Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд доллардан асты
2017 ж. 19 қыркүйек
1287
2
Еліміздің халықаралық резервтері 90,9 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бiрінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Теңгенің айырбас бағамының салыстырмалы түрде тұрақтауы аясында жыл басынан бері алтын-валюта қорының 11,6 пайызға, 32,9 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайғанын ескере отырып, тұтастай алғанда еліміздің халықаралық резервтері 90,9 млрд АҚШ долларына дейін жетті (жыл басынан өсу 0,1% құрады)», - деді Р.Дәленов.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның қаржы нарығында ахуалдың едәуір жақсарғаны байқалып отыр. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша кредиттер жыл басымен салыстырғанда 0,7%-ға өсіп 12,8 трлн теңгені құрады. Алайда, пайыз мөлшерлемесінің жоғары болуы (14,6%) кредиттерді экономикаға инвестициялау үшін әлі де болса қиындатып отыр.
«Бұл конъюнктуралы түрде ҰБ тарапынан расталып отыр, олар ағымдағы жылдың 2-тоқсанында кәсіпорындардың айналымдық және негізгі құралдарын кредиттеудің бағалық (мөлшерлеме және комиссия) және бағалық емес (мөлшері, мерзімі, кепілдік, қарыз алушының қаржылық жағдайы) шарттары болмашы ғана нашарлағанын атап өтті. Сонымен қатар инфляциялық процестердің баяулауы аясында ҰБ базалық мөлшелемесі біртіндеп төмендеуде, ал жыл басынан 1,75 пайыздық тармаққа төмендеумен бүгінгі күні 10,25% құрап отыр. Бұл кредиттерді қоса алғанда, ақша нарығындағы мөлшерлеменің төмендеуіне ықпал етуге тиіс. Біз экономиканы кредиттеуді жандандыруға Ұлттық Банк Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп қаржы секторын сауықтыру жөніндегі шараларды іске асыруы әсер етеді деп есептейміз», - деді вице-министр.