СУ көлемі КӨБЕЙЕДІ, СУБСИДИЯ азаяды... Қисын қайда?!
2016 ж. 22 ақпан
3718
1
Жазылған жайдың жаңғырығы
«СУБСИДИЯ ТОҚТАТЫЛСА, АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫРЛАЙДЫ»
"Қазақ үні" газеті, №05, 02.02.2016
Ауыл шаруашылығына берілетін субсидияның тиімділігін арттыру мен оны оңтайландыру мақсатында біздің сүйікті үкіметтің парламентке үш блокқа біріктірілген ұсыныстар түсіргені белгілі. Бұлай етпесек мүлдем болмайтын көрінеді, өзгеріске деген аса үлкен қажеттілік туыпты. Өзгеріс, түптеп келгенде, субсидияны өңделген ауыл шаруашылық өнімін шығарушыларға ғана бөлінетін ету. Оның негізгі жаңалығы да осында. Бұл ұсыныстар тұқым мен ағын суды субсидиялау тетігін қайта қарауды, мал өнімі өндірісін арттыру мен оны экспорттауды ынталантыруды, инвестициялық субсидиялауға қолжетімдікті арттыруды көздейді. Тағы бір бағыт ашықтық пен әкімшілік рәсімдеуді оңайлату, субсидияны пайдаланудың тиімділігі мен әдістемесін жетілдіру болып табылады екен. Өзгерістер өнімнің көлемін ғана емес, сапасын арттыруды да қамтамасыз етеді, қоғамдасудың (кооперация) дамуына, еңбек өнімділігі мен субсидиялаудың ДСҰ қағидаттары мен ұстанымдарына сай келетін тиімді құрылымын жасауға ықпалын тигізеді дейді үкіметтегілер. Осыны естігенде ең алдымен ауызға оралар сөз: «тағы да «оңтайландыру» ма?» Иә, Тәуелсіздік заманында бұл сөздің жүректі зырқ еткізер дүниеге айналғаны бекер емес. Бүгін де оған берісі шаруалардың, арысы қалың халықтың тітіркене, күдіктене қарауына толық негіз бар деуге болады. Біріншіден, 25 жыл бойы Білім және ғылым министрлігінен кейін ең көп сын садағына ілінген де осы министрлік. Екіншіден, ҚР Агороөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасында жанар-жағар майды субсидиялауды жыл сайын бар болғаны 4,6 пайызға өсіру көзделген. Ал, 8 жылда бағаның қалай өсетінін кім айта алады? Ол ол ма, суды пайдалану 7,6 млн.шаршы метрден 8 млн.шаршы метрге өседі, ал, оған бөлінетін субсидия көлемі 1,5 млрд.теңгеден 566 млн.теңгеге азаяды деп жоспарланған. Бір шаршы метрге шақсақ, 2013 жылғы 203 теңгеден 2020 жылы 86 теңгеге түседі, немесе 2,5 есе кемиді екен. Судың көлемі көбейеді, субсидия азаяды... Қисын қайда?! Ресейде «Отбасылық қосалқы шаруашылық туралы» заң бұдан 20 жыл бұрын қабылданып қойды. Біздің депутаттар қанша тырысқанмен, ол әрекеттерінен түк шықпады. «Агробанк туралы» заң да оң шешімін таппаған күйі келе жатыр. Қит етсе, біз үлгі ете қалатын Ресейде дәл осындай заң да бар. Бірақ, халыққа пайдалы тұстарға келгенде біз көршіміздің жақсы жақтарын көрмей қаламыз... Еліміздегі екінші деңгейдегі коммерциялық банктер ауылға аттап аяқ баспайды. Олардың ауыл шаруашылығына бөлгендері барлық несиенің 3,5 пайызы ғана. Оның өзінде сол аз қаражаттың 65 пайызы Астана мен Алматыға (?) бөлінеді. Шаруаларға бөлінер субсидия агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім құнының Беларусте 18 пайызын, Ресейде 8 пайызын, бізде 4 пайызын ғана құрайды. 2011 жылы бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай бәрімізге бірдей етіп 10 пайыз етуді көздеген келісім жасалған еді. Біз әлі 5 пайыз төңірегінде жүрміз. Бұл мәселені шешу үшін құрылған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өзінің 12 жылдық тарихында елімізде 169 ғана серіктестік құра алды, олар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 5,5 пайызын ғана қамти алды. Ал, жоғарыда аталған Агробизнес-2020» бағдарламасында несиелеудің бұл көзі тіптен қарастырылмағандықтан, 2013 жылдан бастап ол тоқтатылды. