Шекара аумағынан шетелдіктерге жер жалға берілмейді - АШМ
2016 ж. 19 маусым
2306
11
Алматы облысының Талғар ауданында жер реформасы бойынша республикалық комиссия мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев тұрғындар тарапынан әсіресе шетелдіктердің жерді шекара маңынан алуға тырысатыны жайлы алаңдаушылықтарына өз жауабын берді.
«Бұл жерде шетелдіктерге келер болсақ, оларға нақты шарттар қойылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруге тыйым салынған. Шекара маңынан да жер жалға берілмейді. Нотариаттар арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке рәсімдеуге тыйым салынған. Ал егер жер тиімді пайдаланылмаған жағдайда Жер кодексінің 92-93-94-баптары бойынша жалға берілген жерлер мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев. Оның сөзін Қазақпарат келтіреді.
Айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінгі таңда жеке меншіктегі жердің көлемі - 1 млн 300 мың гектарды құрайды. Бұл қолданыста жүрген - 100,8 млн гектар жердің небары - 1,3 пайызына тең. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығындағы жерлердің басым бөлігі жалға алу құқығымен пайдаланылуда. Мұның ішінде шаруа қожалықтарында - 57,5 млн гектар, ал агроқұрылымдарда - 40,2 гектар бар. Оларды пайдалану мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін.
Дерек көзі: Қазақпарат