Сапарбаев жас журналистердің баспана мәселесін шешіп бермек
2016 ж. 05 тамыз
2324
1
Ақтөбеде екі жатақхана салынып жатыр. Біреуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Екіншісі алдағы жылы пайдалануға берілмек. Ол жатақханалардан дәрігер, мұғалім, әртіс секілді жас мамандармен қатар, баспанасы жоқ журналистерге де бөлме берілуі мүмкін, деп хабарлайды «Тілші».
– Сапарбаев уәде берді, кейін орындамады деп жүрмеңіздер. Бірақ, жас журналистерге бөлме береміз. Биыл бір жатақхана құрылысы аяқталады, екіншісін келесі жылы тапсырамыз. Содан кейін үшінші жатақхана құрылысы бар. Менің арманым – жас мамандарға көмектесу. Дәрігер, мұғалімдер, әртістер мен спортшылардың баспана мәселесін шешіп берсек деймін, – дейді облыс басшысы Бердібек Машбекұлы.
«Тілшінің» хабарлауынша, өңір басшысы Ақтөбе облысынан өзге жаққа кетіп қалған жас мамандармен сөйлескенін де жасырмады.
– Кейбірімен тілдестім. «Жағдайымыз болмаған соң, кетіп қалдық» дейді. Бүгінде облыста білім, медициналық кластер қалыптастырып жатырмыз. Ал ол үшін жас мамандар керек-ақ. Әрине, мәселені бүгін-ертең шешіп беремін демеймін, – дейді Бердібек Сапарбаев.
Жалпы, журналистердің үй-жайы туралы мәселе былтыр да, биыл жыл басында да көтерілді. Желтоқсан айында осы сауалды белгілі журналист Мейрамгүл Сатаева қойған болатын. Кейін облыс басшысы «РИКА» медиахолдингінің ұжымымен кездескенде әріптесіміз Динара Жаналина да қозғады.
Республикалық «Жас алаш» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Баян Сәрсембинаның айтуына қарағанда, ақтөбелік жас тілшілердің «басынан сипап, қамқорлық танытып» жатқан ешкім жоқ.
– Ақтөбе облысында жас журналистер легі қалыптасты. Қазір олардың орта жасы отыздан асып барады. Көбісінің жағдайлары болмағандықтан кетіп жатыр. Телекомпаниялар мен газеттерде басшылары ешқандай жағдай жасаған жоқ. Олардың маңдайын сипамағаннан кейін, көмектесіп жібермеген соң, көпшілігі Алматы, Астана қалаларына кетті. Ербол Сейілхан, Әлия Таласова, Айгүл Жұбаныш талантты кадрлар кетіп қалды, – дейді Баян Сәрсембина.
Аға буын журналистің пайымынша, бүгінде Ақтөбе журналистикасында баспана мәселесінен өзге, кадр мәселесі де өзекті. «Журналист даярлайтын оқу ордасы да жоқ, ол үрдіс әлдеқашан тоқтап қалды» дейді Баян Сәрсембина.
Асқар Ақтілеу
Дереккөз: dalanews.kz