Сабильянов: Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын жиі өзгерту тиімсіз
2017 ж. 27 наурыз
2702
1
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларды бірыңғай құжатқа біріктіру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша Үкімет қабылдайтын қолданыстағы бағдарламалардың алуан түрлілігі, оларға өзгерістердің жиі енгізілуі аталған бағдарламаларды тартымды, тиімді етпейді, ал қолдау көрсету құралдары әлеуетті кәсіпкерлер үшін қолжетімді болмайды. Мысалы, Үкімет мынадай бағдарламаларды қабылдады: «Бизнестің жол картасы - 2020». Бұл бағдарламаға 2010 жылдан бері 21 рет бизнес субъектілерінің қатысу шарттарын өзгертетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжаттың форматы үш мәрте түбегейлі қайта қаралды. Тек соңғы екі жылда 6 рет өзгеріс енгізіліп, соның салдарынан аталған бағдарламаның атауы өзгертілді. «Жұмыспен қамту- 2020» жол картасы, екі жыл ішінде 3 рет өзгеріс енгізілді. Жұмыспен нәтижелі қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған бағдарламасының қабылдануына байланысты оның күші жойылды», - деді депутат.
Оның атап өтуінше, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013 - 2020 жылдарға арналған бағдарлама да кейіннен атауы «Агробизнес - 2017» агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарлама болып өзгертілді және үш жыл ішінде оған да 3 рет өзгеріс енгізілді. Оның үстіне осы бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру кезінде қаржылық бұзушылықтар 21,5 млрд. теңге; рәсімдік бұзушылықтар 35,9 млрд. теңге; бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану 53 млрд. теңге сомасында анықталды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешінін дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған тағы бір мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасы бойынша, 2011-2016 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 55 жекеменшік кәсіпорынға 70 млрд. теңгеден астам сомаға субсидия бөлінді. Субсидияланған компаниялар санының жартысынан астамы өндірістік емес саладан болды. Бюджетке түсетін салықтық түсімдердің айтарлықтай ұлғаюы және осы компанияларда жұмыс орындарының артуы болмады. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларды жүйелендіріп, мысалы ыңғайлы, түсінікті әрі қолжетімді болатын «Кәсіпкердің жол картасы» атты бір бірыңғай құжатқа біріктірудің уақыты келді. Бұл тұрғыда 10 заңның бір Кәсіпкерлік кодекске біріктірілгенін мысал ретінде келтіруге болады», - деді Сабильянов.