Астанада тұрғын үй құрылыстары үшін 823 жер телімі бөлінген
2015 ж. 31 шілде
1791
0
Алдағы 5 жыл көлемінде елорда тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша көшбасшы позициясында қалады. Бұл туралы қоғамдық тыңдаулар барысында Астана қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Виталий Силецкий мәлімдеді, - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«2015 жылдың 20 маусымындағы жағдайға сәйкес Астана қаласында тұрғын үй құрылысы үшін 823 жер телімі бөлінген. Бөлінген жер телімдерінің жалпы санынан 121 жер телімі бюджеттік нысандарды салуға берілсе, 702 нысан коммерциялық мердігерлермен игеріледі. Сонымен қатар, 482 нысан жобалау кезеңінде тұр», - деді В. Силецкий.
Оның айтуынша, елорданың тұрғын үй қоры бүгінгі таңда 17,1 миллион кв.м. құрайды. 1998 жылдан бері жалпы ауданы 13 миллион кв.м.-ге жуық болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Бас жоспарға сай 2030 жылға қарай бас қаланың тұрғын үй қоры 37,2 миллион кв.м. құрауы керек.
В. Силецкий мәлімдегендей, алдағы уақытта Астана қаласында Сәулет және қала құрылысы басқармасының жаңа ғимараты салынбақ. Оған 500 қызметкер жұмыс істейтін басқармадағы орын жетіспеушілік басты себеп. Жаңа ғимараттың жалпы көлемі 8 мың кв.м. құрайды.