекет оларға мемлекет бюджеті есебінен оларға өтемақы төлеуге мәжбүр болды.