ЖОСПАРСЫЗ ЖҰМЫС ОҢ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ
2016 ж. 14 қыркүйек
5058
15
Кез келген адам өзінің жұмысқа, оқуға немесе дүкен аралауға баратынын алдынала ойластырып барып үйден шығады. Демек, жолға шыққанда өзінің қайда баратынын анық біледі деген сөз. Өйтпесе басы ауған жаққа лағып кете бермей ме? Дәлірек айтсақ ол белгілі бір мақсатпен, жоспармен жүреді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома. Енді осы заңдылықты кең ауқымда – мекеме, министрлік, мемлекет көлемінде қарастырып көрелікші.
Алдымен қарапайым ғана мысал келтірейік. Сіз үй салғанда Алматыдағы «Алғабас» ықшамауданындағыдай ертең баспанаңыз қисайып құлап жатсын деп тұрғызбайсыз. Оны болашақта бала-шағаңыз да қызығын көрсін деп ұзақ жылдарға шыдап беретіндей жобалап, берік етіп саласыз. Есік алдындағы бау-бақшаңызды отбасының тамағын асырау мақсатымен тіршілікке аса қажет көкөніс, жеміс-жидек жинау үшін алдынала жоспарлап отырғызасыз. Яғни, адам баласының әрбір адымы жоспарлы түрде іске асады деген сөз.
Енді өткенге көз жүгіртіп көрелік. Бүгіндері біз ит терісін басына қаптап жүрген кеңестік кезеңде кез келген, тіпті кішкене ғана мекеменің өзінде басқасы құрып қалса да жоспарлау бөлімі міндетті түрде болатын. Ол сол еңбек ұжымының алдағы атқаратын жұмысын белгілеп, болашақ бағытын алдынала болжайтын. Ал, республика көлемінде Мемлекеттік жоспарлау комитеті деген құзырлы органның орны мен атқаратын рөлі ерекше еді. Ол ешқандай билік тармағынан кем түспейтін, керісінше оның мәртебесі сол толып жатқан министрліктерден әлдеқайда жоғары саналатын. Өйткені дәп осы комитет елдің экономикасының бағдарын айқындап, нақты жоспарлар жасап отыратын. Мысалы, алдағы жылдары қанша кәсіпорын ашылатынын, оның қанша өнім шығаратынын, сол тауарға қандай сұраныс барын немесе болатынын алдымен зерттеп, есептеп алатын. Өнімге сұраныс болмаса оны қолға да алмайтын, өйткені ертең ол ешкімге керек болмай еңбек еш болып, қыруар қаржы желге ұшады. Реті келгенде айта кетейік, ол үшін жоспарды жасаушы басымен жауап беретін. Егер сол жоспары жарамсыз болып қалса мемлекеттің қас-жауы ретінде қылмыстық іске тартылатын. Сондықтан қанша жұмысшы күші мен қанша инженер, технолог мамандар қажеттігін мұқият есептеп, тіпті сол мамандарға қанша баспана керектігі мен олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы толықтай ескерілетін. Олардың балаларына қанша балабақша мен мектеп керектігі де жоспарланатын. Онсыз бірде-бір құрылыс басталмайтын-ды. Сол сияқты бес жылдан кейін қанша адам зейнеткерлікке шығатыны, оның орнына арнаулы мамандарды дайындау да басты назарда болып келді. Соған байланысты қажетті мамандарды жоғары оқу орындарда дайындап, өндіріске жолдамамен жіберетін. Ол жас маманға барлық тұрмыстық жағдайлар жасалынатын-ды. Бұны – нағыз нақты жоспарлау деуге болады. Бағыт айқын болмаса кім де болса адасады, басы ауған жаққа кетеді.
