Миллиардтаған субсидия алып жатқан «Ақмола-Феникстің» өнімі неге қымбат?
2017 ж. 17 қазан
2264
1
Елімізде ауылшаруашылық өндірісін мемлекеттік қолдау мақсатында бюджеттен жүздеген миллиард теңге қаржы бөлінеді.
Оның ішінде құс шаруашылығына бөлінетін қаржы көлемі де қомақты, ол қаржыны беруге арналған бағдарламалар да сан түрлі. Бүкіл Қазақстан бойынша 55 құс фермасы жұмыс істейді десек, тек 2015 жылы мемлекеттен құс етін өндіруге 6,9 млрд. теңге, жұмыртқаға 7,2 млрд. теңге, құс тұқымын асылдандыруға 123,3 млн. теңге бөлініпті.
Бұл туралы Қамшы порталы хабарлады.Бұрын ҚР Ауылшаруашылық министрі болған Асылжан Мамытбековтың сөзіне сенсек, 2015 жылы Ұлттық қордан бөлінген 20 млрд. теңгенің 5,6 млрд. теңгесі құс шаруашылығына жұмсалған.
Ендігі мәселе, сол қомақты қаржы кімдердің қалтасына түсіп жатыр?
Біз бүгін арыға бармай-ақ Астананың іргесіндегі «Ақмола - Феникс» АҚ құс фермасының бірнеше жыл бойы алған субсидиялары мен несиелері туралы әңгіме қозғайық.
«Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы «Агроинтерптица», «К. Маркс атындағы құс фабрикасы», «Capital Project Ltd», «Авангард» және «Батя» жауапкершілігі серіктестіктерімен бірге Максим Владимирович Божконың иелігіндегі «Шаңырақ басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрамына кіреді.
Сонымен, әңгімені әріден бастасақ, біраз жыл Есіл ауыл шаруашылық басқармасын басқарған Иван Шарф деген азамат болған. Ол бір кездері «Акмолинский» (қазіргі Ақмол) совхозын басқарып, 1975 жылдан бастап Целиноград құс өсіру жөніндегі өндірістік бірлестікті (Целиноградский производственное объединения по птицеводству) бас директоры болды. Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан дербес мемлекет болған соң ол бірлестік 1996 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамына айналды. Нақты құжаттағы ақпаратқа жүгінсек, 1999 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының акционерлері 93 адам болған, оның ішінде Иван Шарф 34.2%, одан кейінгі үлкен үлеске Валентина Белоусова 8.2% акцияға ие болған.
Білетіндер, Иван Шарф «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамын Целиноград ауданындағы ең ірі өндіріс орнына айналдырғанын айтады. Алайда 2008 жылы Иван Шарф өмірден озады да, оның акционерлік қоғамдағы үлесі Раиса Ивановна Шарфтың қолына өтеді. 2011 жылдың 31- желтоқсанындағы құжатқа көз жүгіртсек, 10%дан артық акциясы бар екі адам ғана көрсетілген. Оның бірі Шарф Раиса Ивановна 39,9408 жәй акцияға, 19,8394 айрықша (привилегированный) акцияға, Белоусов Евгений Геннадьевич 17,2701 жәй, 9,465 айрықша (привилегированный) акцияға ие екені көрсетілген.
Алайда 2012 жылдың 31 желтоқсанындағы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамның акционерлерінің жалпы жиналысының хаттамасында «Шаңырақ» сауда үйі» ЖШС 16,59 жәй акцияға, «Батя» ЖШС 27,33 жәй акцияға, жеке кәсіпкер Божко Марина Владимировна 25,67 жәй акцияға ие екені көрсетілген. «Шаңырақ» сауда үйі» ЖШС және «Батя» ЖШС құрылтайшылары ағайынды Максим мен Елена Божкоға қарайды дейді білетіндер.
