Қай заманда да қала салудың көрінісі көшесін айқындап, жолын төсеуден байқалған. Тарих қойнауынан табылған, талай ғасыр бұрынғы тарихтың куәсі болған шаһарларды топырақтан аршып, қазба жұмыстарын жасағанда бірінші болып көшелері бедерленіп, осы жерде қала болған деп тұрады. Жаһанның басқа жағын айтпай-ақ, өзіміздің сайын даламызда Тараз, Сарайшық, Түркістан, т.б. шаһарларды айтсақ та жетеді. Ал мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бойындағы көне Алмалық шаһарының ізі – бүгінгі Алматы қаласы. Талай тарихты басынан көшірген Алматы жиырма бірінші ғасырда әлемнің айтулы мегаполистерінің қатарынан көрінгісі келеді.
Бауыржан Байбек көшпелі жиын барысында аудандар әкімдері мен басқармалар басшыларының назарын екі маңызды мәселеге – жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуына аударды.
Биылғы жылы 120 шақырымнан астам жол орташа жөнделіп, 85 мың шаршы метр тротуарлар мен 130 аялдама алаңдары салынады деп жоспарланған. Жол-жөндеу жұмыстарына 7 млрд. теңге, оның ішінде кезекті жөндеуге 1 млрд. теңге, тротуарлар мен аялдама орындарын ретке келтіруге 500 млн. теңге, орташа жөндеуге 5,5 млрд. теңге бөлінген.
– Бірінші кезекте жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын 34 көшеге, соның ішінде, 12 магистральды көше мен 23 аудандық маңызы бар көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап өтерлік жәйт, ұзындығы 31 шақырым болатын 19 көшеге де орташа жөндеу жүргізудің сметалық құжаттары жасалды. Қала көшелеріндегі ақауларды тауып әрі жөндеу үшін 4 мердігерлік ұйым мен 12 бригада жұмыс істеуде, осы аптаның ішінде бұлардың саны 28-ге артатын болады, – дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.
Басқарма басшысы Саин көшесінен Жандосов көшесінің бойымен Таусамалы поселкесіне дейін күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Жөнделетін аумақтың жалпы ұзындығы 2,08 шақырым. Жоба құны – 1 134,0 миллион теңге. Жөндеу жұмыстары барысында жолдың көлік қозғалысы бөлігі 4 жолаққа дейін кеңейеді, Қарғалы өзенінің бойындағы көпір қайта жасалады, веложолдар мен тротуарлар салынады.
Атап өтерлік жәйт, жолдарды жөндеу жұмыстарында заманауи техника пайдаланылады. Асфальт төсейтін жаңа машина 8 тонна асфальт дайындап, оның температурасын 180 градуста сақтай алады. Бұл техниканың ерекшелігі – ол қыс кезінде де жолдарды жөндей береді. Бұл техника Қазақстанда біреу ғана. Болашақта осындай бірнеше техника сатып алу жоспарлануда.
Өзінің кезекті жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек қалалық инженерлік коммуникацияларды жаңарту жұмыстарын да тексеріп көрді. Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев биылғы жылы 172 қазу жұмысының жүргізілетінін баяндады. Жұмыстардың барлығы тұтынушыларды электрден, жылудан, судан ажыратпай, жүзеге асырылады. Бақылауға алынған 66 қазылған ордың жыл қорытындысы бойынша 40-ы бұрынғы қалпына келтірілді, 26-сы өтпелі. Арнайы құрылған жұмысшы тобы 30 нысаннан ақау тапты. Мердігерлерге сәуір айының соңына дейін барлық ақауларды жою туралы тапсырма берілді.
Нұрлан СҮЙІН, "Алматы ақшамы"