«Самұрық-Қазынаның» көзін жоятын уақыт тақап қалған секілді - қаржыгер
2017 ж. 03 наурыз
2639
5
Таяу болашақта „Бәйтерек„ ұлттық холдингінің, сол секілді „Самұрық-Қазына„ ұлттық қорының да көзі жойылады. Банк секторын сауықтыруға Ұлттық қордан триллиондап бөлінген қаржы ел экономикасындағы осындай үлкен бетбұрысты байқатады.
Бұл туралы kaz.3653nfo.kz медиа-порталына берген сұхбатында қаржыгер ғалым Ілияс Исаев мәлім етті. Оның пікірінше, осыған дейін Ұлттық қордан 3 бағытта қаржы бөліп келген Үкімет, енді осы тұрғыдағы саясатын өзгертеді.
Енді күріштің арқасында күрмек су ішеді деген болмайды
— Қазір „Бәйтерек„ ұлттық холдингі де, „Самұрық-Қазына„ қоры құрамындағы квазимемлекеттік компаниялар да жекешелендіріліп, жаппай сатылымға шығарылып, трансформацияланып жатыр.
Елбасының өзі бұл белгілі бір кезең үшін құрылған қорлар деп айтқан болатын.
Соған қарағанда, олардың көзін жоятын уақыт тақап қалған секілді, — дейді ол.
Ал күріштің арқасында күрмек су ішеді, дегеннің керін келтірген бұл компаниялар жойылған жағдайда, ғалым Ұлттық қордан ел экономикасына бөлінетін ақша, енді тек банк секторы арқылы тікелей тасымалданатынын айтады. Ілияс Исаевтың айтуынша, „Бәйтерек„ пен „Самұрық-Қазына„ қоры құрамындағы, тіпті, Қазақстан даму банкі де, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де сатылады.
— Осы уақытқа дейін Ұлттық қордың ақшасы 3 бағытта жұмсалып келді:
- біріншіден, мемлекеттік бюджетке бөлінетін мақсатты трансферт түрінде;
- екіншіден, „Бәйтерек„ ұлттық холдингі облигацияларын инвестициялау арқылы ел экономикасының тармақтарына кетіп жатты;
- үшіншіден, „Самұрық-Қазына„ ұлттық әл-ауқат қоры құрамындағы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына инвестиция жасалып, экономикаға жіберілді.
Міне, осындағы Ұлттық қордан бөлінетін ақшаны жұмсауда соңғы екі арна дұрыс жұмыс істемеді. Олар сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, жауапкершіліктен жалтарып, өз міндетін қалтқысыз орындай алмады.
Мемлекет бөлген ақшаны ел экономикасын қаржыландыруда делдал болған бұл қаржы институттары өзіне жүктелген міндетті атқара алмады. Енді Елбасы олардың көзін жойып, ел экономикасын қаржыландыруда тікелей коммерциялық банктермен жұмыс істемек,- дейді Ілияс Исаев.
Маман сөзіне сенсек, мысалы үшін осы күнге дейін мемлекет агросекторға аз пайызбен қаржы бөліп келді, ал оны ҚазАгроҚаржы алады да үстіне үстеме пайыз қосып шаруаға ұсынады. Ол әкімдік арқылы ауылға жетеді. Сол секілді Үкімет 5 пайызбен шағын және орта кәсіпкерлікке ақша бөледі делік, оны шағын несие ұйымдары алып 7-12 пайызбен кәсіпкерге береді. Міне, осындай делдал компаниялардың көзі құрып, мамандар айтып жүргендей ел экономикасы салаларын банктердің өзі тікелей қаржыландыратындай күн туатын секілді.
Басты ауыртып тұрғаны — банктердің көтерем хәлі
Ілияс Исаевтың айтуынша, бізде зиянды несиелер көлемі жылдар бойына айтарлықтай азайған. Оның пікірінше, бұл арада мәселе зиянды несиелердің қордалануында емес, банк капиталдарының аздығында болып тұр.
— Негізінен, еліміздегі банк секторында қордаланған зиянды несиелердің 70-80 пайызы БТА банкке тиесілі болатын. Ол бұл банк тарағанда Қазкоммерцбанктің мойнына өткен.
Қазір проблемалық несиенің мөлшері бұрын айтып жүргеніміздей 37-42 пайыз емес, 7,8 пайызды құрайды.
Сондықтан банк секторын сауықтыруға бөлінген қаражаттан бұл мәселені толықтай еңсеруге болады.
Мәселен, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына ендік, қазірдің өзінде біздің нарығымызға келгісі келіп, көз тігіп отырған шетелдік банктер көп. Егер олар келетін болса, біздің банктерді түгелімен жұтып қоя алады. Сондықтан банктердің капиталдарын қосып, оларды ірілендіру керек. Бұл процесс басталып та кетті.
Жалпы, біздің банктер ел экономикасын қаржыландырудың орнына валюталық спекуляцияға беріліп, жұмысын дөңгелетуде. Доллар бағасының жасанды жолмен өсуіне де осы банктердің тікелей қатысы бар. Ендеше, ондай пайдасы жоқ ұсақ банктерден біздің тезірек арылғанымыз жөн. 30 шақты банкті біріктіріп, қайта құру арқылы 10 банк қалдырсақ, ол Қазақстан үшін жеткілікті, — дейді Ілияс Исаев.
Елбасы Ақышевқа неге қорықпа деді?
Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа: „Ешкімнен қорықпа„ деп бекер айтқан жоқ. Бұл енді банк секторына талаптың күшейтілетінін көрсетеді.
— Банктің капиталдарын дұрыстайды, оларды бір-біріне қосады, сөйтіп, бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, спекульяциямен айналыспайтындай етіп, өндірістермен жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Сонда олар шетелдің ірі банктерімен бәсекелесе алатындай болады. Міне, Үкімет пен банк арасында делдал қаржы институттарынан арылсақ, ал банк секторын тек өндіріске жұмыс істетуге мәжбүрлей алсақ, онда бұл бөлінген қаражаттың ел игілігі үшін пайдасы зор, — дейді маман.
Айта кетелік, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, банк секторына Ұлттық қордан 2017 жылы 1 триллион 92 миллиард 941 миллион 288 мың 400 теңге бөлінбек.
Сондай-ақ кеше ҚР Парламенті Сенаты Қазақстан Республикасының азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіруге және ҚР-ның құқықтық саясаты тұжырымын 2010-нан 2020 жылға дейінгі мерзімде жүзеге асыру аясында әзірленген кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық актілерді қабылдады. Оған байланысты, Ұлттық банктен «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-сын үкіметке беру көзделіп отыр.
Сол секілді кеше проблемалық несиелердің басым бөлігі қордаланған Қазкоммерцбанктің Халық банкпен бірігуі туралы заңды күші жоқ меморандум жасалды.
Кәмшат Сатиева