Зеңгі баба зары
2015 ж. 21 сәуір
5960
2
Мал өсірудің қыр-сырын өзгелерден артық меңгерген қазақ атамыз төрт түлігін төбесіне көтеріп, тіршіліктің тұтқасы екенін жете түсініп, бағалай білген. Содан да болар, кішкене балалары мен немерелерін «құлыншағым», «ботақаным», «қошақаным» деп еркелеткен. Ұлы даланы жайлаған төрт түліктің санын ғана өсіріп қоймай, оның тұқымын асылдандырып, ғасырлар бойы тұрақты түрде жетілдіріп келгені де белгілі. Қазіргідей «Болашақ» бағдарламасымен мақтаулы шетел оқу орындарында оқымаса да, мал мәселесін бүгінгі біздерге қарағанда анағұрлым ұтымды шешіп, төрт түлігін тіршілігіне жаратып келді. Оны мойындауымыз керек.
ӘР ЖҮЙЕНІҢ ӨЗ ЖЕТІСТІГІ БАР
Бізде бір жаман әдет бар, бас салып әлеуметтік теңдікке негізделген социалистік жүйені күлін көкке көтере жамандап, сол кездегі жетістіктерді жоққа шығаруға асығамыз. Құдды бір, кеңестік кезеңде қазақтар үшін басқа бір ұлт өмір сүріп, құны бір тиынға тұрмайтын, бізге ешқандай қатысы жоқ тарихты өзімізге күштеп теліп жатқандай көреміз. Бұл дұрыс емес. Қалай десек те ол біздің жүріп өткен жолымыз, басымыздан өткерген тарихымыз. Қызыл коммунизмді ешкім қызғыштай қорғап отырған жоқ бұл жерде, оның да кемшіліктері көп болды. Сол кездегі билік басындағылар былыққа белшесінен батып, қос қолын білегіне дейін қанға малған кездері аз емес. Қазіргі мақтаулы капиталистік жүйенің де жетістіріп жатқаны шамалы, қылмыс пен ұрлық бұрынғыдан он, жүз есе артып кетті. Қоғам бай мен кедейлерге қақ айырылып, әлеуметтік теңсіздік төрге шықты. Біреулер ұрлық пен қарлықтың арқасында қысқа мерзімде шіріген бай болып шыға келсе, тұрғындардың басым бөлігі күнімді қайтып көрсем дегеннің қамымен жүр. Бүгінгі басшыларымыз да етегіне намаз оқып, ақиқат пен ар-ожданның ақ шалмасын басына орап отырған жоқ. Министрлер мен жоғары лауазымды әкімдеріміздің темірторға қойша қамалып жатқаны соның нақты көрінісі емес пе?.. Бұл – жалпы қоғамға, қоғамдық жүйеге қатысты жай ғана салыстырмалы көзқарасымыз. Үстемдік еткен қоғамдық жүйенің адамдар өміріне тікелей әсері болған соң еске салып жатқанымыз деп есептеңіздер. Керек болса, екі жүйенің де артық немесе кемшін тұстарын соқырға таяқ ұстатқандай нақты дәйектермен толық көрсетіп беруге әбден болады. Бүгінгі әңгімеміз төрт түліктің төңірегінде болған соң, енді тікелей соған көшелік.
Алдында айтқанымыздай қазақ төрт түлік малдың қадірін өзге ұлттарға қарағанда анағұрлым жақсы білген, яғни осы саланың хас шебері бола білді. Ғасырлар қойнауына бойламай-ақ, бертіңгі кеңестік кезеңде одақта болған жүздеген ұлттардың бәрі мойындаған шындық. Қазақстан әлемнің қомақты бөлігін біріктірген алып одақ бойынша ет, сүт, жүн сияқты мал өнімін өндіруден алдыңғы қатарда болып келді. Бұл да ақиқат. Сенбесеңіз, тарихи құжаттарды парақтасаңыз, анық көз жеткізесіз. Миллиард пұт астық өcіріп, әлемде жетекші орындарды иемденіп келгеніміз де белгілі. Бұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Қазақстан әлем елдері арасында аграрлық салада ең озық мемлекеттердің бірі болғандығын еске салғымыз келеді. Біріншіден, біздің жеріміз кең, суымыз мол, басқа да табиғи жағдайымыз соған толық сәйкес келді. Екіншіден, аграрлық салада шаруашылықты жүргізудің ұтымды және ғылымға негізделген дұрыс бағыты ұсталды. Үшіншіден, бұл саланы дамытуға деген шынайы қамқорлық, жанашырлық болды, билік және жалпы халық тарапынан таза ниет бар еді. Әркім көрпені өзіне тартқан жоқ, бір мақсатта жұмыс істеді. Осындайда бүгінгі күні сол биік деңгейден көрініп жүрміз бе деген сұрақтың туындауы да заңды. Оған нақты жауап беру қиын. Бұл бағытта жекелеген ұмтылыстар баршылық, бірақ нәтиже ойдағыдай емес, өкінішке орай.
