Жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, «ЭКСПО-2017»-ге дайындықты бастау қажет - Елбасы
2016 ж. 25 ақпан
2395
10
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өткізді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық барысы талқыланды.
Қазақстан Президенті В.Лоссерталеске алдағы шараны ұйымдастыру мәселесіне тұрақты көңіл бөліп отырғандығы үшін алғыс білдірді.
«Сіздің сапарыңыз бен жұмысымызды бағалауыңыз біз үшін аса маңызды. Құрылыс пен дайындық барысын тұрақты бақылап отырамын. Жұмыс кестеден қалып жатқан жоқ. Қазір жоспардағы бірінші мәселе көрме нысандарын мазмұнды толтыру. Осы жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, «ЭКСПО-2017» өткізуге тікелей дайындықты бастау қажет», - деді Мемлекет басшысы.
В.Лоссерталес дайындық жұмыстарын көріп, «ЭКСПО-2017» көрмесіне халықаралық қатысушылардың жиналысына қатысуға келгенін хабарлады.
«Құрылыс алаңдарын көргеннен кейінгі керемет әсерімді жеткізгім келеді. Сәулет жағына келсек, барлық ғимараттар үйлесімді, көз тартарлық, тартымды естіп салынуда. Ал қызметі жағынан жан-жақты ойластырылған, жайлы. Құрылыс уақтылы орындалып қана қоймай, кестені озып жүзеге асуда. Көрмені толтыру бойынша бас жоспар анық әрі салмақты. Енді олардың сапалы толтырылуы павильондарға жауапты компанияларға байланысты», - деді Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы.
Дерек көзі: ҚазАқпарат