Азат Перуашев кейінгі ұрпақты ойламай, ұлттық қорға қол сұға беретіндерге шүйлікті
2016 ж. 11 қараша
3326
7
Ұлттық қорға қол сұға беруімізді доғару қажет. Мәжілісте үш жылдық бюджетті бекіту кезінде депутат Азат Перуашев осындай пікір білдірді деп хабарлайды Алматы арнасы.
«Мұндай қарқынмен Ұлттық қордың ақшасын ала берсек, алдағы уақытта бізден кейінгі ұрпаққа ақша жетпеуі мүмкін. Инвестициялық кірістерді пайдаланудың орнына, әр шығынымызды осы қамбадан алуды әдетке айналдырдық», - деді парламент мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Бақытжан Сағынтаевтың өзі қатысқан мәжілістің пленарлық отырысында сын естімеген министр қалмады. «Үш жылға бюджет бекітерде қап-қап ақша сұрайсыздар, ал, істі тексеру барысында игерілмеген қаражат сомасы орасан» деп кіжінді үкімет басшысы.
Сондай-ақ министрлер кабинеті басшысының айтуынша, бюджет мұнай мен доллар бағамына тікелей тәуелді. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бюджет жобасында мұнайдың бір баррелін 35 доллардан есептегенідіктерін айтты. Қара алтынның бағасы әлемдік геосаяси жағдайларға байланысты әлі сан құбылады. Күні бүгін бұл маркалы мұнайдың бір баррелі нарықта 44 долларды көрсетіп тұр.