САПАЛЫ ӨНІМДЕР ЭКСПО КӨРМЕСІНЕ ҚОЙЫЛАДЫ
2017 ж. 04 мамыр
1998
0
Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «ЭКСПО-2017» көрмесінің өту кезеңіне дайындық жұмыстарын бастап кетті. Өңірден көрмеге 28 өнім түрі қойылады деп жоспарланған.
Бұл туралы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзінше бекітілген өнім түрлері еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, Астана қалалық әкімдігіне келісуіне жолданған. Жалпы өнімдер көлемі 12 976 тонна. Асқар Сәкенұлы Астана қаласы мен Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өнімдері қажеттілігін ескере отырып, 37 ірі және орта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері іріктелініп алынғанын атап өтті. «Ұн, ет, күркетауық еті мен шұжық, сүт өнімдері жіберіледі. Сондай-ақ алма, жүзім сияқты жемістер мен көкөністер, балмұздақ жолданады. Мамыр айының 11 жұлдызынан бастап алғашқы өнімдерді жіберуді бастаймыз», – деді Асқар Қаныбеков. Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысының фермерлері 5 ай бойы Астана қаласын белсенді түрде ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп тұрады. Аталған өнімдер 25 жүк көлігі және авторефрижераторлар арқылы тасымалданады. Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімдігімен келісім-шартқа тұру, өнімдерді сақтау, ірі супермаркеттерге тікелей өткізу, көліктер тұратын орындарымен шығын бағаларын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.Айта кетелік, қашанда белсенділік танытатын Оңтүстік Қазақстан облысынан «ЭКСПО-2017» көрмесіне 150 мың адам баратыны бүгіннің өзінде белгілі болып отыр.
qazaquni.kz