Ал, қазір бізде жоспарлау деген бар ма? Жоқ. Бұл пікірімізге шеке тамырлары білеуленіп қарсы шығатындар табылады. Әсіресе билік пен соның маңындағы осы іске тікелей жауаптылар ертоқымын бауырына алып тулайтынын да білеміз. Бірінші кезекте іс басында отырған біздің экономистер шулап шыға келері анық. «Бізде бәрі жоспарланған, бәрі де белгіленген бағдарламалар бойынша іске асып жатыр» деп өзеурейтінін де сеземіз. Өкінішке орай, іс жүзінде олай емес. Ел экономикасының тұтқасын ұстап, қазанын қайнатып отырғандардың шегі үзіліп кетсе де тағы да қайталап айтамыз – бізде нақты жоспарлау жоқ. Дәлел керек пе, онда құлақ түріңіздер.
Алдымен мына бір мәселенің басын ашып, анықтап алайық. Біріншіден, біз бағдарлама, жоба, жоспар деген үш ұғымды шатастырмауымыз керек. Бағдарлама дамуға арналған кең ауқымды бағыт. Оның құрамында бірнеше салаға байланысты ұзақ жылдарға арналған бағдар берілуі мүмкін. Мысалы, «Қазақстан – 2050», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту – 2020» сияқты бағдарламаларды айтуға болады. Жоба – белгілі бір істің жалпы нобайы. Айталық белгілі бір шараның, нысанның жобасы. Ал жоспар – ойластырылған, нақты атқарылатын іс. Іс болғанда да әрбір қадамы есептеулі болуы керек. Онда негізгі белгіленген мақсатқа жетудің адаспайтын тура, нақты жолы көрсетілуге тиісті. Белгілі бір салаға байланысты іске қосылатын кәсіпорынның негізгі мақсаты басшылыққа алына отырып, қандай және қанша өнім шығарылатыны, оның қайда пайдаланылатыны, оған деген сұраныс қандай, оны шығарғаннан қаншалықты пайда табатынымыз түгелдей зерттеліп есептелуі қажет. Өндіріс барысында қанша қаражат үнемделіп, аса қажет қаржымызды сақтап қалғанымыз да маңызды. Бұны дағдарыс болсын болмасын, тіпті шіріген бай болып кетсек те ұмытпағанымыз жөн. Өйткені теңге тиыннан құралады. Дәлірек айтсақ, үнемдемеу мен жоспарлауды білмеу сол дағдарысқа апарып соғады. Оған қоса алдында айтқанымыздай қанша тұрақты жұмыс орындары ашылатыны алдымен ескерілуі міндет. Бұл біз айтып отырған жоспарға байланысты негізгі кейбір талаптар ғана. Ал оны орындау барысында тағы да көптеген қосымша жолай мәселелер көтеріледі. Оның бәрі мұқият есепке алынуы қажет. Осының бәрін қалтқысыз нақты орындағанда ғана біз діттеген мақсатымызға жете аламыз.
Енді осы айтқандарымыз шынайы өмірімізде қалай іске асып жатыр, талаптар мен заңдылықтар орындалып жатыр ма дегенге назар аударып көрелік. Міне тап осы жерде жаңағы жобалаушылар мен біздің пікірлеріміз бір жерге тоғыспайды. Өйткені қағазда жазылған жоспар мен шынайы істің алшақтығы жер мен көктей болып жатқанын күнделікті көріп келеміз. Сөзіміз жалаң және «жаптым жала» болмас үшін оған да бірнеше мысал келтірейік. Айталық, өзіміздің Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласындағы арнайы техникалар жасау зауыты негізгі жобаға сәйкес жылына 500 дана көше жуатын, өрт сөндіретін сияқты аса қажет көліктерді шығару қуаттылығын игерді. Оған бұрынғы ауыл шаруашылығы техникаларды шығаратын зауыттың ғимаратын пайдаланған күннің өзінде қыруар қаржы кетті. Ұрандатып ашылу рәсімін де өткіздік. Нәтиже қандай? Он-ақ пайыз! Өйткені өнімге деген сұраныс жоқ, сондықтан жылына небары 50 ғана техника шығарып, жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды.
