«Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана алу үшін жалақыңыз қанша болуы керек?
2017 ж. 17 қараша
4188
10
Қазақстандық отбасылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға ие болуы үшін қанша айлық табысы болуы керектігі жөнінде ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтып берді,- деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі kazpress-ке сілтеме беріп жазады.
«Бағдарлама сәтті басталып кеткендігі белгілі. Қазірдің өзінде тұрғын-үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы салымшылар саны миллион адамды құрайды. Өткен жылы олардың саны 250 мыңға төмен болатын. Бұл жолы біз баспана бағасын мемлекеттік бағдарлама бойынша есептедік. Аймақтарда бір шаршы метр 140 мың теңге болса, Алматы, Астана, Атырау мен Ақтау қалаларында – 180 мың теңге. Мысалы, 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер аймақтарда 7 миллион теңгені құраса, қалған төрт қалада 9 миллион боларын есептеуге болады»,-деді Мархабат Жайымбетов.
Оның сөзінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алуға ниетті отбасы 150-200 мың айлық табысы болуы керек.
«Егер ай сайын 50-70 мың теңге төлеп отыратын болса, бұл айына 150-200 мың табысы бар отбасыларға лайықты болады. 7-10 жыл ішінде алған пәтердің құнын толықтай өтеуге болады»,-деді ол.