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдинг» АҚ-ның 2016 жылы агрокешен нысандарын қолдау үшін бөлген 60 млрд.теңгесі бүкіл бюджеттің 0,081 пайызы ғана! Қысқасы, ауыл шаруашылығын несиелеу жағдайы сын көтермейтін бүгінгі елдің еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан субсидияға үкіметтің ауыз салуын бір ауыз сөзбен түйіндер болсақ, үкіметтің бұл саясаты «біз қалтасы қалыңдарға ғана көмектесеміз, қалтасы жұқалар не істесе ол істесін, онда біздің шауруамыз жоқ» дегенге сайып тұр. Сенаттағы біз хабарласқан депутаттар былай дейді (олардың ішінде де аз да болса «елім!» деген ерлер бар ғой): «Біз парламент қабырғасында қанша жерден шырылдағанмен «жалғыздың үні шықпастың» кері келді – аудандағылар, облыстағылар сол жақ ашпаған күйі отыр. Бұлар неге үндемейді, дауыстары неге естілмейді? Төменнен шаруалар, жоғарыдан депутаттар тізе қоса қимылдамаса, мына істің беті теріс айналып бара жатыр ғой» деп, қанша ж айтсаң да, жазсаң да, «иә, иә, үкіметтің бұнысы дұрыс емес» дейді, сонымен тоқтайды. Қимыл, әрекет жоқ. Жаппай бойкүйездік, немқұрайдылық жайлап алған елді. Өздерінің тағдыры шешіліп жатса да селт етпейді... Өйткені, біздің халық кеңес өкіметінің ең ауыр, ең ұзақ, ең жанды жерден тиетін тепкісін ең көп көрген халық қой. «Қазақ жылқы мінезді» дейтін едік, қазір қой мінезді халыққа айналдық. (Тіпті, соны мәртебе, дәреже көретін болдық). Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, бір өзі бір топ ұялы қасқырға үйірінен бір түйір тай бермейтін айғырды басынан қамшымен бір-екі рет салып қалсаңыз болды, ол енді сіз қолыңызды көтере бергеннен жасқаншақтап, басын алып қашып, бүгежектей қалатын жуас жануарға айналады. Сонымен, бұрынғы тәртіп өзгерді, субсидия дақылдың гектарына берілмейтін болды. Енді тұқымға, тыңайтқышқа және техника алатын, технология алатындарға берілетін болды. Техниканы кім алады? Ақшасы бар адам ғана алады. Технологияны кім алады? Қалтасы одан да қалың адам ғана алады. Үкімет «субсидияны жағдайын жақсартып алған ірі шаруаларға бергеніміз жөн, себебі олардың техника мен технологияны барынша кеңінен, яғни тиімді қолдану мүмкіндігі бар, сонда олардан егін өнімінің қайтарымы да мол болады» деп есептеп отырса керек. Бірақ, осы есеп дәл ме? «Байлардың» жаңа технология енгізгені мен техниканы тиімді қолданғанынан түсетін жалпы пайда қарапайым басым көпшіліктің шаруашылықтары шеккен зиянды артығымен жаба ала ма? Бұл – күмәнді. Тіпті, жапқан күннің өзінде, олар бар табысын дүмінің астына басып, өзінде алып қала ма, жоқ әлде сол зиян шеккендермен бөлісе ме? Ал, бұл – екіталай дүние. Ашығын айтқанда, тіпті мүмкін емес. «Жалпы, бұл реформаны дихандардың көбісі білмейді. 23 желтоқсанда Астанадан келіп Ауыл шаруашылығының вице-министрі Сапархан Омаров, Республикалық Фермерлер Одағының бастығы Әуезхан Дарынов, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев болып, Шымкентте «Кооперативке бірігу, субсидия туралы» жиналыс өткізген. Ол кісілердің айтуы бойынша, бұл мәселе жоғарыдан шешіліп қойылған, қайта-қайта қозғай берудің қажеті жоқ дегендей сөздер айтқан».Біздің «Қазақ үні» газетіне бір ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы дихандарының, атап айтқанда, Шардара мен Мақтарал аудандарының және түркістандық шаруа қожалықтары басшыларының "Ақ жол" партиясынан ықпал етуді сұрап жазған «СУБСИДИЯ ТОҚТАТЫЛСА, АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫРЛАЙДЫ» ( http://www.qazaquni.kz/?p=45358 ) деген хаттары 100 пайыз дұрыс!
Жоғарыда аталған мырзалардың елге шығуы да шынына келгенде көзбояушылық. Олар барған жерінде жиынның қалай өтетінін – биліктің сөзін сөйлейтіндерді дайындап қоятынын, қарсы пікірдегілерге сөз де берілмейтінін, берілген күнде де ешкім оны қаперге алмайтынын - бүгінгі таңда бесінші сыныптың баласы да біледі. Айтарға түк таппағанда «жоғарыдан шешіліп қойылған» деп құтылады. Республикалық Фермерлер Одағының бастығы, қостанайлық Әуезхан Дарынов қазақша білмеуімен қатар, оңтүстіктің жағдайын да білмейді. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігіне келер болсақ, айтарымыз аз емес. Мысалы, мелиоративтік техниканың лизинг мерзімі 5 жыл, трактордікі - 12 жыл. Трактордың жылдың 12 ай бойы, ал, скрепер, экскватордың бір жылда 2-ақ ай – күзде және көктемде - жұмыс істейтінін министрлік қызметкерлері білмейді! Министрліктің көздегені шындап келгенде өздеріне жақын, қолы ұзын байшыкештердің мүддесі болса керек. Бұның дәл осылай екенін кесіп айту қиын болғанмен, құлағы көрініп тұрған тақыс әдіс. Үкіметтің «бұл ұсыныстар қоғамдасудың (кооперация) дамуына ықпалын тигізеді» деген сөзі де жәдігөйлік. Себебі, мәселе бұлайша – шаруаны шөміштен қағу, сөйтіп қоғамдасуға мәжбүрлеу арқылы –шешілмейді. Халқының 3 пайызы – 9 миллион фермері дәл біздің ауылдағы халықпен шамалас, 330 млн. өз елін ғана асырап қоймай, әлемдік өнімнің 10 пайызын өндіретін, ең ірі экспорттаушы ел АҚШ сондай биік дәрежеге баяғыда Ленин маңызын арнайы мақалада атап көрсетіп кеткен кооператив жүйесінің арқасында жетіп отыр. Біздің мемлекет сол жүйеге ауысуды мәжбүрлеуден бұрын шаруаларды ынталандыруы тиіс! (Политика «пряника и кнута»). Мәселені шын мәнінде шешкісі келгендер солай істейді... Рас, бұл заң әзір жоба түрінде, парламент оны жұмырлап, пісіріп, иінін қандырып әкелсін деп үкіметке қайтарып отыр. Оны үкімет қандай етіп екінші рет ұсынады, бұл жағы белгісіз. Қалай етіп апарғанда да, нәтижесі Ресейдің экс-премьері В.Черномырдин айтқандай, «Хотели как лучше, получилось как всегда» болып шығары сөзсіз. 25 жыл өмір біздің көзімізді соған әбден жеткізді ғой... Өмірзақ АҚЖІГІТ, Qazaquni.kz П.С. Бұның бәрін азсынсаңыз, министр А.Мамытбеков күні кеше ғана субсидия берудің тәртібіне тағы өзгеріс енгіземіз деді. Енді бұрынғыдай облыстар ұсынатын әр өңір ерекшелігі ескерілмейді, керісінше, Астанада отырған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы автоматтандырылған жүйенің айтуымен оны барлық жаққа бірдей етіп бере беретін болады. «Адами факторды толығымен жоққа шығаруымыз керек» дейді министр...