Маңғыстауда «Денсаулық жолы-2015» акциясы басталды
2015 ж. 08 шілде
2031
0
7-13 шілде аралығында Маңғыстау және Қарағанды облыстарының шалғайдағы ауылдарының тұрғындары әлеуметтік-маңызды аурулар бойынша тегін дәрігерлік көмек ала алады, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
«Денсаулық жолы-2015» республикалық акциясы ауқымында 7-10 шілде күндері жылжымалы медициналық кешендер Маңғыстау облысының Мұнайлы және Бейнеу аудандарындағы шалғай ауылдарға шығады, онда тұрғындар тегін скринингтік қараудан өтеді және әлеуметтік-маңызды аурулар бойынша медициналық көмек алады.
13 шілдеде құрамында терапевтер, кардиологтар, хирургтер, педиатрлар, гинекологтар, офтальмологтар, стоматологтар және зертханалық-диагностикалық қызмет (УДЗ, ЭКГ, рентген) мамандары бар ұтқыр топтың Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына шығуы ұйымдастырылады.
Алдын ала қаралу мен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуді жүргізу үшін оған Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалалары емханаларынан дәрігерлер тартылады.
Ақтоғай ауданынан кейін 4 жылжымалы медициналық кешен Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарына жол тартады.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы 1 шілдеден 31 тамызға дейін бүкіл республика бойынша кең ауқымды «Денсаулық жолы-2015» акциясы өтеді, оның мақсаты - ауыл халқына салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік-маңызды аурулардың алдын алу мәселелерінде ақпараттық-білім беру және практикалық көмек көрсету болмақ.
ҚазАқпарат