Ресейге салынған санкция салдарынан теңгеміз құнсыздана ма?!.
2015 ж. 18 тамыз
1985
7
Ресейге қатысты санкциялар Қазақстанға жанама әсер етуде. Мұндай пікірді Еуразиялық даму банкі Сараптамалық басқармасының бөлім бастығы Арман Ақынбаев білдірді.
«Ресейде орын алып жатқан теріс әсердің Қазақстанға жанама әсері бар. Бірақ Ресейге қатысты санкциялардың Қазақстанға тікелей қатысы болған жоқ деп айтуға болады», – деді ол.
Оның атап өтуінше, бірқатар ресейлік саясатшылар мен бизнесмендерге қатысты АҚШ пен Еуроодақтың жекелеген санкциялары Қазақстанға еш әсер етпейді.
«Қаржы мәселесіне келген кезде де оның әсерінің шектеулі екендігін атап өткен орынды. Мәселен, Ресей Қазақстанға бағытталған тікелей шетел инвестициясы құрылымында шектеулі рөлге ғана ие. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, оның үлесі барлық шетел инвестициясының шамамен 6,4 пайызын құрады. Жалпы сыртқы қарыз үлесі де Ресей 4 пайызды ғана алады», – деді Ақынбаев.
Бөлім бастығының сөзіне қарағанда, негізгі әсер сыртқы сауда арналарына тиесілі болып отыр. Бүгінде Қазақстанның барлық импорт құрылымындағы ресейлік тауарлар мен қызметтер үлесі 33 пайызды құрайды.
Ал біздің елімізден экспортталатын тауардың тек 9 пайызы ғана Ресейге барады.