ЭКСПО-2017 үшін тағы да қаржы бөлінбек
2016 ж. 15 ақпан
2398
10
EXPO-2017 нысандарының құрылысын аяқтау үшін бюджеттен 85 миллиард теңге бөлінеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы үкімет отырысы барысында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.
"Тағы бір міндет - EXPO-2017 және Универсиада-2017 нысандарының құрылысын тезірек аяқтап, "Нұрлы Жол" Мемлекеттік бағдарламасының инфрақұрылымын жүзеге асыру. Осы жобаларды өз уақытында жүзеге асыру үшін 194,5 миллард теңге бөлу жоспарланып отыр", - деді Досаев.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, EXPO-2017 нысандарын өз уақытында тапсыру үшін 85 миллиард теңге, оның ішінде: IT инфрақұрылымына және басқа да шараларға 60 миллиард теңге, көрме аумағында орналасатын сауда орталықтарын және тұрғын үй құрылысын аяқтауға 15 миллиард теңге, сонымен қатар, Астана әуежайындағы ұшу-қону жолағы құрылысын аяқтауға 10 миллиард теңге бөлінеді.
Сонымен қатар, Алматыда Универсиада-2017 шарасын өткізуге 33,6 миллиард теңге, оның ішінде: 3 мың және 12 мың адамға арналған екі Мұз айдынын аяқтауға 10,9 миллиард теңге, 4,8 миллиард теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруге, 17,9 миллиард теңге Универсиада-2017 жобасын өткізуге жұмсалады.
Дерек көзі: tengrinews.kz