БЖЗҚ-да жиналған зейнетақы жинағы мұраға беріле ме?
2017 ж. 21 шілде
2964
0
«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 25-бабына сәйкес, әр азаматтың зейнетақыға бөлетін жарнасы айлықтың 10 процентін құрайтыны белгілі. Демек, азамат ғұмыр бойы жұмыс істеп, айлығының оннан бір бөлігін зейнетақы жарнасына аударып отырса, қартайған шағында қиналмай зейнетақысын алып отырады.
Ал егер ойламаған жағдай орын алса не болады? Зейнетақы төлеміне қатысты әр түрлі жағдайларды зерттеп, зерделеу мақсатында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдеріне маңызды сауалдарды жолдады.
Зейнетақы жинағын алдын ала шешіп алуға бола ма?
ҚР қазіргі қолданыстағы заңнамасында зейнетақы жинағын шешіп алу қарастырылмаған, себебі бұл ақша зейнетке шыққанда азаматты ақшамен қамтамасыз ету үшін беріледі.
Зейнетақы шотында белгілі бір сомада қаражат жиналып қалса, аннуитетті компанияның ескертілуімен, бәлкім, зейнет жасына жетпей жинаған ақшаны сақтандыру компаниясына аударуға болады. Бұл жағдайда азамат зейнетақысын бірден емес, кезең-кезең сайын сақтандыру компаниясынан алып отырады.
Зейнетақы төлемі тек Қазақстан Республикасынан тыс біржолата көшуді ұйғарған тұлғаларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге және азаматтығы жоқтарға уақытынан бұрын беріледі. Зейнетақы жинағы мұрагерлікке беріле ме?
Алайда зейнетақы жарнасын уақтылы аударып отырған кейбір адамдар зейнетке шықпай тұрып өмірден өтіп кетуі мүмкін. Бұл жағдайда жиналған сома қайда жұмсалады? «ҚазАқпарат» ХАА агенттігінің бұл сауалына «БЖЗҚ» АҚ-ның БАҚ пен коммуникация бөлімінің бастығы Марина Акмаева жауап берді.
«Жеке зейнетақы қорындағы ақша салымшының жеке мүлкі болып табылады және ол сома салымшы өмірден өткен жағдайда да мерзімге қарамай, БЖЗҚ-да сақталатын болады. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру» туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 бабына сәйкес, азамат көз жұмған жағдайда жиналған сома толығымен заңнамаға көрсетілген тәртіпте сәйкес мұраға қалады», - деп түсіндірді М.Акмаева.
БЖЗҚ-да сонымен бірге, қайғылы жағдай орын алып жатса да салымшылардың зейнетақы жинағы мемлекеттің меншігіне өтіп кетпейтінін немесе мүлде құрып кетпейтінін ескертіп өтті. Бұған қоса мұрагерлік процесінің қалай жүзеге асырылатыны мен зейнетақы сомасы туған-туыстар арасында қалай бөлінетіні туралы жауап берілді.
«Зейнетақы аударымының мұрагерлігі өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Егер өсиет қалдырылмаған немесе ол өсиет барлық мұраны қамтымаса, барлығы заң бойынша таратылады. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, құқықтық мирасқорлар жеті кезекке бөлінеді. Ең бірінші кезекте, мұра заң бойынша тең үлеспен мұраға қалдырушының балаларына, асырап алған балаларына, әйелі мен әке-шешесіне табысталады. Екінші кезекте мұраға қалдырушының аға-бауырына, әпке-қарындасы (немесе сіңлісі) әжесі, атасы мен мұраға қалдырушының немересіне беріледі. Мұрагерлер заң бойынша мұраға кезек тәртібі бойынша шақырылады. Мирасқорлардың әрбіреуі алдыңғы мұрагер жоқ болған жағдайда, мұраны қабылдамаса немесе одан бас тартса ғана қаражатқа ие бола алады. Басқаша айтқанда, егер салымшы үйленбеген адам болса және оның әке-шешесі жоқ болса, онда оның зейнетақы аударымына екінші кезектегі туыстары (мәселен, ағасы немесе әпкесі) ие болады. Егер олар болмаған жағдайда үшінші кезектегілерге беріледі және т.с.с. Ал егер мұрагерлер бірнешеу болса, онда қайтыс болған адамның зейнетақы аударымы мұра туралы белгіленген құқықтың немесе мұраға қалған мүліктің келісім бөлігінің тәртібіне сәйкес, болмаған жағдайда сот арқылы бөлінеді», - деп түсіндірді БЖЗҚ-да.
Зейнетақы сомасына ие болу үшін қандай құжаттар керек?
Қайтыс болған адамның зейнетақы аударымын мұраға алу үшін БЖЗҚ төмендегі құжаттарды жинау керектігін хабарлайды:
1) БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген арыз;
2) алушының кім екенін анықтайтын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
3) зейнетақы жинағы бар адамның қайтыс болғаны туралы нотариалды түрде куәландырылған құжаттың (куәлік) көшірмесі;
4) мұраға алу туралы құқықтың нотариалды түрде куәландырылған куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі немесе мұраға берілетін мүліктің бөлігі туралы келісімнің нотариалды түрде куәландырылған түрінің көшірмесі немесе заңды күшіне енген сот шешімі;
5) алушының банктегі шоты туралы ақпарат.
Аталған құжаттарды тапсырғаннан кейін БЖЗҚ құжаттар қабылданған күннен бастап он күннен кейін зейнетақы жинағынан соманы бөлуді жүзеге асырады.
Қазақстаннан кетіп қалған адамдар зейнетақы төлемін ала ала ма?
Бұл мәселе де өзекті. Көптеген адамдардың шетелге шығып кетіп, төлемді ала алмай жүргеніне қатысты жағдайлар көптеп кездеседі.
Егер БЖЗҚ-да жинағы бар Қазақстанның бұрынғы азаматы Қазақстаннан көшіп кетіп, шетел азаматтығын алса немесе азаматтық алмай мәртебесін құжаттандырса, онда ол БЖЗҚ-дан төлем ала алады.
«Зейнетақы бөлінісінің бұл бөлімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру Ережесіне сәйкес шешіледі. Егер тексеру кезінде азаматтың ҚР азаматтығын дәлелдейтін жеке куәлігі болмаса, бірақ оның бір кездері Қазақстан азаматы болғаны дәлелденген құжат табылса, онда БЖЗҚ зейнетақыдан аударымды 10 жұмыс күнінің ішінде төлейді», - дейді БЖЗҚ-да.
Егер осындай даулы жағдай туындамаса, онда зейнетақысында жиналған соманы ер адамдар 63, әйел адамдар 58 (2018 жылдан бастап әйелдің зейнетке шығу жасы алты ай сайын 63 жасқа дейін көтеріледі) жасында ала алады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда зейнетке шығып бара жатқандар мемлекеттік бюджеттен - базалық зейнетақы мен 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне тәуелді айтарлықтай ақшаға ие болады. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамалық құжатқа кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап қазіргі уақытта бәріне бірдей төленіп жатқан базалық зейнетақы зейнеткердің еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты төленетін болады. 10 жылдық еңбек өтілі бар азаматтар күнкөрістің төменгі шегінен 54 процент алады. Әр жыл сайын он жыл шегінде оған 2 проценттен қосылады.