МАРЧЕНКО «КӨРІПКЕЛДІГІН» ӘЛІ ДЕ ҚОЙМАПТЫ
2016 ж. 29 наурыз
1982
0
ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Григорий Марченко ресейлік журналистерге берген сұхбатында Қазақстанның экономикасын не күтіп тұрғанын айтып, өзінше батыл болжамдар жасапты. Біраз жылдар еліміздің қаржы саласын басқарған сақалды маман әріптестері Қ. Келімбетов, Қ. Дамитов, Ә. Сәйденов секілді өз қателіктерін мойындаған жоқ. Бар бәлені экономикалық белгісіздіктің беліне байлап берді.
Алдымен естеріңізге сала кетейік, Алматыда өткен бір сүбелі саммитте еліміздің қаржы саласын әр жылдарда басқарған экс-банкирлер өз қателіктерін мойындап, халықтан кешірім сұрамаса да өкініш білдірген болатын ( «Нақақ көзден жас тамбасын...», «Қазақ үні» №10, 2016 ж.) Олардың қатарында Марченко көрінбесе де, есесіне көрші елдің журналистеріне ағынан жарыла ақтарылыпты.
«Мұнай бағасы, рубль, теңге бағамдары өсіп келеді. Біздің Қазақстанда қаржылық интервенция жасауға қор бар, дегенмен үш рет дағдарыс болғаннан кейін бір жарым жыл ішінде Орталық банкке деген сенім жоғалды… Бұл сенімді қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт керек», – депті журналистерге Марченко. «Орталық банк» деп біздің Ұлттық банкті меңзеген болар. Ал сенімге келер болсақ өзі бас банкир болған қаржы саласының салы сол кезде-ақ суға кеткен-ді. Одан кейінгілер де оны қайтара алмады. Валюталық дәлізді біресе кеңейтіп, біресе тарылтып ауа-райындай қырық құбылтты емес пе? Ақыры сол дәлізде өзімен бірге халықты да адастырды. Бұдан кейін бұқараның банкке деген қандай сенімі болуы керек? Ел арасында «қаржы көріпкелі» атанған экс-төрағаның бас қатырар болжамдары мен айтпаған уәдесі қалмағаны да есімізде. Көріпкелдігінің кепілі ретінде, айтқаным айдай келмесе «Сақалымды қырып тастаймын!» дегенге дейін барғанын білеміз. Бірақ, айтқан болжамы айдалаға лағып жатса да сақалы орнында қалды, тіпті қылшығы да түскен жоқ. Рас, өзі орнынан кетті.
Марченконың ойынша, мұнайды экспорттаушы елдердің басты қателігі – экономиканы әртараптандыра алмағандығы. «Соның салдарынан бағаның түсуінен қорғанатын қосымша жағдай бізде жасалмады. Нәтижесінде бізде айтарлықтай бағамдық саясат жоқ, бәрі мұнай бағасына тікелей байланысты болып отыр. Бізге тек үміттеніп отыра беруден басқа амал жоқ» – деп тағы да көріпкелдігін көрсетіпті. Нағыз салын суға кетіріп, жағада жаяу қалған адамның сөзі ғой. Экономикаға қатысты бұл «қағидасы» да жаңалық емес, оны көріпкелсіздер-ақ бүкіл дүниежүзі біліп, басынан өткеріп отыр. Марченконың бағамдық саясатқа көңілі неге толмаған? Біздің түсінігімізше, экономика өрлеп тұрса, банк жоғары пайызбен несие беріп мол пайда тапса, міне бұл олар үшін нағыз «бағамдық саясат» болып табылатын сияқты. Ондай саясатты арнаулы маман емес, қатардағы көше сыпырып жүрген қарапайым адам да біледі, оған үйретудің қажеті жоқ. Мықты болса, тығырықтан шығатын экономикалық тиімді әдісті әлем алдында айқайлап тұрып сол кездерде айтпады ма? Сөйтіп елімізді дағдарыстан құтқарса, сақалын қырмақ түгіл, тізесіне дейін түсірсе де, ешкім оған қой демес еді ғой.