АСЫЛ ДЕГЕНІМІЗ МАСЫЛ БОЛДЫ
Қазақтың тұрмысына Қамбаратаға қарағанда анағұрлым кенжелеп кірген Зеңгібаба тұқымы бүгінгі күні жылқы жануарының өзін айналып өтіп, қолданысы бойынша бірінші орынға шыққанын аңғару қиын емес. Оның да өзіндік себептері бар. Сиырдың сүті мен сүттен жасалатын май, қаймақ, айран, ірімшік сияқты түрлі өнімдер кең қолданыла бастады, еті де өтімді. Осыған байланысты ірі қара мал өсіру өз тиімділігін дәлелдеп берді. Дұрыс-ақ, оған ешкімнің дауы жоқ. Енді осы сала біздің елімізде қалай дамып келеді деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Рас, бізде ірі қара мал шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөліне бастады. Тіпті, шамадан тыс науқаншылдыққа беріліп кеттік.
Алдымен еліміздегі ірі қара мал өсіру шаруашылығының бертінгі тарихына қысқаша тоқтала кетейік. Бұған дейін қазақтың ақбас сиыры аталған тұқымын дамытып келгеніміз белгілі. Ол Англияда өсірілген герефорд тұқымы мен қазақ, қалмақ сиырларын будандастыру арқылы шығарылған еді. Оның ішінде ақбас қызғылт түсті үшінші және төртінші ұрпағына басымдылық беріліп, бүкіл елімізге таратылды. Сондықтан, «қазақтың ақбас сиыры» деген атауға ие болған-ды. 1928 жылдардан бастап әкелінген сол етті бағыттағы герефорд тұқымы таза күйінде біздің табиғатқа төзімсіз болып шықты. Ақыры оған көз жеткізген соң 1970 жылдары герефорд тұқымын тұрақтандыруды біржола тоқтатқан болатын. Әділін айтуымыз керек, сол кездегі ғалымдар мен мал мамандарының бұл тәжірибесі өзін-өзі толығымен ақтады. Жылдар бойғы тәжірибе арқылы сұрыпталып шығарылған етті, сүтті, суыққа төзімді, күтімді көп қажет етпейтін бұл ерекше тұқым өзінің тиімді екенін әлдеқашан дәлелдеді. Соған қарамастан елімізде шетелдік герефорд, ангус секілді етті бағыттағы ірі қара малды сатып алу сәнге айналды. Бұл бағытта бұрын жүргізілген тәжірибені ешкім еске алғысы келмеді. Бастаманың күмәнді тұстарын мамандар мен белгілі ғалымдардар да кезінде айтарындай айтып, зарлаған болатын. Өкінішке орай, соңғы жылдарда батысшыл боп кеткен билік басындағы білгірлер шетелдік түрлі мал тұқымдарына «жерік» болып, қымбат бағаға жаппай шетелдік сиырлар сатып алу науқанын жүргізгенін білеміз. Алтынмен бағаланған сол мал жерсінбей қырылып, қыруар шығынға баттық. Жүздеген ауру малдарды алып келіп тірідей өртедік. Тіпті ұшаққа санап салған сиырлардың біздің елге жеткенде саны кем боп шыққан кездері де болды. Сонда олар жолда парашютпен секіріп кетті ме? Бір ғажабы, бұл қолдан жасалған қылмысқа әдеттегідей жауапты адам да табылмай қалды, қыруар қаржы желге ұшты соңында. Оған біздегі науқаншылдық, жалған жаңашылдық, мәселені толық зерттемей бос далбақтайтын ұраншылдығымыз себеп болды. Бұл жерде алдымен жаңа жобалар арқылы біреулердің өз бас пайдамды көріп қалсам деген жымысқы ниеті де болды. Өзіңіз