Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің несие мерзімін ұзарту керек
2016 ж. 04 қазан
5072
0
Аграрлық несие корпорациясы тарапынан берілетін қаржыны жабу мерзімі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді өте ыңғайсыз, қыспақты жағдайға тіреп келеді. Сол себепті «Ақ жол» ҚДП фракциясы ауылдықтардың мүддесін қорғап, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың атына депутаттық сауал жолдады. Оны 21-қыркүйекте депутат Ерлан Барлыбаев мәлімдеді.
Мәселе негізінен Аграрлық несие беруші корпорациясының алған қаржыны жабудағы өте қысқа мерзіміне қатысты болып отыр. Аталмыш корпорация жыл сайын көктемгі егіс пен күзгі орақ кезіндегі жұмыстарды жүргізуді қаржыландырып келе жатқаны белгілі. Биыл да бұл бағытта 60 млрд. теңге бөлінген болатын. Қаржыландыру қағидасы бойынша екінші деңгейдегі банктердің кепілдемесімен несие 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріледі. Сол сияқты жылжымайтын мүліктерді кепілдікке қою арқылы өзге де несиелеуші мекемелердің 9 пайыздық мөлшерлемесімен алынады.
«Бір қарағанда 5 пайыздық несие өте ыңғайлы және пайдалы болып көрінуі мүмкін. Бірақ, оны қайтарудың мерзімін 1-желтоқсанға апарып қойғаны несиенің ұтымды жақтарын жоққа шығарады. Өйткені бұл жерде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымға тікелей тәуелді екені ескерілмеген. Сол себепті ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұл несиенің пайдасынан зияны көбірек болып тұр, – делінген депутаттық сауалда. – Мысалы егін орағы қыркүйек айының соңында аяқталады. Ал майлы дақылдарды жинау қараша айын қамтиды. Нәтижесінде несиеге алған қарызды қайтаруға бір айға жуық уақыт қана қалады. Несиені қайтару үшін ауылдықтар өндірген өнімін өңдеп өткізіп үлгермейді. Өйткені өнімді тазалап, кептіріп, элеваторларға жеткізу және осыған орай сертификат сияқты толып жатқан құжаттарды рәсімдеулері қажет. Оған біршама уақыт кетеді.
Күз кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбеюуіне байланысты оны тасымалдау көліктеріне деген сұраныс артады. Оған қоса бұл өнімдерге деген баға да тым құлдырап кетеді. Осы мәселені жан-жақты қарасақ бүгінгі несиені жабу мерзімі ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұйыққа тіреп отыр»
Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілері несиені қысқа мерзімде жабу үшін біле-тұра шығынға саналы түрде баруына тура келеді. Сол үшін өздерінің ала жаздай еңбекпен өсірген өнімдерін асығыс төмен бағамен бере салуларына мәжбүр болады. Бұның бәрі олар үшін – қып-қызыл шығын. Ал ол өз кезегінде өнімге бір тиын еңбек сіңірмеген ортадағы делдалдар үшін таптырмас пайда. Сонда біз несиені ортадан келіп қыстырылатын, дайын асқа тік қасық болып жүрген делдалдар үшін беріп отырмыз ба? Бүгінгі несиені жабу мерзімі сол алып-сатарлар үшін қолайлы жағдай туғызып отыр.
«Ал шын мәнінде біздің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін қыс немесе көктем айларында өткізген анағұрлым тиімді. Бұл кезде тасымалдау көліктері де босайды. Ең бастысы нарықтағы баға да реттеліп, өнімдерін қымбат бағаға өткізе алады. Сонда алып-сатарлардың да жолы кесілер еді, – деп есептейді ақжолдық депутаттар. – Олай болса Аграрлық несие беру корпорациясының белгілеген қаржыны қайтару мерзімін кем дегенде 1-наурызға дейін ұзарту қажет.
Несиені өтеу мерзімін ұзартқаннан оны беруші мен алушы да ұтылмайды, керісінше екеуі де ұтыста болады. Корпорация осы уақыт аралығындағы өз пайызын алады, өндірушілер өнімдерін лайықты бағаға сатып пайда түсіреді». Жоғарыда айтылған мәселеге байланысты «Ақ жол» партиясы Үкіметтен Аграрлық несие беру корпорацияның қаржыны қайтару мерзімін келесі жылдың 1-наурызына дейін ұзартуды сұрады.
qazaquni.kz