Қазақстандағы алғашқы планшеттерді өндіреді деген Ақтау қаласындағы «Аққу» зауыты сол күйі нақты іске қосылмады. Сөйтіп мемлекет салған ақшаны шығару үшін зауыт сатылымға шығарылғаны белгілі. «Біздің несиеге алған 80 миллион теңге қарызымыз бар. Ол ақша зауыт ғимаратын салуға кеткен. Мемлекетке 120 миллион теңге қайтарылуы керек» – деген «Каспий» «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» (ӘКК) басқарма бастығы Ибрагим Тағашевтың зары әлі есімізде. «Каспий» ӘКК-сі – зауыттың 91 пайызының иесі болғанымен, қалған 9 пайызы жекеменшік «Caspiy Еlectronics» фирмасына тиесілі. Аталмыш фирма басшылығына мүлікті талан-таражға салу және алаяқтық бабымен айып тағылды. Тергеу барысында зауыт Қытайдан планшеттер мен дайын өнімдер әкеліп, оларды өз өнімі ретінде көрсеткені белгілі болды. Ақырында зауыттың ашылмай жатып мемлекетке 1 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Қарағандыдағы «ҚазАвиаСпектр» атты жеңіл ұшақ шығарады деген зауыт та үмітімізді ақтамады. Ауыл шаруашылығына арналған бұл жеңіл ұшақтарды шығару мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілгені өз алдына, «МВЕН-2 Фермер» ұшағын қасақана зауытта ұстап отырғаны үшін татарстандық әріптестері зауыт басшылығын сотқа беру туралы өтініш жасаған болатын. Яғни, жобадағы жұмысты дұрыс атқармаған. Сөйтіп, дау-дамаймен 5-6 жыл өткенде алғашқы ұшақты аспанға көтергенде ол қанат қағып үлгермей құлап түсті.
Тіпті бастапқыда дүркіреп жұмыс істеп кеткен кәсіпорындарымыздың өзі кейін ақсап, дағдарысқа түсіп қалатынын да көріп жүрміз. Мысалы, өнеркәсібі өркендеген өңір Екібастұз қаласындағы вагон жасау зауыты алғашқы жылдары қарқынды жұмыс істегенімен, соңғы кезде тапсырыстың болмауынан жұмысшылардың жалақысын да тауып бере алмай қалды. Жүк тасымалдайтын вагондарға деген іштегі және сырттан түсетін тапсырыс тіптен төмендеп кеткен. Сатып алушы болмаса оны көрмеге қою үшін шығара ма? Демек сұраныс болмаса өндіріс бірден бәсеңсіп, тіпті мүлдем тоқтауы заңдылық.
Сол сияқты біздің еліміздегі жеңіл автокөліктер құрастыратын Өскемен мен Қостанай қалаларындағы ірі кәсіпорындардың да халі мүшкіл. Олар шығарған көліктерді сатып алу 60 пайызға дейін түсіп кеткен. Олар да жұмысшыларын енді бұрынғыдай тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете алмасы белгілі. Сондықтан жұмыс сағаттарын қысқарту, ақысыз демалысқа шығару деген сияқты мәжбүрлі әдіске амалсыз баратын болады. Бұл біз айтып отырған еліміздегі кәсіпкерлікке байланысты деректердің бір шеті ғана. Оның тізімін түрлі салалар бойынша әлі де шексіз жалғастыра беруге болады. Бірақ, оның бәрі ешкім үшін жаңалық емес, онсыз да жұрттың бәрі көріп, біліп отыр. Бізге соның себебі мен салдарын анықтау анағұрлым пайдалы. Соны анықтай отырып алдағы адаспайтын бағытымызды белгілеу емес пе?..
