Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгеге жетті
2019 ж. 12 қараша
1624
0
Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 10 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жайында баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы 10 ай ішіндегі кірістердің өсу қарқыны 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жоғары. Мемлекеттік бюджеттің кірістері - 14 пайызға, республикалық - 17 және жергілікті бюджеттер - 7 пайызға өсті. Шығыстардың атқарылуы да жақсарды: мемлекеттік бюджет шығыстары – 98,7, республикалық бюджет шығыстары – 99,2 және жергілікті бюджеттердің шығыстары – 98,4. Бюджет тапшылығы іс жүзінде есепті кезең жоспарынан едәуір төмен қалыптасты: мемлекеттік бюджет бойынша - 995 млрд теңге, республикалық бюджет бойынша – 1 трлн 127 млрд теңге. Жергілікті бюджеттер бойынша 20 млрд теңге сомасында профицит қалыптасты. Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгені құрады», - деді ол.
Оның дерегінше, республикалық бюджетке түсетін кірістер 5 трлн 285 млрд теңге сомасында немесе есепті кезеңге арналған жоспарға 100 пайыз жиналды. 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда 771 млрд теңгеге өсті. Негізгі өсім: қосылған құн салығы – 443 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы - 194 млрд теңге, халықаралық саудаға және сыртқы операцияларға салынатын салықтар бойынша – 105 млрд теңге.
«Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 74 млрд теңгеге асыра орындалды және 2 трлн 27 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда кірістер 140 млрд теңгеге өсті. Бұл негізінен салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Кірістер жоспары Маңғыстау облысын және Нұр-сұлтан қаласын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді Ә.Смайылов.