Қанша талаптансақ та «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамына Божколардың қандай жолмен немесе қанша ақшаға сатып алғаны туралы ақпарат таба алмадық, 42 жылдық тарихы бар, 530 адам жұмыс істейтін, құрамына 290 000 бас тауығы бар, күніне 180 000 жұмыртқа шығаратын, 49 өндірістік корпустары бар «Целиноградская», 23 өндірістік корпусы бар, 37 гектар жері бар «Акмолинская», 32 өндірістік корпусы бар, асыл тұқымды құс өсіретін «Племптицерепродуктор», 29 өндірістік корпусы бар «Малиновская» құс фабрикалары бар «Ақмола-Феникстің» сатып алған адамға арзан түспегені белгілі. Бұл иен байлықты ағайынды Божколардың нақты қанша қаржыға сатып алғанын және ол қаржының қайдан келгені белгісіз.
Сонымен, қалай болса да 42 жылдық тарихы бар Ақмола облысындағы ірі құр фермасын Максим Божко иеленіп, соңғы жылдардағы ақпарат көздеріне көз салсақ оның ісін Максим Божко домалатып-ақ отырған сыңайлы.
Әрі депутат, әрі құс саласының білгірі, ірі бизнесмен Максим Божко осыншалықты табыс пен абыройға аз уақыттың ішінде қалай жетті деп ойлап отырған боларсыздар?
Әрине, қалай десек те небәрі 35 жастағы Максим Божконың бизнесінің қарыштап дамып, тасының өрге домалауына ұзақ жылдар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде лауазымды қызметтер атқарған, 2006 жылы белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев қаза болған кезде ҚР ҰҚК басшысының орынбасары және «Арыстан» арнайы тобына жауапты болған, кейін ҚР Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған, қазіргі ҚР Парламент мәжілісінің вице-спикері, Қазақстан орыстары, славяндары және казактары ұйымдары ассоциациясының төрағасы, генерал-лейтенант, Владимир Божконың қатысы жоқ дегенге ешкім сене қоймас.
Бәлкім, генерал-депутат-атаман әкесінің шапағаты тиді ме, әлде өзінің бизнес жүргізудегі таланты көмектесті ме, әйтеуір Максим Божконың иелігіндегі құс фермаларының бәрі мемлекеттің аса қамқорлығында екені анық. Тіпті 2015 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құс фабрикасына ат басын тіреп, Максимның арқасынан қаққаны да есімізде.
Сонымен, нақты цифрларға жүгінсек, Максим Божконың басқа құс фермаларын айтпағанның өзінде тек «Ақмола феникс» акционерлік қоғамы тек екі бағдарлама бойынша 2013 жылы мемлекеттен 169,9 млн. теңге, 2014 жылы 172,2 млн. теңге, 2015 жылы 161,2 млн. теңге субсидия алыпты.
Оның сыртында 2013 жылы «Даму» қорынан «Ақмола-Феникс» фермасын қайта құру үшін 4,5 млрд. теңге алғаны белгілі.
Мемлекеттен осынша қаржы алып, байлықтың базарында, Назарбаевтың назарында жүрген «Ақмола-Феникс» АҚ өндірген жұмыртқалары халыққа тиімді бағамен сатылса тағы ренжімеген болар едік.
Бірақ, «Ақмола-Феникс» фермасының жұмыртқалары 2016 жылы бірден 48%-ға қымбаттаған. Сөйтіп, оның өзіндік құны 6 теңге тұратын бір жұмыртқасы 2016 жылдың қыркүйегінде 13 теңгеден сатыла бастайды.
Нәтижесінде 2016 жылы «Ақмола-Феникс» фермасының ісі сотқа жетіп, артық бағамен сатудан түскен табысының 3% көлемінде, яғни 2 081 449 теңге айып салынады.
Одан қаншалықты нәтиже шыққанын жұмыртқа тұтынушы халық жақсы білетін шығар, бірақ Максим Божконың фирмалары мемлекеттен миллиардттаған теңге субсидиялар мен несиелерді әлі алып жатыр.
Ал қалған 49 құс фермаларының қайсысы мемлекеттен қанша субсидия және жеңілдікпен несие алып жатқанын да алдағы уақытта әңгіме етерміз.
Ең негізгісі қарапайым халықтың төлеген салығынан, айыппұлынан берілетін субсидия, несиелердің шапағаты сол халықтың өзіне тимей жатқаны қынжылтады. Мемлекет өнім өндірушілерге көмек қолын созған сайын тауардың бағасы шарықтап барады.
Алмас Қылыш, тәуелсіз сарапшы