Әбдімәжит Сыздықбеков, кәсіпкер: ӘРБІР МҮМКІНДІКТІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАҒЫМ КЕЛЕДІ
2016 ж. 14 қыркүйек
4883
1
Біздің кейіпкеріміз осыдан төрт жыл бұрын өзінің туып-өскен ауылы – Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданы, Шәмші ауылында «Алпамыс батыр» атты спорт алаңы мен «Алаш аллеясын» орнатқан-ды. Бүгінде осы нысандар ел игілігіне жақсы жұмыс істеп тұр.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Әбдімәжит Саттарұлы үнемі бүкіл әлем көз тігетін дүбірлі додалардың басы-қасынан табылуға тырысады. Спортшыларымызға дем беру үшін таяуда Рио-де-Жанейро олимпиадасына да жол шегіп қайтты.
Былтыр 29-шы кездесуін нокаудпен аяқтаған қазақстандық боксшы, әйгілі әлем чемпионы Геннадий Головкинге Әбдімәжит Сыздықбековтың Монакоға арнайы барып қазақы ою-өрнекпен тігілген зерлі шапанды сыйға тартқаны әлі күнге дейін ел есінде. Қай кезде де осындай игі істердің ұйытқысы болып жүретін іскер азаматпен тілдесудің сәті түскен еді.
– Әбдімәжит Саттарұлы, білуімізше, сіз ғалымсыз. Кәсіпкерлікке қалай бет бұрдыңыз?
– 1986 жылы Мәскеу қаласындағы Инженерлік құрылыс институтында аспирантурада оқып, диссертация қорғадым. Техника ғылымының кандидатымын. Елге оралып, Шымкент қаласындағы Қазақ химия-техникалық институтында(қазіргі М.Әуезов атындағы ОҚМУ) қызмет атқардым. Осы тұста бірқатар ғылыми еңбектер мен оқу-әдістемелік құралдарының авторы атандым. Мәскеудегі бір инситуттың филиалын ашып, ғылыммен айналысуға ден қойдым. Келісім-шарт арқылы көптеген мекемелермен бірлесе жұмыс істедік. Мұғалімдік қызмет пен бірге ғылыми іспен айналысу арқылы алғашқы табысымды таптым.
Кеңес кезеңіндегі ахуал еліміздегі кез-келген салаға қиындық туғызғаны мәлім. Осындай өліара шақта аймақтағы зауыттар өз жұмысын тоқтата бастады. Сол себепті де өзімнің таңдаған ғылыми тақырыбым бойынша жұмысты жалғастырудың өзі едәуір қиынға соқты. Сондықтан, кәсіпкерлікке бет бұруды жөн санадым. Сөйтіп ғылымнан тапқан азын-аулақ қаржымды осы салаға салдым. Алғашында бидай, ұн секілді ауылшаруашылығы өнімдерін сатумен айналыстық. Осылайша сауда арқылы ісімізді жүргізе бастаған тұста, яғни 1990 жылдары өзім еңбек еткен оқу орнынан докторлық қорғауға ұсыныс түсті. Әйткенмен, бизнеске енді бейімделе бастаған ол бір тұста, әрі қарай ғылым қуудың реті келе қоймады.
Кейін ауылшаруашылығымен айналысу үшін өзімнің өсіп-өнген ауылға ат басын бұрдым. Жер алып, мал жинап, қора салып, мал басын көбейту үшін жұмыс істедік. Басында қой шаруашылығы қолайлы көрінгенімен, кейін кәсіп үдесінен шыға алмадық. 1998 жылдан бастап түйемен айналысуды қолға алдық. Бастапқыда бұл да оңайға соққан жоқ. Алғашқыда төрт-бес түйеміз ғана болса, кейін олардың саны ақырындап арта түсті. Бүгінде түйенің асылтұқымды статусын өсіруге қол жеткіздік. Осылайша ауылшаруашылығын дамыту мақсатында ауылдан құрылған «Сыздықбеков» шаруақожалығы күн санап өрісін кеңейте түсті. Қазіргі таңда мекеме қызметкерлері қауын-қарбыз, жоңышқа егіп, аймақтағы егін шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып келеді.
– Іскер кәсіпкер ретінде бір емес, бірнеше мекемені қатар басқарып, ісіңізді дөңгелетіп келе жатқан азаматсыз. Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін өзіңіз тізгінін ұстап отырған мекемелердің тыныс-тіршілігімен толығырақ таныстырып өтсеңіз...
– Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кәсіпкерлікті қолға алған алғашқы буынның өкілі ретінде менің кәсіпкер ретінде армандарым өте көп. Қазақ елінде ауылшаруашылығын дамытатын зауыттар көптеп ашылса екен деймін. Сондай-ақ, тұқымды асылдандыру, мал өнімдерін шет елдерге экспорттау тұрғысында да республика бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілсе деген тілегім бар. Отырар ауданында орналасқан «Сыздықбеков» шаруақожалығы бүгінде осы бағыттағы жоспарларымызды жүзеге асырудың жолында еңбектеніп келеді.
Ал, Шымкент қаласынан 2000 жылы бой көтерген «OTYRAR GROUP LTD» ЖШС мекемесі жергілікті жұртшылықты құрылыс заттарымен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді. Мекеменің Қазақстанның әрбір қалалары мен облыстарында арнайы базалары бар. 150-ге жуық адам еңбек ететін кәсіпорнымыз алыс-жақын шетелдермен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Мұнымен қатар, еліміздің Астана және Шымкент қалаларында төсек-орын жабдықтарын тігумен айналысатын «Айтекс» атты цехымыз бар. Осындай бірнеше кәсіпорын ісін жүргізу арқылы елді жұмыспен қамтуға үлес қосып келе жатырмыз.
– Еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау ісі көңіліңізден шыға ма? Бұл бағытта нақты қандай істер атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға зәру. Негізі, бұл үшін көп нәрсенің де қажеті жоқ. Айталық, ең алдымен кәсіпкерлерге банктерден төменгі пайызбен несие алуға жағдай жасалса. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту үшін тиісті мекемелердегі бюрократиялықты азайту қажет. Елімізде ауылшаруашылығы қарқынды дамуы үшін, бірінші кезекте шаруа қожалықтары көптеп ашылса. Ол үшін, әрине, кәсіпкерге өзінің ашқан қора-қопсысын заңдастырып алу керек. Осы бағытта кәсіпкерлерге қойылар талап қатаң. Көпшілігіміз тек легализацияның аясында ғана базаларымызды заңдастыруға мүмкіндік алдық. Әйтпесе, біздің қоғамдағы қағазбастылық көптеген іске тұсау болып жүргені анық. Сонымен қатар, әрбір әкімдікте отырған кәсіпкерлік саласындағы шенеуніктер өз аймағындағы кәсіпкерлердің мұқтажына қарайласса іскерлік саласы жанданар еді. Біле білсек, кәсіпкерлер мемлекеттің зкономикалық тұрғыдан дамуына бірден-бір ықпал етуші тұлғалар. Сондықтан да, оларға қарқынды жұмыс істеу үшін жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болуға тиісті. Осы тұста бір нәрсенің ара жігіт ажыратып алғанымыз жөн. Бізде бармақ басты, көз қысты әрекеттермен мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізіп, мемлекеттің қаржысын сорып отырғандар жетіп-артылады. Шындығын айтқанда, «дайын асқа тік қасық» болып жүрген ондай пысықайларды кәсіпкер деп санамаймын. Кәсіпкер деп өзінің табан ақы, маңдай тері арқылы халықтың біршама бөлігін жұмыспен қамтып отырған жандарды айтқан болар едім. Сондықтан да, қара басының ғана емес, халықтың қамын ойлап жүрген кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан мейілінше қолдау көрсетілсе бүгінгі қоғамымыз бір қадам болса да, алға жылжитыны анық.
– Бұған дейін Лондон, Бейжің олимпиадасына арнайы барып қатысқаныңызды білеміз... Бокстың шынайы жанкүйері ретінде айтыңызшы, дүниені дүбірлеткен Рио төрінде қазақ боксшыларына не жетіспеді? Кейбір журналистер жігер, рух, намыс жетпегенін айтып жатты. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Жоқ, әрине мұндай қисынсыз сынмен келіспеймін. Бокс жанкүйері ретінде халықаралық додалардың бел ортасынан мүмкіндігінше табылуға тырысамын. Мәселен, Бейжің мен Лондондағы олимпиадаларға қарағанда біздің боксшыларымыздың бұл жолы шеберлігінің әлдеқайда шыңдалғанын байқадық. Өкінішке орай біздің кейбір азаматтарымыз олимпиадаға арнайы барып, спортшыларымызға қолдау көрсетуге жарамайды. Соған қарамастан, үйде отырып сынап-мінеуге шебер. Рас, бұл сында боксшыларымыздың барлығының бірдей айы оңынан туа қоймады. Бірақ бұл қазақ жігіттерінің намыссыз, жігерсіз екендігін білдірмейді. Жанкүйер ретінде осынау дүбірлі доданың басы-қасында болдым. Ашығын айтқанда, қазылар алқасының орыс пен өзбек боксшыларына бүйрек бұрғаны айқын байқалып тұрды. Мәселен, Әділбек Ниязымбетовтің күмісін алтынға бергісіз деп бағалар едім. Әділбек биік деңгейден көріне білді. Ал, Біржан Жақыпов рингке шықпай тұрып-ақ, жеңістің қарсыласына берілетінін білді. Мұның өзі оған үлкен соққы болды деп ойлаймын. Дегенмен, Біржан олимпиадаға үш мәрте қатысып, дүниежүзінің чемпионы атанған боксшы. Қарсыласын басымдықпен жеңген Василий Левитке төрешілердің қандай әділетсіздік жасағанын да көрдік. Бірақ шарасыз едік. Бұл жерде мен, жігер намыс, ұлттық рух біздің спортшыларымызға емес, бокстың айналасында жүрген кейбір шенеуніктерге жетіспейтіндігін айтқым келеді.Олар біздің боксшыларға төрешілер тарапынан қиянат етпеуін қадағалау керек еді. Тіпті Серік Қонақбаевтың Левитті төрешілердің көмегімен жеңген Тищенкоға медаль тапсырғанда, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым.