Марченко әлемдік экономиканы жаңа дағдарыс күтіп тұрғанын болжапты. «Әлемде 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі жағдай әлі де сақталып тұр. 2008 жылдың дағдарысына әкеліп соқтырған мәселелердің ешқандай шешімі де табылмады. Әдеттегідей бар негізгі шаруаны Орталық банктер өз мойнына алуда. Олар тек жартылай мәселені шешіп отыр. Англия банкінің бұрынғы басшысы Мервин Кинг жақында 2008 жылғы дағдарысқа себеп болған жағдайларды зерттеп, шара қолданбасақ, дағдарыс қайталанатынын ашық мәлімдеген болатын. Соңғы бірнеше жылда біз дағдарыстың қайталануынан қашып құтыла алмайтынымызды түсіне бастадық» – деп сілтейді одан әрі ол. Осы ойын оқып отырып, жоғары лауазымнан кеткен соң бос уақытында коммунизмнің көсемі Карл Маркстің «Капитал» атты еңбегін жатып алып кемірген бе деп қаласыз. Өйткені, экономика мен саясат саласының білгірі Карл Маркс капиталистік жүйенің дағдарыссыз, қатардағы жұмысшылардың еңбегін қанауынсыз болмайтындығын нақты дәлелдер келтіріп, баяғыда-ақ айтып кеткен-ді. Капитализмнің қолаңса иісі біздің банкирлер мен экономистердің мұрнына енді ғана жете бастаған секілді.
«Жүйелі көзқарастың жоқтығы – бұл біздің ортақ мәселе, онымен не істеу керектігі адамдарға келіп тіреледі. Экономистер қашан да индустриалды саясаттың ұзақ мерзімді екеніне әрі өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуына септігін тигізетініне сеніп келді. Алайда ол қашан да мемлекет үшін шығынмен аяқталды. Индустриалды саясат тек жемқорлық болмаған жағдайда ғана тиімді. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және өзге де елдер үшін бұл тиімді болды. Ал мемлекеттік органдар біліксіз, әрі жемқорлық жайлаған жағдайда индустриалды саясат керісінше зиянын тигізеді» – дейді одан әрі Марченко. Бұл жерде Марченкомен келісуге болады. Жемқорлық қай жүйені жетістіріп еді? Әйтеуір де білгіш болған соң жемқорлармен, парақорлармен күресудің нақты жолдарын көрсетіп, олардың лауазымдары мен аттарын атай кеткенде дұрыс болар еді.
Экс-төраға сұхбат соңында қазіргі қоғамды бірінші кезекте экономикалық белгісіздік алаңдататынын айтыпты. «Адамдарды бірінші кезекте белгісіздік үрейлендіреді. Көбі жағдайға байланысты жеңіл жауаптарды іздейді, нәтижесінде өздері не айтып тұрғандарын түсінбейді. Бүгінде оңай жауап пен дайын шешім жоқ. Бұл белгісіздік бәрін қатты шаршатты» – деп түйіндепті өз ойын Марченко. Бірақ, не айтып тұрғанын түсінбейтіндер қатарына өзін жатқызбайтын сияқты. Бұл фәниде оңай дүние жоқ екені әлімсақтан белгілі. Қиындықты жеңетін тиімді тәсілдерді де ешкім аспаннан тастамайды. Іздену керек, ұлтына таза ниетпен тынымсыз адал қызмет ету қажет. Дәп осы жағы біздегі билік өкілдеріне мүлдем жетіспейтінін білеміз. Сондықтан біздің шенеуніктерге көтере алмас шоқпарды белдеріне байламау керектігін айтқымыз келеді. Өйткені сіздердің біліксіздіктеріңіз бен жіберген қателеріңіз халыққа тым қымбатқа түседі, үрейлендіретіні де, шаршататыны дәп осы. Халықтың қаржысын желге ұшырғандары үшін тым болмаса көпшіліктен кешірім де сұрамайтындары таңғалдырады. Ал экс-төраға айтқан экономикалық белгісіздікке келетін болсақ, түйіні тарқамайтын мәселе жоқ. Шешім қашан да табылады, тек іздеп таба білу керек.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті