«БЕЙНЕУ–БОЗОЙ» газ құбыры іске қосылды
2015 ж. 27 қараша
2788
0
Елбасы өткен жылдар ішінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында елдің шетінде, желдің өтінде шалғай жатқан Бейнеу ауданының атын атап, екі бірдей ғасырлық жобаның осы киелі өлкеден бастау алатынын айтқаны барша жұртшылықтың есінде. Бұл әсіресе бейнеуліктерді шаттандырып қуантқан еді.
Халық күткен, еліміздің дамуына айрықша серпін беретін экономикалық, әрі әлеуметтік жобаның біріншісі «Бейнеу – Жезқазған» теміржолы былтыр жазда қосылса, еліміздің талай қаласы мен ауылын газдандыруға мүмкіндік беретін, Қазақстанның барлық магистральдық газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне қосатын, еліміздің аумағы арқылы кез келген бағытта газ тасымалдауды әртараптандыруға және импорттық газға деген тәуелділікті толығымен жоюға жағдай жасайтын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырын пайдалануға енгізу тағы да біздің атакүлдік өлкемізде жүзеге асты. Мына сәйкестікті қараңыз, алдыңғы жоба жаздың соңғы айы тамыздың жиырмасында жүзеге асса, екінші жоба күздің соңғы айы қарашаның жиырмасында іске қосылды. Демек ерекше айлардың жиырмасыншы жұлдызы оңынан туған шақ болып отыр.
Сонымен еліміз үшін тарихи оқиға болып саналатын «Бейнеу-Бозой» учаскесінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырын пайдалануға енгізудің салтанатты рәсімі болып өтті. Алқалы жиында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Алдашев Сүйіндік, «Қаз ТрансГаз» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Серік Естай, «Таплайн» компаниясының бас директорының орынбасары Мэн Фанчунь құттықтау сөз сөйлеп, тарихи оқиғаның тұсауын кесіп, алып құбырдың бойына жан бітіретін арнайы тетікті басып, газ жөнелтті. Енді осы газ құбырының арқасында республика халқының тең жартысы тұратын оңтүстік облыстардағы 577 елді мекенге қосымша газ берілетін болады. Газ құбырын пайдалануға енгізу Қазақстан Республикасының барлық магистральдық газ құбырларын: «Союз», «Орта Азия – Орталық», «Бұхара – Орал», «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы», «Газли – Шымкент», «Қазақстан – Қытай» бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді.
Осылайша Елбасының тапсырмасымен тағы бір маңызды жобаның жүзеге асқанына куә болдық.
Айнахан ЕСЕТ, Бейнеу ауданы.
qazaquni.kz