Италияда үйлердің бағасы - 1 ЕУРО
2017 ж. 01 қараша
2875
1
Еуропа тұрғындарын Италиядағы ауылды елді мекендер қызықтырып отыр. Немістер, француздар мен ағылшындар тау етегі немесе көгілдір көлдер жағасындағы үйлерді сатып алып жүр. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Үлкен шаһарлардан алыс жатқан Италияның елді мекендеріндегі үйлерге сұраныс орта шамамен 25%-ға өскен. Әдетте қала қапырығынан қашқан еуропалықтар осында жыл сайын демалып тұратын жайлы орын іздейді. Ауылға біржола көшкендер де аз емес.
Карло Джордано, жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры:
- Соңғы жылдары осы нарықта тоқырау байқалып, сатылымдар саны 56%-ға кеміген. Үйлерге сұраныс төмендегенде, бағалары да түсіп, әлі де арзан болып тұр. Сондықтан қазір сатып алушылар үшін өте қолайлы кез.
Алайда шетелдіктердің талғамына сай келу де оңай емес. Италияда соңғы екі жылда бірде-бір үйі сатылмаған 2 мыңға жуық коммуна мен айналасындағы көптеген ауылдар бар. Жоталарда орналасқан осы елді мекендерден қалаларға баратын күре жолдар жоқ. Табиғаты керемет болғанымен, мұндағы халық саны жылдан-жылға азайып келеді. Осы қалашықтардың басшылары жаңа тұрғындарды тарту үшін жомарттыққа дайын. Теңіз жағасына 15 минутта жетуге болатын ауданы 140 шаршы метр үй небары 1 еуро тұрады. Қаңырап қалудан сақтап қалу үшін кейбір коммуналар осындай баға ұсынған.
Антонелло Кубаиу, Нульви мэрі:
- Иә, шын. Қазірде осындай бағамен алты пәтеріміз бар. Төртеуі жаңа иесін тапқан. Біріншісін Швейцария азаматшасы, ал соңғысын Словения тұрғыны сатып алды. Қаламыздың босап қалғанын көргенде жүрегім ауырады. Осыдан 30-40 жыл бұрын қараусыз қалған үйлеріміз бар. Егде жастағылар қайтыс болғаннан кейін, балалары мен немерелері үйлеріне қарағысы келмейді. Біз мұрагерлерімен сөйлесіп, осында тұрғысы келетін адамдарға беруге көндірдік.
Жаңа иелерге қойылатын басты шарт үйлерін қалпына келтіру. Әдетте бұл ұзақ уақыт ешкім тұрмаған ескі үйлер. Жөндеуіне біраз қаржы жұмсау қажет. Кейде келісімді рәсімдеу үшін де ақша кетеді. Бірақ осыған қарамастан, Нульви мэриясына әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған хат келеді. Осы саясатқа Сардиниядағы Оллолаи, Сицилиядағы Салеми, Пьемонттағы Каррега-Лигуре мен өзге де қалашықтар қосылып, ондаған үйлер бір еуроға сатылған.