Елімізде бензин бағасы қымбаттауы мүмкін
2016 ж. 15 наурыз
1687
0
Әлемдік мұнай компаниялары бұған дейін ескерткендей, жанармай бағасын қымбаттата бастады деп хабарлайды Skifnews.kz.
Наурыз айынан бері көрші Ресейде бензиннің бағасы орта есеппен 0,3% пайызға өскен. Ал, ең ірі жанармай бекеттерінің бірі ЛУКОЙЛ-да сұйық отын 0,5 рубльге (2,5 теңге) қымбаттады.
«Роснефть» компаниясына тиесілі жанармай бекеттері бензин бағасын ақпан айының ортасынан бастап өсіре бастаған болатын. Ал, ең қымбат жанармай «Татнефть» компаниясына тиесілі бекеттерде.
Мұнай өңдеу компаниялары бағаны өсірудің негізгі себебін жанармай акциздерінің қымбаттауымен және қор нарығындағы бензин бағасының жоғарылауымен байланыстырып отыр.
Бұған дейін ресейлік сарапшылар елдегі бензин бағасы сәуір айына дейін 15 пайызға қымбаттайтынын айтқан болатын. Тіпті, Федералды монополияға қарсы қызметтің басшысы Игорь Артемьев те сәуірде елдегі жанармай құны кем дегенде 2-3%-ға артады деген болжамын жасады.
Демек, көрші мемлекеттегі осынау өзгерістер Қазақстан нарығына да әсерін тигізбей қоймасы анық. Өйткені, қазақстандықтар тұтынып жатқан АИ-92 маркалы бензиннің дені Ресейден импортталады. Бұған дейін елдегі сарапшылар Үкіметтің сайлаудан кейін жанармай бағасын өсіретінін болжаған еді.
Естеріңізде болса бұған дейін де Қазақ мұнай және газ институты директорының орынбасары Акбар Тоқаев алдағы көктемде жанармай бағасы қымбаттайтынын айтқан болатын.