Маңғыстау облысында әлеуметтік нысандар бой көтерді
2015 ж. 10 шілде
5559
0
Ағымдағы жылдың 9 маусым күні Маңғыстау ауданының Жыңғылды және Ұштаған ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялардың ашылу салтанаттары өтті.
Жыңғылды ауылынан бой көтерген жаңа нысанның құрылысына 174 млн.теңге бөлінген. Аталмыш дәрігерлік амбулаторияның құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын.
- «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында облысымыздың көптеген елді мекендерінде қазіргі заманның талабына сай ауруханалар салынуда. Соңғы екі жылдың ішінде Маңғыстау ауданының өзінде 7 селолық дәрігерлік амбулатория салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Бүгін де тұрғындарға жоғары сапалы және уақытылы ем алуға мүмкіндік беретін, қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатының куәсі болып отырсыздар», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Өткен оқу жылында Жыңғылды ауылында 200 орындықты мектеп интернат ашылған болатын. Облыс көлеміндегі ауылішілік асфальт жолдары осы ауылдан басталған. Жаңа балабақшаның құрылысына биыл 270 миллион теңге бөлінген. Қыстың қиын кезеңінде кездесетін газ мәселесін шешуге байланысты «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесінің инвестициялық жобасына сай 420 млн. теңге болатын «Таушық-Жыңғылды» газ құбырын тарту жұмыстары да басталған.
Дәл осы күні Маңғыстау ауданының Ұштаған ауылында да жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Құрылыстың жалпы құны – 126 млн. теңгені құрайды. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Алик Айдарбаев «Шетпе-Қызан» тасжолының құрылысымен танысты.
Сонымен бірге осы күні Шайыр ауылында ауыл ақсақалдарына арналған ардагерлер үйінің ашылу салтанаты өтті. Құрылыстың салынуына 3,8 млн. теңге бөлінген.
Өткен жылы ауылда «Жыңғылды-Шайыр» тасжолы және жаңа балабақша, жаңа емхана пайдалануға берілген.Ауыл ақсақалдарының сұранысы бойынша құны 216 млн. теңге болатын ұзындығы 5 км асфальт жол құрылысы басталған. «Шайыр-Жыңғылды» жолын асфальттау үшін жобалық сметалық құжаттар жасақталуда. Шайыр ауылына қарасты Теген елді мекеніне баратын жолға 100 млн. теңге қаржы бөлінген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.