Тек АИВА-ның көзімізді бақырайтып қойып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол беріп отырғандығы ғана көңілімізге кірбің ұялатқанын жасырмаймын.
– Өскен өңіріңіз – Отырар ауданынан өзіңіздің қолдауыңызбен ашылған «Алаш аллеясы» мен «Алпамыс батыр» спорт кешенінің бүгінгі жұмыс барысы қалай?
– «Алаш аллеясы» бұдан бес жыл бұрын бой көтергені мәлім. Былтырға дейін оның халыққа қызмет көрсетуіне тікелей өзім демеушілік жасадым. Ал, қазір аллея мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде жергілікті әкімшілікке қарайды. Жеке кәсіпкер ретінде туған елге тарту ретінде ұсындым. Дегенмен, қазір де ондағы көк шалғынның жайқалып өсіп тұруы үшін қолымнан келген көмегімді көрсетіп тұрамын. Жақында ғана осы аллеяда ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 86 жыл толуына орай салтанатты шара өте жоғары деңгейде аталып өтті. Мұның өзі нысанның ел игілігіне қызмет етіп жатқандығының көрінісі. Осындайда кеудеңді қуаныш кернейді. Ал «Алпамыс батыр» стадионы жас ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу жолында қызмет көрсетіп келеді. Өскелең ұрпақ аталған орындарда спортпен айналысып, Алаш арыстарының рухымен жігерленсе, онда біздің дені сау, рухани бай жастарды тәрбиелей алғандығымыз. Еткен еңбегім еш кетпей, ел игілігі үшін бір іс жасағаным үшін де өзімді бақытты жандардың санатына жатқызамын.
– Әбдімәжит Саттарұлы, елжанды ердің бірі ретінде қоғамдағы қандай мәселе сізді қатты алаңдатады?
– Жақында ғана Қытайда өткен G20 саммиті қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Синьхуа агенттігі мен басқа да ақпарат құралдарына берген сұхбатында Қытайдан 51 кәсіпорынның Қазақстанға көшірілетінін айтты. Бүгінде осы мәселе мені қатты алаңдатады. Өйткені, Қытайдағы алдыңғы қатарлы зауыттардың дені Еуропа елдерінікі. Ал, Қытайдың өз зауыттары экологиялық тұрғыдан адам өміріне қауіп төндіретін нысандар екендігі белгілі. Сондықтан да, бұл мәселеге біз аса сақтықпен қарауымыз керек. Мұның артында үлкен бір қауіптің тұруы да ғажап емес. Түптеп келгенде бұл халықпен тікелей санасып барып шешілуге тиіс дүние деп ойлаймын.
– Қайырымдылық шараларына қолдау көрсетіп тұрасыз ба?
– Елге кәсіпкер ретінде танылғандықтан, өздерінің жеке мұң-мұқтаждықтарын айтып келетін жандар аз емес. Мүмкіндігіме қарай әлеуметтік көмекті қажет ететін, көмек сұрай келген жандарға қол ұшымды созуға тырысамын. Сондай-ақ, елімізге белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтанхан Жүсіптің Алаш көсемі, бүкіл әлемдік дара тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай жазылған еңбегін жарыққа шығаруға атсалысып жатырмын. Бүгінде екі кітабы жарық көрсе, енді екеуі баспаға әзірлену үстінде.
Сонымен қатар, түрлі қайырымдылық шараларына қатысып, қолдау білдіріп тұрамын. Қайырымды іс жасауды азаматтық парызым деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz