Сапалы қызмет мәселесі талқыланды
2015 ж. 06 шілде
3223
0
Жуырда Маңғыстау облыстық әкімдігінің конференц-залында медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департамент басшысы Елдеш Қосмағанбетовтың қатысуымен «Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі» тақырыбында баспасөз-конференциясы өтті. Басқосу барысында медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, медициналық ұйымдарды білікті және жауапты медициналық қызметкерлермен жасақтау, сенім телефондарының тиімді қызметін қалыптастыру, науқас шағымдарына шұғыл назар аудару мәселелері талқыланды.
«Сапалы медициналық қызмет – науқас денсаулығын үздіксіз қадағалау, өзара тұлғааралық байланыс орнату мен диагностика және сапалы емдеу әдістерінің нәтижелілігі. Емдеу әдістерінің денсаулық үшін тиімділігі мен қауіпсіздігі медициналық қызметкерлеріне деген зор сенімді қалыптастырады. Сол себепті сапалы медициналық қызмет қолжетімділігін арттыру – басты назарда», - дейді Е.Қосмағанбетов.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен 2015 жылғы 27 ақпанда бекітілген медициналық қызметтер сапасына ішкі және сыртқы сараптама жүргізу мен ұйымдастыру бойынша Жол картасының 1.4-тармағын іске асыру мақсатында пациенттерге қолдау көрсету және ішкі бақылау қызметі ұйымдастырылды. Науқастардың құқықтарын қорғау бойынша түйткілді мәселе түйінін тарқату бойынша өңірдегі кез келген медициналық ұйымдарда «Науқастарды қолдау және ішкі бақылау қызметі» өз міндетін атқаруы тиіс. Бақылау қызметінің басты мақсаты – медициналық қызмет сапасына сараптама жасау, бірыңғай стандарттарды енгізу, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа типті инновациялық құрал-жабдықтармен қамту.
«Облыстың кез келген тұрғыны ұсынылған медициналық қызмет сапасына көңілі толмаса, қызметкерлер тарапынан дөрекі қарым-қатынасқа ұшыраса, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер үшін медицина персоналының ақша талап ету фактілері болған жағдайда және өзге де сауалдар бойынша www.mediafarm-aktau.kz департаменттің ғаламтордағы ресми сайтында орналасқан «Сенім телефонына» хабарласа алады», - дейді департамент басшысы.
«Ұлт жоспары – Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы» стратегиялық құжаттың 82 – қадамында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанынан медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссия құру міндеттелді. Осы бағытта «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде» Маңғыстау өңірінен 30 білікті маман медициналық қызмет сапасын жақсарту және сараптау бойынша оқу курсынан өтті.
Ескере кетер жайт, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» ҚР Кодексінің 14-бабына сәйкес, көрсетілетін медициналық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тану мақсатында, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығына бағалауды жүргізу және біліктілігінің сәйкестігін растау үшін денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтау саласында аккредиттелуге жатады. Аккредиттеу мақсаты – медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін, медициналық қызмет сапасын арттыру, қоғамда оң имидж қалыптастыру.
«2014 жылы Маңғыстау облысынан – 2, Батыс Қазақстан облысы және Ақтөбе облысынан – 8, ал Атыраудан – 4 медициналық ұйым өз еркімен аккредиттеуден өтті. Биыл өңірден 3 ұйым республикалық аккредиттеуден өтуге өтініш білдірді. Көрсеткіш көңіл көншітпейді»,-дейді Е.Қосмағанбетов.
Мangmedia.kz.