Осы бір келтірілген 4-5 мысалдан нені аңғаруға болады. Алдында айтқан нақты жоспарлаудың жоқтығын көрсетеді. Зауытты қуаттылығын белгілеп, құрылысын салып іске қосумен жұмыс бітпейді. Бұл жерде болашақтағы өнімге деген сұранысты зерттемегендігі айғайлап тұр. Тауар өтпесе пайда да түспейді. Сұраныс болмаса қыруар қаржы жұмсап зауытты несіне салдық? Әлде бізде әдетке айналғандай құрылысқа ақша бөліп, соны талан-таражға салу үшін жоба жасадық па? Қаншама мамандарды қабылдап, қайтадан тентіретіп жіберу үшін ұйымдастырдық па? Олар бұрынғы жұмыстарын тастап, табысты орын, жақсы өмір іздеп келді емес пе? Олардың да үйінде асырайтын бала-шағасы бар ғой. Ал, желге ұшқан мемлекет, дәлірек айтсақ халықтың қаржысын кім қайтарады? Тіпті кәсіпорындар жекеменшік инвестордікі болғанымен олар да оңбай ұтылды емес пе? Кәсіпорын иелері де біздің адамдар ғой. Олар да кәсіпкерлікті дамытып, халыққа қажет өнім шығарып, елімізге пайда келтірсем деп ойлаған жоқ па? Оның үстіне Елбасының өзі кәсіпкерлікті дамыту туралы тұрақты айтып келеді. Осы саланың жұмысын үйлестіріп отыруға тиісті біздің мемлекеттік органдар қайда қарап отыр? Әрбір салалар бойынша құрылған министрліктер ай бағып отыр ма? «Бәрін жекеменшікке бердік, ендігісін өздері білсін» деген сыңайлы біздің үкіметтегілер. Олай болса сол үкімет не үшін керек? Барлық кәсіпкер елдегі экономика бағытын аңдай алмауы мүмкін. Сондықтан жоғарыдағы министрлік өз саласы бойынша зерттеу жүргізіп, ертеңгі күнде не болатынын бүгіннің өзінде біліп, болжап отыруға міндетті. Сол үшін ол үкімет деп аталады. Шеттен келетін импортты реттеп, отандық өндіріске кеңірек жол ашу да солардың жұмысы. Әлде бізде білікті кадрлар жетіспей ме? Жоқ, олай деп айта алмаймыз. Қыруар қаржы шығарып, ондаған жылдар бойы мыңдаған мамандарды шетелде оқытып келеміз. Қайда сол Батыстағы нарық жілігін шағып, майын жұтып келгендер? Әлде олар Батысқа тек ағылшын тілін игеру үшін ғана барды ма? Ағылшын тілі демекші, оңтүстікте тіпті орыс тілін қоса есептегенде бірде-бір шетел тілін білмейтін, жоғары білімі де жоқ бір кәсіпкердің іскерлігіне таңғалғанымыз бар. Жылдар бойы көкөніс егіп әжептәуір пайда көріп келген қарапайым кәсіпкер енді жүгері егуге ауысыпты. Сөйтсек, оның айтуынша көкөніске бәсеке басым, сондықтан сұранысы жоғары мал шаруашылығына аса қажет жүгері егуді жоспарлапты. Өзі де қосымша мал өсірумен айналыса бастапты. Айтайын дегеніміз, біздің табақтай дипломы бар, бес-алты шетел тілін білетін білікті мамандарымыз жаңағы қарапайым кәсіпкер құрлы болмағаны ма? Қарапайым еңбек адамының өзі жоспарлаудың әкесін көрсетіп отырған жоқ па?! Неге біз атаған ірі кәсіпорындар нарықтағы сұранысқа орай өндіріс бағытын алдынала өзгертпейді? Неге тауарлардың жаңа түрін шығаруды игермейді? Біздің нарықта бұл тауардың толып кететінін, сұраныстан шығатынын алдынала болжап, нақты жоспарлап отыратын жауапты органның жоқтығын осыдан-ақ байқауға болады. Экономиканы дамытудың басқа да жүздеген жолдарын айтпаған күннің өзінде осы бір қарапайым әдістерін пайдаланып, кәсіпкерлік саланы реттеп отыруға болады ғой. Сондықтан да біз елімізде нақты жоспарлау жоқ деп отырмыз. Біздің бұл пікірімізбен келісу, келіспеу әркімнің өз еркінде. Ал нақты жоспарлау мен үнем болмаса істеген жұмысымыздың бәрі далбаса, ешқашан оң нәтиже бермейтіні анық.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz