Нұрсұлтан Назарбаев екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелендіруін қамтамасыз етуді тапсырды
2016 ж. 20 мамыр
2118
20
Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұлттық банктің 2015 жылғы есебін тыңдады.
Нұрсұлтан Назарбаев инфляция үдерістерін жыл аяғына дейін тұрақтандыру, ұлттық валютаның айырбас бағамының күрт ауытқуына жол бермеу және екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелендіруін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Д.Ақышев өткен жылдың Қазақстан экономикасы үшін оңай болмағанын, соған байланысты ақша-несие саясаты түбегейлі өзгертілгенін атап өтті. Бұл ретте 2016 жылы валюта, ақша және жалпы қаржы нарығында тұрақтану нышаны байқалып отыр. Ұлттық банк төрағасы орта мерзімді кезеңде ел тұрғындары мен кәсіпорындары үшін оң нәтижелер, соның ішінде несиелеудің жандануы күтіліп отырғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Дерек көзі: ҚазАқпарат