Қазақстанның сыртқы қарызы 154 миллиард долларға жеткен
2016 ж. 06 қазан
2681
0
Қазақстанда сыртқы қарызды өтеу шығыны соңғы төрт жылда сегіз есеге көбейген. Кей сарапшылар квазимемлекеттік сала қарызы бюджетке салмақ түсіреді деген пікір білдіреді.
МОНОПОЛИЯЛАНҒАН ЭКОНОМИКА
Қазақстан ұлттық банкінің дерегінше, елдің сыртқы қарызының жалпы көлемі 154 миллиард долларды құрайды. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өткен айда парламентте келтірген шілде айындағы мәліметке сай, мемлекеттік қарыздың жинақ мөлшері 10,9 триллион теңгеге (32,2 миллиард доллар), яғни маусымның 1-і күнгі жағдай бойынша 2016 жылғы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 24,6 пайызына тең. Аталған сомадағы үкіметтің қарызы 9 триллион теңгені, соның ішінде ішкі қарыз 4,39 триллион, сыртқы қарыз - 4,68 триллион теңгені құраған. Ұлттық банктің ішкі қарызы 1,55 триллион теңге деп көрсетілген.
Бишімбаев «Әлемнің өзге елдерімен салыстырғанда Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деңгейде» деген.
Бірақ кей сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызындағы квазимемлекеттік сектордың үлесін есепке алмау экономика үшін қауіпті. Экономист Мағбат Спанов сыртқы қарыз мөлшері қазірдің өзінде өте үлкен болып отыр деп санайды. Маманның сөзінше, көлемі 170 миллиард доллар шамасындағы жиынтық қарыздың арасында квазимемлекеттік компаниялардың берешегі өте күрделі проблемаға айналып отыр.
"Бізде классикалық нарықтық экономика жүйесі емес, монополияланған экономика қалыптасқандықтан, шаруашылық жүргізуші субьектілердің қарызын мемлекет өтеп жатады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрған квазимемлекеттік компаниялар қарызының салмағы мемлекетке түседі. Қаржы қарыз қайтаруға жұмсалып, әлеуметтік төлемдер азаяды. Тіпті қарызды өтеген күннің өзінде өндірістің жұмысы тоқырап, банкротқа ұшырамасына кепілдік жоқ", - дейді Мағбат Спанов.
Оның айтуынша, экономикада сыртқы қарыз шамасы ЖІӨ-нің 60 пайызы деңгейінен аспауы тиіс. «Ал бізде мемлекеттік кепілдендірілген қарыз, квазимемлекеттік сектор мен фирмааралық қарыздардың жиынтық сомасы қазір ЖІӨ көлеміне жетіп қалды. Тұтастай алғанда бұл жақсы нышан емес» дейді ол.
БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕР САЛМАҚ
Экономист Рахман Алшановтың пікірінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызының өсуі – заңды процесс. Оның сөзінше, қарыздың көлеміне емес, құрамына қарау керек.
"Бұл негізінен компаниялардың өзара қарызы, ал үкіметтің қарызы одан төмен. Қарыз бірден өтелмейді ғой, мысалы, оған зауыт салып жатыр делік, ол біткен соң ғана пайда әкеледі. Дайын өнім шығарғанша ол қарыз болып тұрады. Сондықтан егер қарыз кәсіпорынға салынып, кейін өнім беретін болса, ол күмән тумауы керек", - дейді Рахман Алшанов.
Экономист Оразалы Сәбденов Қазақстан өткен ширек ғасыр ішінде дайын өнім шығаратын кәсіпорындар құруға емес, негізінен шикізат өндіру көлемін ұлғайтуға назар аударып келгенін айтады.
"Келген инвестицияның қайтарымы болатындай тиімді жүйе қажет. Қайта өңдеу, ауылшаруашылығы тәрізді салаларға басымдық беріп, инвестицияны соған салу керек және қарызды асырмай бақылап ұстайтын механизм керек. Мысалы, көршілес Ресей мен Өзбекстанның қарыз деңгейі біздегідей жоғары емес", - дейді ол.
Сонымен бірге Сәбденов мемлекеттік қарыз туралы дерек ашық болуы қажет деп санайды.
"Мәселен, биыл кім, қайдан, қанша қарыз алды? Бұған дейін алған қарыздың қайтарымы бар ма? Әлде құмға сіңіп кетті ме? Осының бәріне жауап жоқ", - дейді Оразалы Сәбденов.
Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің дерегі бойынша, соңғы сегіз жылда Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарызының мөлшері 2,2 миллиард доллардан 32,2 миллиард долларға дейін өскен.
«Соңғы төрт жылда осы қарыздарға кететін шығын сегіз еседей көбейіп, көлемі жағынан денсаулық сақтау және білім беру салаларының шығындарынан асып отыр», дейді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.
Қаржы министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан мемлекеттік қарызы бар 134 елдің арасында қарыз көлемі жөнінен 12-орында тұр. Үкімет мемлекеттік қарыз деңгейін шектен асырмау үшін алдағы жылдары республикалық бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 1,2 пайыздан (2017 жыл) біртіндеп 1 пайызға (2019 жыл) дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл орайда Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің көлемі келесі жылы түсімнен 1,4 триллион теңгеге, ал 2018-2019 жылдары 1 триллион теңгеге көп болады деген болжам жасалған.