«Тұрғын үй салуға бөлінетін қаражатты бірден облыс әкімдіктеріне беру керек». Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Қуаныш Айтаханов осындай бастама көтерді. Жоғарғы палатада кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік және тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралған.
Тұрғын үй салу үшін қаражатты бірден облыс әкімдіктеріне бөлу керек - Қ.Айтаханов
2016 ж. 23 желтоқсан
2291
5
Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, бұл заң монополияға қарсы органның жұмысын барынша айқындай түседі. Сондай-ақ, инвестициялық жобалар мен ипотекалық несиелендіруді мемлекеттік қолдау тұрғысында құқықтық бақылауды күшейтпек. Құжаттың тиімді тұстары көп екенін жоққа шығармаған сенатор қаржыландыру мәселесін қайта қарауды ұсынды.
«Облыс жоба жасайды, жерді облыс береді. Ал қаржыландыратын жаңағы «Бәйтерек». Неге сол қаржыны трансфер арқылы облыс әкімдіктеріне бермеске? Сонда, меніңше, мемлекеттің қаржысы тиімді пайдаланылады деп ойлаймын»,- дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов.
Тұрғын үй салуда түйткілді мәселелердің бар екенін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Және соңғы уақытта осы мәселеге байланысты сұрақтардың жиі туындап жатқанын еске салды.
«Сенатор Айтахановтың көтеріп отырған тақырыбы өзекті. Министрлік бұған көңіл аударады деп ойлаймын. «Бәйтеректің» жаңа басшысы аталған бағытта жұмыс атқарып, тиісті шешімдер ұсынады деп сенеміз. Бұл Экономика министрлігіне де қатысты проблема», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.