Үкімет зейнетақы қорына тағы да ауыз салмақшы
2016 ж. 22 маусым
1914
1
Халықтың жинақтағы зейнетақы ақшалары ақыры ұсталатын болып шешілген. Бүгін зейнетақы активтерінің 2016 жылы төрт бағытқа жұмсалғандығы туралы хабарланды.
Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматов мәлім етті. Оның айтуынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы активтерін инвестициялау Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес айқындайтын бағыттар шеңберінде жүзеге асырылады.
2016 жылы Ұлттық қор кеңесінің шешіміне сәйкес, 1 450 миллиард теңге мөлшеріндегі зейнетақы активтері төрт бағытқа жұмсалмақ.
— Біріншісі, республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін ҚР бағалы қағаздарын сатып алуға 350 млрд. теңге бағытталады. Екіншісі, шетелдік нарықтарда инвестиция жасау үшін шетел валютасын сатып алуға 500 млрд теңге жұмсалмақ.
Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің негізделген борыштық бағалы қағаздарын сатып алуға 400 млрд теңге беріледі. Төртіншіден, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктердің негізделген қаржы құралдарын сатып алуға 200 млрд теңге бөлінеді, — дейді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Бұл ретте Ұлттық банктің өкілі инвестициялау инфляцияның ағымдағы деңгейін, эмитенттердің кредиттік рейтингтерін және басқа экономикалық факторларды ескере отырып, нарықтағы пайыздық мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылатындығын баса айтты.
Демек, қазақстандықтардың бүгінгі таңдағы жалпы сомасы 5 триллионнан астам теңге зейнетақы жинағының 1 триллион 450 миллиард теңгесі жұмсалмақ.
Дерек көзі: 365info.kz