Қазақстанда шетелдік валютада ипотека беруге тыйым салынады
2015 ж. 06 қараша
2103
0
Шетелдік валютада ипотека енді барлық тұрғындарға қолжетімді болмайтын болды. Ондай артықшылық тек валюталық табысы барларға берілмек.
Бұл туралы primeminister.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Мұндай мәлімдемені 5 қараша күні Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов жасады.
Парламент сенатына “Жұмыс істемейтін кредитшілер мен екінші деңгейлі банк активтері, Ұлттық банк пен қаржы ұйымдарының қаржылай қызмет ету мәселелері бойынша кей заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу” заңының жобасын баяндау кезінде Қожахметов ипотекалық несиеге тоқталды.
“Тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында жеке тұлғаларға қарыз сұрап келгенге дейінгі алты ай ішінде валюталық табысы болмаған жағдайда ипотекалық несиені шетелдік валютада беруге тыйым салынады”, – деп мәлімдеді Қожахметов.
“Төлем ұзақ уақыт жасалмаған жағдайда бірінші кезекте негізгі несиені жабу қарастырылады. Ал айппұл мен өсімпұл соңғы кезекке қалдырылады”, – деп қосты төраға орынбасары.
Аталған заң жобасының негізгі бағыты бойынша борыштық жүктемені төмендету және банктік көрсетілетін қызметтердің айқындылығын арттыру көзделеді. Осы арқылы қарыз алатын жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Бұнымен қоса, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қарастырылады.
Қазіргі уақытта ипотекалық несиенің көлемі 1 триллион 33 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 882 миллиард теңгемен, ал 150 миллиард (14 пайызы) шетелдік валютамен берілген.
Пленарлық отырыс барысында аталмыш заң жобасы парламент сенатымен мақұлданды. Құжат 8 кодекс пен 33 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.