Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатын болды
2015 ж. 16 шілде
3839
1
Маңғыстау облысында Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) салынатын болды деп мәілмдеді өңір басшысының орынбасары Рахымбек Әміржанов 15 шілде күні облыс орталығында өткен баспасөз мәжілісі барысында.
Бұл туралы “Лада” хабарлады.
Әкім орынбасарының айтуынша, МӨЗ құрылысы Иранмен бірге жүргізілетін болады.
“Өз кезінде Ақтау порты арқылы 5 миллион тонна мұнай Ираннан жіберілетін. Бұл Ақтау портының жүк айналымы көрсеткішін жақсартқан. Енді жергілікті әкімдік Иранмен Маңғыстаудан төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы мәселені қарастырып жатыр. Жүргізілген талдаулардан кейін Иран тарапы келісімін берді. Ол ел өзіндегі мұнай өнімдерінің 40 пайызын экспортқа жібереді. Бізде де осыған ұқсас жағдай. Бұрын тауар алмасу екі елге де тиімді болды”, – дейді Әміржанов.
“Ал, МӨЗ салу одан да тиімдірек. Зауыт Маңғыстау облысының аумағында болады. Облыста өндірілген мұнай өнімдері Иранның солтүстік порттарына тасымалданады. Ал, Иранның оңтүстігінен алынған шикі мұнай біздегі МӨЗ-ге жеткізіледі. Бұл екі жақтың да пайдасы үшін жасалатын игі іс. Біз қазіргі таңда Иранның Мұнай министрлігімен бірқатар келісім жүргізіп біттік. Сондай-ақ, біздің елде де бұл жобаға инвестиция құюға дайын отырған ірі компаниялар бар”, – деп атап өтті Әміржанов.
Оның айтуынша, уақытылы қаржы бөлінсе жақын күндері жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, жыл соңына дейін құрылыс келісімшартына қол қойылуы керек. Жобаның құрылысына кететін қаражат шамамен 6 миллиард долларды құрайтын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты бар: Павлодарда, Атырауда және Оңтүстік Қазақстан облысында. Әміржановтың айтуынша, олар қазақстандықтардың сұранысын толық өтей алмай келеді.
Естеріңізге салайық, бұған дейін елімізде төртінші МӨЗ салу мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. Алғашында зауыт салынбайды деп шешілгенімен, былтыр Мемлекет басшысы мұнай бағасының төмендеуі жаңа МӨЗ салу қажеттілігін туындатқанын атап өткен еді.