АҚШ ҚЫТАЙҒА ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОҚҚЫ БЕРУІ МҮМКІН
2017 ж. 02 тамыз
2192
0
«АҚШ-ты ұлы елге айналдырамын» деген Дональд Трамптың әрекеті енді ақиқатқа айнала бастағандай. АҚШ конгресі мақұлдап, Ресей, Иран мен Солтүстік Кореяға қарсы бағатталған санкцияның жобасы Трамптың алдында жатыр. Оған Ақ үй қожайынының қол қоюы ғана қалды. Ресейді осылай тағы бір тұқыртып алмақ болып отырған АҚШ ендігі экономикалық соққыны Қытайға жасамақ.
Ресейдің бірқатар ақпарат құралдары осыған орай алдағы уақытта Қытайға қатысты жасалуы мүмкін бірқатар жобаларды нақтылады. Ақпарат көздеріне сенсек, Қытайды тәубесіне келтіру үшін қазір Ақ үй бірқатар шараларды қарастырып жатқанға ұқсайды. Атап айтар болсақ, Қытайдан келетін бірқатар тауарларға шектеу қойылады. Мәселе мынада: Трамп президент болмай тұрып-ақ Қытайға қатысты көзқарасын нақты айтқаны белгілі. Америка үшін түкке тұрмайтын, бірақ АҚШ нарығын жаулап алған қытайлық тауарларға тыйым салу керек. Оның үстіне осыдан бірнеше ай бұрын Вашингтондағы кездесуде Трамп Қытай төрағасына айына бірнеше рет баллестикалық сынақ жүргізіп жатқан Солтүстік Кореяға ықпал етіп, сауда қысымын жасауды сұраған. Өйткені Солтүстік Корея негізінен тауарларды Қытайдан алады. Бірақ содан бері бірнеше ай өтсе де, ресми Пекин мұндай қадамға бара қойған жоқ. Осыған орай, Вашингтон «Қытай тарапы ештеңе істеп отырған жоқ, сондықтан оның өзіне экономикалық соққы берген жөн» деп отыр. Бірқатар ақпарат құралдары осы аптаның басында Ақ үйдің шенеуніктері кездесу өткізіп, Қытайдан келетін тауарлардың тарифін күрт көтеру туралы жиын өткізгенін хабарлады. Бірақ бұл жиында көтерілген бірнеше мәселе сыртқы жұртшылыққа жария етіліп кеткендіктен, Трамп Ақ үйде бірнеше кадрлық өзгерістер жасағаны мәлім.
Politico басылымы Ақ үйдегі бірқатар шенеуніктердің сөзіне сілтеме жасай отырып, «алдағы уақытта Солтүстік Корея мәселесіне байланысты АҚШ алдымен Қытайға сауда соққысын жасайды» деп жазды. Соған қарағанда, бұл ақиқатқа айнала бастағандай.
Дональд Трамптың саяси кеңесшісі Стивен Миллер, стратегиялық жобалардың үйлестірушісі Стивен Бэннон және сауда кеңесшісі Питер Наварро қазірдің өзінде Қытайға қатысты қатаң саясат ұстану қажет деген пікірде. Америкалық бірқатар БАҚ бірнеше айдан бері бұл мәселе Ақ үйде қарастырылып жатқанын да мәлім етті. АҚШ президенті де аталған жобаны қолдап отырғанға ұқсайды.
Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Трамп Қытайдан келетін болат өндірісіне байланысты Коммерция министрлігіне нұсқау бергенін мәлім етті. Қазір министрлік осыған байланысты сараптама жұмысын жүргізіп жатқан көрінеді.
31 шілде күні Дональд Трамп өзінің Твиттерінде «бұрынғы америкалық ақымақ басшылардың кінәсінен қытайлық компаниялар біздің нарықтан жылына 100 миллиард доллар пайда тапты. Қытай Америка нарығына пайда әкеліп отырған жоқ. Солтүстік Кореяның жиі жасап жатқан сынағына да ешнәрсе істей алмады, Тек келіссөз жүргізумен шектелді. Сондықтан бұл мәселеге нүкте қою керек», – деп жазды.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли «Әңгіме айтудың уақыты өтті. Тек іске кірісу керек. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Солтүстік Кореяға қатысты резолюция қабылдаудың да қажеті шамалы. Оның ешқандай ықпалы да жоқ. Ресми Пхеньян оны елең қылып отырған жоқ. Сондықтан АҚШ әрекетке көшуі тиіс»,- деп жазды. Ал ол қандай қадам болмақ? Ол жағы ашып айтылған жоқ. Бірінші жоба бойынша Солтүстік Корея лидерінің көзін құрту керек. Екінші сценарийге сенсек, Солтүстік Кореядағы оппозицияны сырттан қаржыландыру қажет. Бірақ оның екеуін де бүгінгі күнде жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Ким Чен Ынның көзін жою туралы арнайы отряд құрылғанымен, жас диктаторға жақындау мүмкін емес. Ал екінші жобаға қарасақ, ол да қиын операция. Өйткені Солтүстік Кореяда Ким Чен Ынға қарсы шығатын оппозиция жоқ. Сондықтан Қытайға экономикалық соққы жасау арқылы Солтүстік Кореяны әлсірету қазіргі кездегі ең дұрыс сценарий болып отыр. Бұл жобаны Жапония, Еуропа мен Оңтүстік Кореяның сарапшылары мен ресми билігі де қолдап отырған сияқты. Бұл пікірдің де жаны бар. Өйткені бүгінде ресми Пхеньян Қытай өнімдері арқылы ғана тыныстап отыр. Вашингтон осы орайда Қытайға экономикалық соққы беру арқылы Пекиннің Пхеньянға көзқарасын өзгертпек ойда. Бірақ Трапмтың бұл жобасы қаншалықты пайда әкеледі? Ресей Ғылым академиясының Қиыр Шығыс институты директорының орынбасары Андрей Островский «егер Трамптың жобасы жүзеге асатын болса, Қытай да үнсіз қала алмайды» дегенді айтады. Тіпті ресми Пекин АҚШ-пен сауданы мүлде тоқтатуы ықтимал. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымы 515 миллиард долларға жетіп отыр. Қалай айтқанда да Қытай тауары америкалықтар үшін арзан бұйым. Ал Еуропадан келетін өнімдер АҚШ халқына қымбатқа түседі. Сондықтан бұл экономикалық соққыдан АҚШ-тың өзі шығынға ұшырайды. Мұндай жағдайда Американың тұтынушы нарығы ұтылады.
Егер шын мәнінде Ақ үй Қытайдан келетін импорттық тауарларға тарифті көтеретін болса, онда ресми Пекин де үнсіз қала алмайды.
Қазір жағдай шиеленісіп тұр. Трампқа ішкі америкалық топ пен бұрынғы президент Барак Обаманың жақтастары қатты ықпал етіп отырғаны байқалады. «Алдымен Ресеймен қарым-қатынасты жақсартамын» деген оның сайлауалды уәдесі де орындалмайтынға ұқсайды. Енді Ақ үй әкімшілігі әлемнің назарын Корей түбегіндегі дағдарысқа аударуға тырысуда.
Қазір Қытай да үнсіз қалып отырған жоқ. Кеше БҰҰ-дағы Қытайдың ресми өкілі Лю Цзеи «Корей түбегіндегі дағдарысқа біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Халықаралық жағдайды тығырыққа тіреп отырған – Ақ үй мен Солтүстік Кореяның өзі. Екі жақ та келіссөз өткізуге ұмылып отырған жоқ. Сондықтан бар жауапкершілік қос тарапқа байланысты», – деп мәлімдеді.
Бірақ АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон да бүгінгі қалыптасып отырған жайдайға қатысты «біз толықтай Қытайды кінәлап отырған жоқпыз», – дегенді айтты.
–Бұл дағдарысқа тек қана Солтүстік Корея кінәлі. Бірақ Пхеньянға ықпал етуге Қытайдың зор мүмкіндігі бар. Өйткені аталған екі ел арасында зор экономикалық байланыс әрі қарым-қатынас, ынтымақтастық орнаған. Біз Солтүстік Кореяның жауы емеспіз. Бірақ Пхеньян бізге, айналасындағы көрші елдердің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Америка осыған алаңдайды», – деді Рекс Тиллерсон.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
Айқын