Қазақстан “ЭКСПО-2017-ні” өткізуден 330 млн евро кіріс алуды көздеп отыр
2015 ж. 14 шілде
3483
4
Қазақстан халықаралық “ЭКСПО-2017″ көрмесін өткізу барысында демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн евроға жуық кіріс алуды көздеп отыр.
“Жария етілген Тіркеу досьесіне сәйкес, біз демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн евроға жуық кіріс алуды көздеп отырмыз. Бұл ретте жаһандық демеушілермен арада келісімдерге қол қою «ЭКСПО-2017» көрмесінің кірістілігі мәселесін оң шешу үшін басты мәселе болып саналады. Досье жоспары бойынша, біз тек демеушіліктен, соның ішінде «ЭКСПО»-ның жаһандық 8 серіктесін тартудан 200 млн евродан астам қаражат табуға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті көрмеге әлемдік компанияларды тарту оның беделіне оң ықпал етіп, елімізге инвестициялар әкелетінін айтты.
“Бұл – көрменің танымалдылығы мен насихаты үшін үлкен демеу. Ол дүние жүзіне белгілі брендтерді әлемдік қоғамдастықтың есіне салып, көрмені әрбір құрлықта насихаттауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстан – экономикалық тұрғыдан тұрақты, инвестиция және ынтымақтастық үшін тартымды ел, бірақ егер құр әншейін күтіп отыра берсек, ешкім де келмейді. Бұл бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізіп, қолдағы барлық ресурстарымызды пайдаланғанымыз жөн”, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық үдерісіне қатысушылардың бәрінің үйлесімді және тиімді жұмысының маңыздылығын атап айтты.
“Қазір құрылымдар арасында өзара іс-қимыл жоқ екені көрініп тұр. Үкімет тарапынан осы барлық жұмысты үйлестіру мүлде байқалмайды. Әркім тек өзіне тиесілі тар шеңбердегі салаға ғана жауап бере алады, тиімді өзара ықпалдастық жоқ. Сондықтан Премьер-министрден «ЭКСПО-2017»-ге дайындалуға және өткізуге Үкімет атынан жауапты тұлғаны бекіту жөнінде ұсыныс енгізуді өтінемін”, – деді мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің халықаралық имиджі маңызды мәселе болып саналатынын атап өтті.
“Өте аз уақыт қалды. Барлық мемлекеттік органдар белсене, келісе отырып жұмыс істеуі керек. Үкіметке және кеңеске қатысушылардың барлығына алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Көрмені лайықты деңгейде өткізу керек. Бұл біздің қолымыздан келетінін білемін. Бүгінде жағдай жеңіл емес, біз Ұлттық қордан қаражат бөліп отырмыз, әр теңгені тиімді жұмсау қажет. Сондықтан еліміздің игілігі үшін бірлесе жұмыс жүргізген жөн”, – деді президент.
Президент «ЭКСПО-2017» көрмесін ілгерілету жөнінде туристік қоғамдастықпен арадағы жұмысты жандандырудың маңыздылығына да тоқталды.
Оның айтуынша, халықты жайғастыру орындарын, көлікті, логистиканы, жол бойы инфрақұрылымын дамытуды қамтитын өңірлік туристік бағдарларды нақтылаған жөн. Туристердің әртүрлі бағыттар бойынша Қазақстанның өзге де өңірлеріне бару мүмкіндіктерін алдын ала ойластыру керек. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына «Эйр Астана» және «Қазақстан Темір Жолы» компанияларымен бірлесіп, ұшақ және теміржол билеттерінің көрмеге тегін бару құқығын қамтуы мәселесін пысықтауды, мұндай жұмысты өзге де авиакомпаниялармен жүргізген жөн екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы алдын ала оқытылатын волонтерлердің дайындығы сапалы болуы қажеттігіне назар аударды.
Бұдан бөлек, кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев компанияның салынып жатқан «Mega» атты сауда-сауық кешенін «Жібек Жолы» (Silk Way) деп атауды ұсынды.
Дереккөз: ИА "Казинформ"