И.Әбішев: Ақтөбе облысы суармалы жерлерді енгізуде көш бастап тұр
2017 ж. 22 наурыз
2286
2
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша жиналыс өткізді. Егін егуге екіталай аумақта орналасқан облыстың маңызды мәселесін талқылау үшін Ақтөбеге ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Ислам Әбішев келді, деп хабарлайды BNews.kz.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ҚР халқына жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысында жерді пайдалану тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар жалғасуда. 2015 жылы суармалы жерлерді түгендеу жүргіліп, 28 мың гектар суармалы жерлердің тек 43-і ғана пайдаланылғаны анықталды. Су ресурстары бойынша комитетпен бірге ынтымақтастың нәтижесінде 2016 жылы өңірдегі суармалы жерлер аумағы 12,3 мың гектардан 12,3 мың гектарға дейін кеңейтілді. 2017 жылы ауыл шаруашылығын қалыптастыру қаражаты есебінен тағы 3,2 мың гектар жер айналымға енгізілмек. 2018 жылы Ақтөбе облысының қолданыстағы суармалы жерлер алаңы 40 мың гектардан кем болмайды деп жоспарлануда.
«Суармалы жерлер аумағын 40,0 мың гектарға дейін жеткізе отырып, «Қазсушар» РМК балансындағы жұмыс жасап тұрған үш ірі су қоймаларының әлеуеті 100% қолданылатын болады»,-деп хабарлады РМК-ның Ақтөбедегі бөлімшесінің директоры Бекзат Наметов жиналыс кезінде.
Осыған байланысты облыс әкімінің ұсынысы бойынша 2017-2021 жылдары АӨК-нін дамыту бағдарламасына 600 млн. текше метр суды реттеп, 30 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізетін 10 су қоймасын салу бойынша іс-шаралар енгізілді. Сонымен қатар, келешекте 10 мың гектар жерді суару үшін судың жалпы көлемі 130 млн. текше метр болатын 22 шағын су қоймасын салу ұсынылды.
«Су ресурстарын тиімді пайдалану және жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша тапсырманы шешу аясында республикада 22 жаңа су қоймасы салынбақ. Оның ішінде 10 су қоймасын Ақтөбе облысында салу жоспарлануда. Бұл - ең алдымен 2016 жылы жасалған үлкен еңбектің нәтижесі. Елбасы аграрлық секторды отандық экономиканың жаңа драйвері ету тапсырмасын қойды. Президент тапсырмасын орындауға бағытталған комитеттің жобасы бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда республика бойынша осы жобаны жүзеге асыруда сіздің облыс көш бастап тұр деп сенімді айта аламын»,-деді жиналысқа қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ислам Әбішев.
Бердібек Сапарбаев сонымен бірге, Су ресурстары бойынша комитет төрағасына жан-жақты қолдауы үшін алғыс айтты.
«Өткен жылы Су ресурстары бойынша комитетпен бірлесе отыра суармалы жерлерді тиімді түрде айналымға енгізуге бағытталған үлкен жұмыстар атқарылды. Елбасының АӨК дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Біз суармалы жерлер алаңын барынша кеңейтуіміз қажет. Бұл тағам өндірісінің көлемін өсіріп, малды жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аудан және облыс орталығының әкімдері суды сақтаумен жұмыстанып, жаңа су сақтау ғимараттарынын салу қажеттігін қарастырулары тиіс. Әсіресе, бұл Ойыл, Байғанин және Ырғыз сияқты жерлері қуаң аудандар үшін өзекті»,-деп тапсырды облыс әкімі.
Жиын барысында сонымен қатар, Ақтөбе су қоймасындағы су «Сазды» өзенінің арнасын толтырып, суармалы жерлер алаңан арттыруға және Ақтөбе қаласындағы көгалдарды ауыз суды шығындамай, үнемі суарып тұруды реттеуге мүмкіндік беретін су таратқыштың құрылысы бойынша жобаның жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Ақтөбе су қоймасының әлеуеті қолданылмай тұрғанын айтты.