Мемлекет басшысы бағаны қорықпай көтере беруді бұйырды. Бұл туралы naryk.kz хабарлады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Н.Назарбаев Қазақстандағы электр энергетикасының құны ТМД елдерінің ішінде ең арзаны екенін айта келіп, елдегі коммуналдық қызмет құнын көтеру керектігін алға тартты.
Президенттің айтуынша, осы салаға инвесторлардың келмеуі бағаның төмендігінен болса керек.
«Су және жылумен қамту желілерін жаңарту үшін ауқымды қаражат керек. Осы салада инвестор тартуымыз үшін ТКШ (тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы) мен тариф белгілеу саясатына өзгеріс енгізу керек. Сол кезде шетелдік қаржы ұйымдары мен инвесторлардың қызығушылығы артады», — деді Елбасы.
Дегенмен, президент елдің төлем қабілетінің төмен екенін де айта келіп, Үкіметтің осы орайда өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай оңтайлы шешім іздеуін тапсырды.