ойлаңызшы, шағын шаруашылықтардың иесі арнаулы білімі мен лайықты жағдайы болмаса жаңа мал тұқымын қалай асылдандыра алады. Енді оларға шыққан шығынмен қоса несиеге алған ақшаны өз қалталарынан төлеуге тура келеді. Үкіметтің ештеңесі де кетпейді. Бұрын мал тұқымын асылдандыру арнаулы тәжірибе шаруашылықтары арқылы ғалымдардың жетекшілік етуімен жүргізілген болатын. Ал соңғы науқан бейберекет жүргізілді. Сондықтан да әкелінген қымбат малдардың біразы біздің қатал табиғат жағдайына бейімделе алмай қырылып қалды. Бізде Батысқа алаңсыз еліктейтін жаман әдет бар. Жақсы болсын, жаман болсын Батысқа табыну етек алып кетті. Өз ұлттық тұрмыс-салтымыз, ата-дәстүріміз ескіліктің қалдығындай көрініп, жерініп кеттік. Ең басты қателігіміз де осы. Ғасырлар бойы малмен өмір сүрген ата-бабаларымыз сонда ақымақ болғаны ма? Жоқ, біз өзіміз ақымақ жағдайда қалып отырмыз. Тіпті күлкілі жағдайға қалғанымыз да рас. Батыстықтар бұл малға түрлі дәрумені бар жем-шөп беруден басқа, музыка қойып тыңдатсаңыздар, тез ет жинап, сүтті көп береді деп алдауырсытқаны бізді ақымақ қылғаны емес пе? Ау, қай қазақ атаң сиырдың басына отырып алып домбырамен күй тартқан? Рас, тұлпарын ұшар қанатындай санап, өмірлік серік еткенін білеміз. Апат болған Құлагердің басын құшақтап Ақан серінің аңырағаны бәрімізге аян. Сәйгүліктерге арналған көптеген әндер осы күнге дейін жеткен. Ал сиырға сиыну тек үнділерде ғана болған.
АҚБАСЫМЫЗДЫҢ ӨЗ «ӘНҰРАНЫ» БАР
Дегенмен, өзіміз будандастырып шығарған қазақтың ақбас сиыры кеңінен тарап, қажетімізге асып келеді. Бүгін оның саны 80 мыңға таяп қалған екен, ал бұрын бұдан әлдеқайда көп болғаны белгілі. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында жекешелендіру сияқты желеумен ірі қара малдың тұқымын мүлдем құртып жібере жаздағанымыз да өтірік емес. Әрине, 80 мың бас біз сияқты аграрлық салаға қолайлы ел үшін тым аздық етеді. Ғалымдарымыз ғана емес, бүгінгі төрт түлікті түлетіп отырған малшы қауым да ірі қара малдың осы тұқымын өсіргенді өздеріне өте қолайлы санайды. Өйткені көп күтімді қажет етпейді, кез келген жайылымда жайылады, біздің ауа райына бейімделген. Етінің құнарлығы жағынан шетелдік сиырлардан көш ілгері тұр. Сондықтан, болар біздің елімізде «Қазақтың ақбас сиырлар палатасы» атты қоғамдық ұйым да пайда болды. Бұл ұйым малшылар мен мал мамандарын, осы сала ғалымдарының басын біріктіріп, түрлі мәселелерді шешіп, ұтымды ұсыныстар мен жетістіктерді іске асырып келеді. Жуырда Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың өзі қатысқан Қазақтың ақбас тұқымы палатасының жиыны болып өтті. Бейресми басқосудың асыл тұқымды ақбас сиырға арналып шығарылған әнұранмен басталғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл да болса қазақтың ақбас тұқымын мойындағанымыз, қолдағанымыздың белгісі шығар.
