2016 жылы жалға берілетін пәтер бағасы қанша?
2016 ж. 22 ақпан
3190
0
Қазақстанда биыл тұрғын үйді жалға алу шарттарының және баспана бағасының қандай болатыны анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Кn.kz басылымы осы тақырып аясында материал жариялады.
Қазақстанда қолжетімді баспананы жалға беруді мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының үш операторы жүзеге асырады: "ТҮҚЖБ" АҚ (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) жалға берілетін пәтерлерді жас отбасыларға ұсынып отыр, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" Ипотекалық ұйымы" АҚ 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында әкімдікте баспана кезегінде тұрғандармен жұмыс істейді. Ал "Самұрық-Қазына" Жылжымайтын мүлік қоры" АҚ тұрақты жалақы алатын, дегенмен баспанасы жоқ азаматтар үшін тұрғын үй салумен айналысып жатыр.
2016 жылы ТҮҚЖБ сатып алуға болатын баспаналарды "Жас отбасы" мемлекеттік бағдарламасы қатысушыларына жалға береді. Яғни, жас отбасыларға баспананы жалға алу арқылы оны сатып алу мүмкіндігі беріледі. Халықтың басқа топтары баспананы шаршы метріне байланысты тікелей сатып ала алады. Жалға берілетін пәтерлер құзырлы мемлекеттік органның бұйрығымен үлестіріледі.
"2016 жылы ТҮҚЖБ "Жас отбасыларға арналған баспана" бойынша Астанада аумағы 25 мың шаршы метр болатын 382 пәтер орналасқан 3 көпқабатты үйден, Алматыда аумағы 34 мың шаршы метр болатын 594 пәтер орналасқан 15 көпқабатты үйден жалға берілетін пәтерлерді үлестіруді жоспарлап отыр", - деп хабарлады басылым.
Сатып алуға болатын пәтерлерді ҚИК-тен жалға алу үшін кезекке тұру керек. "Қазақстан ипотекалық компаниясы сатып алуға болатын пәтерлерді жалға беруді Астана мен Алматыдан басқа қалаларда айына шаршы метріне 923 теңгеден төлейтіндей етіп жүзеге асыруды жоспарлады", - деп хабарлады басылым.
2016 жылы Қазақстан ипотекалық компаниясы 326 мың шаршы метрді, оның ішінде "бірінші деңгейлі" қалалар үшін - 154 мың шаршы метрді, "екінші деңгейлі" қалалар үшін - 166 мың шаршы метрді, "үшінші деңгейлі" қалалар үшін 4 мың шаршы метрді жалға беруді жоспарлады. 2 мың шаршы метр елді мекендер үшін қарастырылды.
2016 жылы "Самұрық Қазынадан" сатып алуға болатын пәтерлерді жалға алу құны әрбір шаршы метр үшін 1611 теңгені құрайды. Осы бағыт бойынша пәтерлерді жалға беруді қор төлем төлеуге қабілетті азаматтар үшін қарастырып отыр. Дегенмен бұл бағдарлама арқылы баспаналы болғысы келетіндердің жылжымайтын мүлік нысаны болмау керек. Қор ұсынатын нысандар долларға тәуелсіз түрде теңгемен жалға беріледі.
2016 жылы қор жалға берілетін пәтердің шаршы метрін айына Астанада 1611 теңгеден, ал Қарағанды мен Өскеменде 1414 теңгеден береді.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы баспана құрылысына қаражат бөлуді тапсырған болатын. Қазақстан Президенті қаржылық мүмкіндіктерді, соның ішінде теңгенің айырбас бағамын өзгерту есебінен болған үнемдеуді ескере отырып, бірқатар бағыт бойынша дағдарысқа қарсы қосымша шараларға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылданғанына назар аударды.
Дерек көзі:tengrinews.kz