Назарбаев қатаң үнемдеу тәртібін енгізуді тапсырды
2015 ж. 04 тамыз
2260
14
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Кәрім Мәсімов және президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллинмен бірге жиын өткізді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Жиынға премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев, президент көмекшісі Нұрлан Оңжанов пен Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қатысты.
Жиын барысында ел экономикасының қазіргі жағдайы талқыланып, оны әрі қарайғы дамытудың жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыруға қатысты сұрақтар талқыланды. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Конституцияның 20 жылдығына дайындық барысы да сараланды.
Елбасы жиын қатысушыларын әлемдегі тұрақсыз экономиканың Қазақстанға әсер ету барысын қадағалауға шақырды.
«Дүниежүзілік нарық жағдайының құлдырауы, сонымен қатар, біздің негізгі экспорттық тауарларымыздың құны төмендеуіне байланысты қатаң үнемдеуді енгізу керек. Бұл келесі жылдың бюджетін есептеген кезде басты назарға алынсын. Қандай қиындықтар болса да, біз экономиканың даму көрсеткішін, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуіміз керек. Халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерді орындау керек. Біз бұл қиын кезеңдерді артқа тастауға тиіспіз», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: Nur.kz