Апта ішінде мұнай бағасы қалай құбылады?
2016 ж. 05 желтоқсан
2089
0
Лондонның ICE қор нарығында бүгінгі Брент маркалы мұнай бағасы $53,97 дейін төмендеді. Ал американдық WTI маркалы мұнай баррелінің бағасы $51,18 дейін түсті.
Осылайша, жұма күніне дейін үздіксіз үш күн қатарынан қымбаттаған қара алтын осы аптаны қолайсыз бастап отыр.
Ал кеше дәл осы қор нарығында Брент маркасы барреліне 54,43 долларға жеткен еді. Бұл өткен аптадағы орташа бағадан 15 пайызға артық болатын.
Бағаның бұлай күрт қымбаттауына себеп болған өткен сәрсенбідегі ОПЕК ұйымының өндірісті азайту туралы ортақ шешімі әлі де болса өз нәтижесін берген жоқ. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, барлық мәселе 10 желтоқсанда шешіледі.
Естеріңізге сала кетейік, ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мен ұйымға кірмейтін өзге экспорттаушы елдер Венада 10 желтоқсан күні қайта кездесетін болып шешкен. Ондағы мақсат өткен аптада қол жеткізген келісім аясында нақты қай елдің қанша көлемде мұнай өндірісін азайтатынын шешу.
Ұйымға мүше мемлекеттер қазіргі таңда 33,6 млн баррель қара алтын өндіруде. Қаңтардың бірінен бастап бұл көрсеткішті ұйым болып 32,5 млн баррельге азайту жоспары бар. Осы орайда ұйымның ең ірі мүшесі Сауд Арабиясы 0,5 млн баррельге азайтып, тәулігіне өндірісті 10,54 млн баррельге түсіреді. Ал ұйымдағы көлемі жағынан екінші орындағы Ирак 4,351 млн баррельге қысқартады. Ал үшінші орындағы Иран 3,797 млн баррельден асырмауы тиіс.
ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттер болса, өндірісті тәулігіне 0,6 млн баррельге азайтуы керек. Соның 0,3 млн баррелі Ресейдің мойнында. Қалған 0,3 млн баррельді Қазақстан, Әзірбайжан, Мексика, Колумбия, Оман, Боливия, Египет, Бахрейн, Норвегия, Канада, Тринад пен Тобаго елдері өзара бөліп алмақ. Осы орайда Қазақстанның нақты қанша баррель азайтатыны әзірге белгісіз.
Осы шарттар орындалып жатса, сарапшылардың айтуынша, баға 60 долларға дейін жетуі тиіс. Сонымен қатар, бұл шарттардың тек келер жылдың бірінші жартыжылдығына ғана қатысты екенін айта кету керек. Ұйым мүшелері жыл ортасында кезекті рет кездесіп, 2017 жылдың шілде-желтоқсан аралығындағы өндіріс көлемінің қандай болатынын талқылауы керек.
Егер, бірінші жартыжылдықта аталған міндеттемені әр ел мүлтіксіз орындаса, шикізат нарығы бір қалыпқа түспек.
Дегенмен, сарапшылар, ОПЕК-тің өндірісті азайтуы АҚШ-тағы сланцтық мұнай өндірісін көбейтуге алып соғуы мүмкін екенін айтуда. Өйткені, ОПЕК келісімінің АҚШ өндірісіне күші жүрмейді.
Сонымен қатар сарапшылар аталған келісімшарт міндеттемелерінің басқа елдерді былай қойғанда, ОПЕК-тің өзінің орындайтынына күмәнмен қарайды. Өйткені аталған ұйым ешқандай да ресми күшке ие емес.
Қалай дегенде де, осы аптада мұнай нарығы өткен аптадағы шешімнің алғашқы нәтижелерін көрсетпек. Ал сейсенбі, сәрсенбі, жұма күндері АҚШ-тағы мұнай қоры институты мен Baker Hughes ұйымы апта сайынғы мәліметтерін жаңартады.
Бауыржан Мұқанов,