Бұл айтулы жиынға қатысқандар қазақтың ақбас сиырының артықшылығын тағы бір атап өтіп, ет өндіру мәселесіне кеңінен тоқталды. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп, өз өндірісімізге басымшылық беру туралы Елбасының тапсырмасынан кейін бұл мәселе орнынан алға жылжығандай еді. Өйткені, бізде Елбасы тапсырма бермесе биліктегілер өз бетімен ештеңені де қолға алмайтыны белгілі. Соның өзінде алға қойылған міндеттемелер толық орындалмай жатады. «Біз неге АҚШ-тан, Бразилиядан, Аргентинадан ет алып жатырмыз? Олардың бәрі қандай ет екенін білмейміз. Ол шынымен адал сойылған ба, адал сойылмаған ба? Түгел мұзды болып келеді. Сондықтан да өзіміздің адал сойылған малымызды жесек, соны экспортқа шығарсақ» - деген қазақтың атақты балуаны, Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров отырыстағы ортақ ойдың мәйегін ашық айтты. Ал, министр болса біздің өз өніміміз өзімізге жетедіден аспады. Рас, қазір нарықты ресейлік арзан тауарлар жаулап алды. Соған байланысты біздің ет өнімдері ойдағыдай өтпей жатыр. Бұл уақытша құбылыс. Тіпті, Қазақстанда өндірілген ет өнімдерінің экологиялық тазалығын Дүниежүзілік сауда ұйымы мойындап отырғанда бізге ол үшін аса алаңдаудың қажеті жоқ. Бәрі де өз сәтімен орнына келеді. Ең бастысы, мал шаруашылығын ұтымды ұйымдастыра білсек болғаны.
ҒЫЛЫМ ӨНДІРІСКЕ ӨГЕЙ БОЛМАУЫ КЕРЕК
Әділін айтсақ, біз өз ғалымдарымызға өкпе арта алмаймыз. Себебі өздерінің әлеуметтік, материалдық қиын жадайларына қарамастан көптеген құнды жаңалықтарды ашып жатқанын білеміз. Тек соның өндірісте қолдануы көңіл көншітпейді. Ашылған жаңалық қағаз жүзінде қалып қойып жатыр. Өйткені ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланыс бізде нашар дамыған. Ал сол жаңалықты шетелге сатса олар ақшаның астында қалар еді. Бірақ, біздің отансүйгіш ғалымдарымыздың көбі оған бара бермейді, мұндай сауданы Отанын сатқанмен бірдей есептейді. Міне патриотизм деген осы емес пе! Бірақ, оның екінші жағы бар, жаңалық өзіне өмірден қолданыс табу керек, онсыз ол жанбай жатып өшеді.
Жақында еліміздегі аграрлық саладағы үш жоғары оқу орны Ауылшаруашылығы министрлігінің құзырына берілгені белгілі. Бұл да бір жағынан дұрыс шешім болған сияқты. Ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға септігін тигізе ме деген үміт бар. Осыған байланысты Алматыда жаңағы аталған үш оқу орны мен ондаған ғылыми зерттеу институттары басшылары мен ғалымдарының басқосуы болып өтті. Бұл отырысқа осы жаңалыққа мұрындық болған министр Мамытбеков те қатысты. Отырыс алдында журналистерге арналған шағын сұхбатта «Шетелден әкелініп, жерсінбей қырылған мал шығынын кім өтейді? Қазақтың ақбас сиырларының болашағы бар ма?» деген министр үшін «ыңғайсыз» сұрақтар да қойылды. Бұған кәдімгідей шамданып қалған басшы «Ал, қанша мал шығын болыпты?» деп қарсы сұраққа көшті. «Саланы сіз басқарып отырған соң өзіңізден сұрап отырмыз» деген соң, бар-жоғы 700 бас шығын болды, оны шетелдік компаниялар өтейді деді. Бұл жұмсартып айтқанда, ақиқаттың ауылынан әлдеқайда алыс жатқан дерек екені екінің біріне белгілі. Ауру малды жүздеп өртесек, мыңдаған жеке шаруашылықтарда жерсінбей өлгендерінің тізімін кім жасапты дейсіз. Ал шетелдіктердің бұл шығынды өтегені туралы ақпарат әлі жарияланған емес. Дегенмен министрдің қазақтың ақбас сиырларының болашағы зор, оны алдағы уақытта да басты назарда ұстаймыз дегені көңілге айтарлықтай демеу береді. Жаңа бастама жолын тапса, ғылым мен өндірісіміз өрге басады деген сенім бар.
Ит екеш итті де жеті қазынаның біріне санаған дана бабаларымыздың басқан ізіне зар болған бұл заманда, көп нәрсенің байыбына бара алмай жатқанымыз жасырын емес. Әсіресе, ұлттық құндылықтар мен ата-баба салт-дәстүрлері, тұрмыстық тағылымдары тарыдай шашылып, оның бағалы тұстарын пайымдау жағы кемшін қалып жатыр. Бізге жетіспей жатқаны да осы емес пе? Бұл біз әңгіме еткен төрт түліктен тұратын мал шаруашылығына да тікелей қатысты. Осыны есте ұстасақ екен.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті