Ең көп қаржылық заң бұзушылыққа жол беретін Білім және ғылым министрлігі
2016 ж. 02 наурыз
2450
0
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин 2015 жылы қаржылық бұзушылыққа ең көп жол берген ведомстволарды атады.
Республика өңірлерінен бюджеттік заңнаманың бұзылуы бойынша Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары алда тұрған болатын.
«2015 жылы анықталған қаржылық бұзушылықтардың басым бөлігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне тиесілі болды, онда жалпы бұзушылық сомасы 39,5 млрд теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінде анықталған заң бұзушылық - 13,6 миллиард теңгені, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі заң бұзушылық 12,4 миллиард теңгені құрады», - деді Қ. Жаңбыршин.
Оның айтуынша, 2015 жылы Есеп комитеті ауқымды бюджетті иеленіп отырған екі нысанға - Қорғаныс министрлігі мен Алматы қаласына тексерулер жүргізген. «Оның үстіне біз бір жылды ғана емес, соңғы үш жылды, яғни 2013-2015 жылдарды қамтуға тырыстық. Сондықтан да, оларда қаржылық бұзушылықтар көлемі де айтарлықтай болып отыр», - деді Қ. Жаңбыршин.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақстанда қаржылық бұзушылықтың басым бөлігі жылдың төртінші тоқсанында орын алатыны белгілі болды. Мәселен, былтырғы жылы анықталған қаржылық бұзушылық көрсеткіші 1,3 трлн. теңге болса, соның 900 млрд теңгесі немесе жалпы соманың 70 пайызға жуығы төртінші тоқсанға тиесілі.
Дерек көзі: ҚазАқпарат