Шоттағы қаржыны қарапайым селфи қорғайды! Елімізде банк қызметін пайдалану үшін өз-өзіңді суретке түсіру міндеттелмек. Тек базадағы сурет пен селфи сәйкес келсе ғана қаржы операцияларын жүргізуге рұқсат етіледі. Банкирлер жаңа жүйе қулығына құрық бойламайтын хакерлерге қарсы тұра алады деп сендіріп отыр. Сәйкестендірудің жаңа түрін ресейлік қаржы ұйымдары сынақ ретінде енгізіп үлгерген. Олардың Қазақстандағы еншілес банктері де селфи сәйкестендіруді енгізуге қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды КТК.
Енді селфиге түспегендер банкоматтан ақша ала алмайды
2017 ж. 28 шілде
3425
5
Сәйкестендірудің жаңа түрі тікелей селфимен байланысты. Енді банкте кез келген қаржы операциясын жүргізу үшін ПИН-код пен құпия сөзден бөлек, өз-өзіңді суретке түсіру міндетті болмақ. Әйтпесе, банкоматтан ақша да ала алмайсың, несие де рәсімдей алмайсың. Ал ол үшін алдымен қаржы ұйымының бөлімшесіне барып, төлқұжаттағы суретті базаға енгізу керек.
Сол ресми сурет пен селфи сәйкес келсе ғана, банк қызметін әрі қарай қолдануға рұқсат. Мұндай жүйені ресейлік банктер тәжірибе ретінде енгізіп үлгерген. Әрі ол сынақтан сүрінбей өтіпті. Сондықтан қаржы ұйымдары сурет арқылы сәйкестендіруді барлық бөлімшелерінде іске қоспақ.
«Жүйе тестілеуден сәтті өтті. Сондықтан, ол жыл соңына дейін ВТБ24-тің барлық бөлімшесінде жұмыс істейтін болады. Біз де сол банктің еншілесі болғандықтан, селфи сәйкестендіруді енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз», - дейді ВТБ (Қазақстан) банкінің басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.
Банкирлер міндетті сәйкестендіру Қазақстанда келесі жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарлап отыр. Мұның бәрі соңғы кездері қаптап кеткен хакерлерге қарсы тұру үшін қолға алынған.
«Жаңа жүйе тіпті егіз адамдарды бір-бірінен ажырата алады. Клиенттер селфиді сол сәтте жасауы керек. Алдын ала түсірілген сурет жарамайды. Сәйкестендірудің бұл түрі алаяқтардың құйтырқы әрекетіне жол бермейді», - деп түсіндірді «Сбербанк» АҚ еншілес банкі маркетинг және коммуникация басқармасының директоры Олегжан Бекетаев.
Тек сарапшылар бұған үлкен күмәнмен қарап отыр. Айтуларынша, селфи сәйкестендіру кибералаяқтарға тиісті деңгейде төтеп бере алмайды.
«Қазір адамдардың бет әлпетін өзгенікіне айнытпай өзгерту қиын емес. Ал, хакерлердің қолынан келмейтіні жоқ. Селфи сәйкестендіру алаяқтардың өзгенің атынан оп-оңай несие алуына жол береді. Сондықтан жүйені әлі жетілдіру керек деп ойлаймын», - дейді кибершабуылды талдау және тексеру орталығының президенті Олжас Сәтиев.
Әдетте селфи жасағанды ұнататын азаматтар да, жүйе енгізілмей жатып, қарсы шығып жатыр. Олар көптің көзінше өз-өзіңді суретке түсіру ыңғайсыз екенін айтады.
Ал ресейлік қаржы ұйымдары биометриялық сәйкестендірудің өзге де түрлерін дамытпақ. Мәселен, алдағы уақытта клиенттің нақты өзі екенін дауыс, саусақ, алақан таңбасы арқылы тексеру жүйесі де енгізілуі мүмкін.